Ақындар аламанында Олжас Отар олжа салды

0 272

Нұр-Сұлтан қаласындағы Конгресс-Холл сарайында «Тәуелсіздік – тұмарым» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елорда күніне орай «Nur Otan» партиясының қолдауымен және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен ақындар аламанына еліміздің әр аймағынан келген үздік ақындар қатысты.

Ақындардың өнеріне Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Ғалым Жайлыбай, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, айтыскер ақындар Дәулеткерей Кәпұлы мен Ахметжан Өзбеков төрелік жасады.
Жыр бәйгесінде ақындар бірінен-бірі оза шауып, бастысы, ұлан-ғайыр жері, егеменді елі бар халқымыздың дінін, тілін, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпы мен төл мәдениетін сақтап, ұлтымыздың ұлы бірлігіне дақ түсірмеу баса дәріптелді. Ұлттық мәселелердің де өзегін таба білді.
Қара қылды қақ жарып, жүйріктерді жазбай тани білген қазылар алқасының шешімімен республикалық айтыстың бас жүлдесіне Еркебұлан Қайназар мен Қалижан Білдашев лайық деп танылды. Ал ел жадында сақталардай шырайлы айтыс жасаған жерлесіміз, өткен жылы ғана «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған Олжас Отар бірінші орынды қанжығалады. Жанартаудай атқылаған жалынды жырларымен жұртшылықтың жүрегіне жол таба білген Рауан Қайдар мен Серікзат Дүйсенғазин екінші орынға ие болды. Сондай-ақ Нұрмат Мансұров, Әсем Ережеқызы, Ержеңіс Әбді және тағы бір жерлесіміз Аруна Керімбек үшінші орынды еншіледі.
Жерлестерімізді жарқын жеңісімен құттықтаймыз!

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.