Мәдениет

Ақынның болғанымен туған күні, Болмайды ешқашан да өлген күні

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Жамбыл аудандық «Жастар ресурстық орталығының», ұйымдастыруымен белгілі ақын Совет Әлімқұловтың 80 жылдығына орай «Ораласың ба, көктемім?» атты облыстық айтыс өтті. Жыр додасына 11 жас айтыскер ақын қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Айтыстың ашылуында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Маханбет Рахымжанов сөз алып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, алдыңғы толқын аға буын айтыскерлер Айтмұханбет Исақов пен Ербол Қамбатыров та жылы лебіздерін білдірді.

Мұнан соң айтыс байзақтық Дархан Әбдіманат пен ТИГУ-дың студенті Медеу Мырзатай арасындағы сөз тартысымен басталып кетті. «Совет деген ақынның айтысына, Кеңес деген ауылдан келіп тұрмын» немесе «Әлімқұлов секілді әз ағалар, Өмірге бір ғасырда бір келеді» деп жырлаған Дарханға қарсылас болған Медеудің «…Ораласың ба, көктемім деп жүргенде, Оралмайтын сапарға кеткенің-ай!…» деп аяулы ақынды еске алғаны талайдың жанарына жас үйірді.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті Шапағат Әбдір мен тараздық Аружан Қуаттың айтысында Шапағат: «Бұл Аса қасиетті мекен екен, Күлінен шығатұғын гүлі көктеп», «Бөгеткөлге бет жуып, Сеңгірбай суын мен ішкем» деген сияқты әдемі сөз тіркестерін түйдек-түйдегімен тастап отырды. Көрер көзге Аружанның жыр сайысына әлі төселе қоймағаны байқалып тұрды.
Жамбыл ауданының ақыны Бақнұр Нұрман мен ТарМПУ-дың студенті Ернұр Бейсен жарасымды айтыс өрнегін көрсетті.

ТарМПУ-дың тағы бір студенті Дидар Апбасов пен шулық Әділет Медетқұл да жырға деген жан жылулығын танытты. Дидардың: «Атама таңғаламын бір ауданда, Жүріп-ақ Алматыны мойындатқан» деуі ақынын сағынған жерлестерін бір серпілтіп тастады.

Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен ТИГУ-дың студенті Айым Көшербай арасындағы сөз сайысы да сәтті шықты. «Шалыс бассаң түйедей шөктіремін» деп Айымның мінез көрсете сөйлеуі Нұрлыбектің жинақы айтысуына жәрдемдесті. Нұрлыбек «Ақындардың болғанымен туған күні, Болмайды ешқашанда өлген күні» деп жырлай келе, «Ай аймалап, күн сүймеген маңдайыңды, Айымжан, айтыскерсің сен пайымды, ректордың құлағына алтын сырға, Ректорың жасасын жағдайыңды» деп жанашырлық танытуы да қыз бен жігіт айтысында керемет үйлесім тапты. Таластық Нұржан Манатбек пен тараздық Дидар Апбасов айтысты түйіндеді. Сахнаға алғаш шыққанына қарамастан, Нұржан орамды ойларымен көпті сүйсінтті.

Қазылар алқасының шешімімен байзақтық Дархан Әбдіманат айтыс жеңімпазы деп танылып, диплом және 50 мың теңге жүлдені иеленді. Екінші орын жамбылдық Нұрлыбек Құрмановқа бұйырса, Шапағат Әбдір үздік үштіктен көрінді. Ал, ТарМПУ студенті Дидар Апбасовқа ақын Совет Әлімқұлов атындағы арнайы жүлде берілді. Бұл жүлдені С.Әлімқұловтың жұбайы Сара апамыз және баласы Бақытжан Әлімқұлов табыс етті. Өзге жас айтыскерлер де ақшалай марапатталды.

Айжан Өзбекова

ПІКІР