«Ақындық – Алланың берген сыйы»

0 3

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ҚР мәдениет саласының үздігі – Ғайни Әлімбекқызы.

– Ғайни Әлімбекқызы, мерейлі алпыс жасыңыз құтты болсын! Шабытыңыз шалқи берсін! Әңгімеңізді ақындық сізге қалай келгенінен бастасақ…
– Ақындық – Алланың берген сыйы деп қабылдаймын. Әкенің қанымен, ананың сүтімен келген қасиет. Бала күнімнен ертегі-аңыздарды тыңдап, әлем халықтарының ертегілерін оқып өстім. Біздің үйде әдеби кітаптар көп болатын. Солардың барлығын бірнеше рет қайталап оқып тастайтынбыз. Әкем де, шешем де балалық шақтары соғыспен тұспа-тұс келгендіктен еңбекпен ерте есейген жандар. Екеуі таңның атысы, күннің батысы жұмыста болады. Кешке шаршап келсе де, балаларына көңіл бөліп, тәлім-тәрбиесімен шұғылданатын. Мен тұңғыштары болғандықтан, әжемнің бауырында өстім. Айтқанымды екі еткізбей, еркелетіп өсірді. Бір сөзбен айтқанда, өте бұзық болдым. Бірақ мектепте өте жақсы оқыдым. Анам Шығыс Қазақстан облысы, белгілі жазушы Оралхан Бөкеевтің ауылынан. Атамыз әскери қызметкер болған. 1944 жылы тамызда Белорусь майданында ерлікпен қаза тапқан. Анам өте сауатты болатын. Әсіресе қыстың күндері балаларына Абай, Шәкірім, Пушкиннің өлеңдерін жатқа оқып беретін. Содан болар Оралхан ағамыздың «Қар қызы», «Біздің жақта қыс ұзақ», «Шайтанкөпірі» сынды шығармаларын оқушы кезімізден оқып, таныстық. Әжем кезінде халық жауының анасы ретінде жер аударылып, әкем екеуі Ақмолада болғанын айтып отыратын. Әке-шешемнің, әжемнің қөрген қиындықтары, тағдырға мойымағандары менің жүрегіме әсер етіп, ақын жанды еткен шығар.
Парызым көп өтелмеген алдыңда,
Сұрауы бар, қыста жауған қардың да.
Ақын болып дүйім елге танылсам,
Әже, сенің көп үлесің бар мұнда.
– Әдетте ақын жайлы әдебиет сыншылары, не қызметтес жақындары: «Ол, заманынан ерте туды немесе кеш туды» деген пікір білдіріп жатады ғой. Бұл жөнінде сізде «әттегенайлар» жоқ па?
– «Әттегенайлар» болған емес. Заманынан ерте туса да, кеш туса да, өзі өмір сүрген кездің жүгін арқалады кім болса да. Ал адам бойындағы мін қала береді. Ол өзгермейді.
– Сіздің жастық шағыңыз Кеңес дәуірінде өтті. Сөз бостандығы жоқ кезеңде айтам дегендеріңізді айта алмай қалған жоқсыз ба? Мұқағали да өз дәуіріндегі осы бір кемшілікті «Айтарын айтып кеткен абайламай, дариға-ай Махамбет пен Абайлар-ай» деп жырға қосқан ғой.
– Мен қай кезеңде өмір сүріп, қай дәуірде ғұмыр кешсем де айтарымды айтып, жүрегімдегіні жазып келе жатырмын деп ойлаймын. Махамбеттің кезі бөлек. Ол заман басқа. Бірақ қай заманда болмасын, ақ пен қара, адалдық пен арамдық, екіжүзділік пен шынайылық, жағымпаздық, атаққұмарлық, қулық пен сұмдық адам баласымен қатар жүреді. Сөйте тұра адам деген атқа лайықты болу, екінің бірінің қолынан келмесі анық.
– Орыс ақыны Марина Цветаева өзінің шығармашылық кешіне киіп баратын көйлек таба алмай, достары көйлек тауып бергенін оқыған едім. Тамақ таба алмай, перзенттерінің қайғысы жанына батса да ол кісі шығармашылық жағынан мүлде тоқыраған жоқ. Қайта шыңдала түсті. Осы орайда Мұқағалидың өлеңінен мысал алғым келіп тұр: «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» деген тұжырыммен келісе аласыз ба?
– «Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта», деген Мұқағалидың өлеңіне әрине қосыламын. Бұл сұраққа мына өлеңіммен жауап берсем.
Көріп тағдыр құтырғанын,
Қашып едім құтылмадым.
Іздегенде табылатын,
Сиқырлы шам,құтыдамын.
Аспан ұшып қалықтадым,
Мен едім деп танытпадым,
Бір қуанып,бір мұңайып,
Мың құбылған қалыптамын.
Өлеңменен табысқалы,
Маған бір мұң жабысқан-ды.
Саған ғашық жүрегімнің,
Сен деп соғар қағыстары.
– Бәрекелді! Лев Толстой «Жазбауға болмай кеткенде жазу керек» дейді ғой. Сіз қалай жазасыз? Жүрегіңіз жырға толғату үшін қандай себеп-салдар керек?
– Мен өмірде жолым болған жанмын. Жаратқан ием маған керемет, ғажап өмір сыйлады. Айналаға ақын көзбен қарайтын сезімтал жүрек берді. Өзімді, өлеңімді түсінген елім, қолдаған халық бар да өлең туа береді,
Көзімнің жасын құрғатқан,
Анамдай қамқор үн қатқан.
Халықтың дархан жүрегі,
Ақын қып мені жырлатқан!
– Шерхан Мұртаза «Мен өмірімде екі қанатпен самғадым. Ол: жазушылық пен журналистикалық қызмет» дейді. Сіз де жаратылысыңызбен ақын болсаңыз да кәсібіңіз тележурналистика саласында. Өлеңіңізді оқымаған адамдар сізді экран арқылы танып, сіз жүргізген хабарларды тамашалады. Оқырмандарға осы қырыңызды өзіңіз тарқатып баяндасаңыз…
– Мен үшін құстың қос қанатындай болған ақындық пен журналистиканы қатар алып жүру, оңай болған жоқ. Ең алғаш облыс жұртшылығына, көрермендерге тоқсаныншы жылдардың басында Жамбыл облыстық телевидениясының «Ақ тілек» ән-сазды құттықтау бағдарламасы арқылы танылдым. Отыз жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ талай талантты журналистердің қанатын қатайтып, көкке самғатты.
Мен 1993 жылдың ақпан айында облысқа тарайтын «Табиғат аясы» газетінен телеарнаға ауысып, редакторлық қызметке тұрдым. Алғаш хаттар бөлімінде қызмет істеп, «Көрермен көзімен» атты хабардың тізгінін ұстап жүрдім. Кейіннен «Ақ тілек» ән-сазды құттықтау бағдарламасының тұрақты жүргізушісіне айналдым. Ол кездері қазіргідей көрермен қауымның ізгі ниеттерін, суреттерін күні бұрын компьютерге салып, дайын әндерді пайдалануға мүмкіндік жоқ болатын. Хабардың өзіндік қиындықтары да шаш-етектен еді. Атап айтқанда алдымен қолжазба күйінде келген тілектер өңделіп, қайсыбіріне сұраным бойынша өлең жолдары үйлестіріліп берілетін. Ән орындаушылары тікелей эфирге шығарылатын. Сонымен қатар мерейтой немесе туған күн иесінің суреттері студиядағы арнайы қойылған тақтайша бетіне қолмен ауыстырылып отыратын. Олар арнайы нөмірленетін. Көлемі үлкенді-кішілі суреттерді телеоператорлар бейнекамерамен түсіріп, эфир арқылы жұртқа көрсететін. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, іс барысында едәуір қиындықтар туғызып жататыны шындық еді. Телеарнаның ашылғанына көп болмағандықтан шығар, «Ақ тілек» бағдарламасына деген халық сұранысы тым көп болатын. Күніне 100-150-ге дейін хат түсіп, соның бәрін эфирден жіберуге уақыт таппай жанталасқан кездеріміз ұмытыла қояр ма екен. Әлі есімде. Қараша айының қарсаңы болатын. Көкбазардың қақ ортасынан іздесең таппайтын, шақырсаң келмейтін, қазақтың біртуар ақыны Әбдіраштың Жарасқанымен ойда-жоқта ұшырастым. Әрине Жарасқан аға мені танымады. Ал арынды, дарынды адамды, өлеңді сүйетін, өнерді құрметтейтін жандарды білмеу мүмкін бе?!
Сондықтан болар ақын ағаммен амандасып, хал-жағдайын сұрадым да. Республика күніне орай телеарнаға келіп сұхбат беріңіз, бірді-екілі өлеңдеріңізді оқып беріңіз деп өтініш жасадым. Жарасқан аға сөзге келмей бірден келісті. Кесімді мерзімде Жарасқан аға келіп тұр. Аздап буырқанып алған. «Қарындасым, кешір туған-туыстардың өтінішін жерге тастай алмадым. Мынадай кейіпте, сол эфиріңе шықпай-ақ қояйыншы», деп тартыншақтады. Телеарнаға келіп тұрған қолға түсе бермейтін айтулы ақыннан айырылғым келмей:
«Нар тәуекел, Жарасқан аға!» дедім. Сонымен не керек ұзамай студияның төрінен табылдық. Әңгіме ә дегенде әжептеуір басталған. Сұрақ-сауалға Жарасқан аға мейлінше тиянақты жауап беріп отырды. Студияның төбесінен төнген сансыз прожекторлар бірте-бірте оттай шарпи бастады. Қапырық ыстық онсыз да «температурасы» көтеріліп отырған Жарасқан ағаның санасын сапырылыстырып жіберсе керек. Ол кездері желдеткіш деген атымен жоқ болатын. Бір кезде арқасы қозған ақын тосыннан: «Ақ көйлек киген, арманды сүйген ақын қарындасым, біреу саған сөйлесе мұрынын бет қылайын» десін. Тарпаң мінез, тосын жайт. Бұдан әрі сөз сабақтауды тоқтатуға мәжбүрледі. Сонда да болса ақынның өз аузымен 2 өлеңін оқытып алдық. Артынан Мәдина Ералиеваның орындауындағы Жарасқан Әбдіраштың сөзіне жазылған «Кірмеші жиі түсіме» әнін беріп жібердім. Хабар өз мәресіне жетті. Эфир жабылғанымен, ертеңіне қаптаған қалың сөздің «есігі» ашылды.
Ынталы көрермендер кешегі күні «ЖТД»-дан көрген қызық хабардың сырын білмек ниетпен, таң атпай телеарна басшыларына қоңыраулатса керек. Бұл жағдай менің жеке басыма үлкен қобалжу тудырды. Расын айтқанда «әлдеқалай болады» деген үрей кеудемді кеуледі. Ақыры болмаған соң, телерадиокомпанияның сол кездегі төрағасы Елен Әлімжановқа барып, мән-жайды түсіндірдім. Сондағы Ел ағаның: «Ақынның өзгеден айырмашылығы-мінезінде болады. Өзің де ақын емессің бе?»деген сөзі маған күш берді. Жақсы адамның жақсылығы дегеніміз, осы болар сірә! Қазанның қарашаға ұласар шағында, қараша қаздар қайтқанда сонау кейінде қалған жастық шағым, тележурналистік жолым санама сағынышпен жиі оралады…
– Сұранысы мықты ақындар қомақты қаламақыға әннің сөзін тапсырыспен жазады дегенді де естіп жүрміз. Сізге сондай тапсырыстар түскен кезі болды ма?
– Өлеңдеріме жазылған әндер баршылық. Өңірге танымал Дүйсенәлі Бықыбаев, Есжан Әміров, Жандос Омаров, Ербол Спаналиев, Ринат Нұрақбаев сынды сазгерлердің менің сөзіме жазған туындылары эфирде жиі орындалады. Кейбір өлеңдерімді Досымжан Таңатаров, Гүлмира Сарина, Гүлнұр Өмірбаева, Бахытжан Мұхаев секілді жұлдыздар орындап жүр. Десе де менде өлең жазу арқылы ақша тауып, пайда іздеу деген ой болған емес.
– Әңгімеңізге рақмет! Тағы да мерейлі жасыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.