Doda Sport

«Ақынға парыз көп ойлау, артық та етпес доп ойнау»

Written by Aray2005

Бағзы заманнан қазақ халқының ұлттық өнері – айтысқа деген құрметі ерекше болған. Оған тарихи деректер мен құнды жазбалар дәлел бола алады. Ал жыр жебесін жанына серік еткен ақындардың үлкен аламан айтыс алдында сол аймақтың тау-тасын аралап, тыныс-тіршілігімен танысу да ертедегілердің салты саналған. Міне, осынау қазақы дәстүрді дәріптеген ақындар «Жамбыл –
менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыстың алдында Жамбыл жерінде жиналды. Және жыр дүлдүлдері ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Ақынға парыз көп ойлау, артық та етпес доп ойнау» атты кіші футболдан турнирдің түндігін түріп, жолдастық кездесулер өткізді.

Ең алдымен Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларынан келген айтыскерлер «Руханият» орталығында бас қосып, ақпан айының соңында өтетін «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы туралы сөз қозғады. Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Біржан Байтуов секілді белгілі айтыскерлер ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін айтты. Ал Жамбыл атындағы облыстық «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков облыс әкімі Асқар Мырзахметов­тің қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан республикалық айтыстың аудандық іріктеуінде жаңа есімдер шыққанын тілге тиек етті.
Бұдан кейін Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің спорт кешенінде аладоп аламанының шымылдығы түрілді. Ашылу салтанатында ұйымдастырушылар атынан сөз алған облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали доп додасының ерекшелігіне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қазақ поэзиясында айрықша орны бар ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылып отырған бүгінгі жарыстың берері көп. Бұл ең бірінші –
рухани байланыс. Достық пен бірлік мерекесі.
Жамбыл жеріне екі күннен бері елімізге танымал белгілі айтыскерлер мен ақындар жиналуда. Барлықтарыңызға қасиетті Әулиеата өңіріне қош келіпсіздер дейміз. Және қатысушыларға сәттілік тілей отырып, жүзден жүйріктер дара шапсын демекпін, – деді Берік Уәлиұлы.
Ашылу салтанатынан кейін жарыс көркі қыза түсті. Екі топқа төрт-төрттен топтасқан командалар «жан алысып, жан беріскен» айқас көрсетті. Ең алдымен Алматы қаласы мен Қызылорда облысының командасы күш сынасты. Есеп алғашқы минуттарда-ақ қызылордалықтардың орындауындағы пенальтимен ашылғанымен, алматылықтар есепті тез теңестіріп кетті. Онымен қоймай, Рүстем Қайыртайұлы, Асхат Қылышбек бастаған жігіттер қызылордалықтардың қақпасына жауапсыз жеті гол соғып, кездесуді 1:7 есебімен аяқтады. Осылайша алғашқы жекпе-жектің өзі жанкүйерлердің делебесін қоздырып, қиқуға қиқу қосты.
Екінші кезекте алаңға беттеген жамбыл­дық қос құрама «Поэзия ақындары» мен «Руханият» командасының кездесуі «итжығыспен» аяқталды. Бір-бірлерінің қақпасын бір-ақ мәрте дәл көздей алған командалар 1:1 есебімен тең тарқасты.
«А» тобындағы Шымкенттің «Шамшырағы» мен тараздық «Әулиеата» командасының ойыны испандық «Ла-лигадан» кем түспеді. Десе де шымкенттіктердің ширақ қимылы оларға жеңіс әкеліп, қонақтарды сыйлаған «Әулиеата» 3:0 есебімен ұтылып қалды. Алайда «Әулиеаталықтардың» қақпашысы Ербол Қамбатыровтың талай қауіпті соққыға тойтарыс берген ерлігін айта кеткен жөн. Бұл топта Алматы қаласының айтыскерлері «Шамшырақты» 4:0, «Әулиеатаны» 6:4 есебімен ұтып, келесі кезеңге өтті.
Сондай-ақ қызылордалық «Ақмешіт» «Әулиеатаны» 7:0 есебімен тізе бүктіріп, «Шамшырақты» пенальтиде жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Ал «Б» тобында Нұрлыбек Құрманов, Бағлан Қамбатыров, Әсет Дүйсебаев, Медеу Мырзатай, Ернұр Бейсен бастаған жігіттер жасындай жарқылдап, іріктеуден іркілмей өтті. Алайда жартылай финалда «Руханияттың» жігіттері қызылордалықтарға «соқыр лотерея» қорытындысында жол беріп қойып, ІІІ орынды қанағат тұтты. Ақтық айналымда күш сынасқан «Түркістан» командасы «Ақмешіттен» басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Осылайша тартысты өткен турнирде топ жарған командалар кубок, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, айтыскер ақындар арасында аталмыш аламан былтырдан бері өңір-өңірлерде дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Тараз төрінде ұйымдастырылған дода да өз биігінен түспеді.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР