Ақынның мерейтойына Жамбыл атындағы мектеп пайдалануға берілді

0 9

Наурыз мерекесі қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арнап салынған Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің ашылу салтанатына қатысты. 100 орындықты мектепке Қостөбе мен Жамбыл ауылының оқушылары білім алмақ. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынған білім ордасына 479 млн теңге жұмсалған. 18 оқу сыныптары, шеберхана, спорт зал, ашық спорт алаңшасы, асхана, бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Мұның алдындағы мектептің әбден тозығы жеткен еді. Жергілікті тұрғындардың көптен күткен тілегі де осы еді.
Салтанатты шарада сөз алған Бердібек Мәшбекұлы:
– Биыл ұлтымыздың бір туар перзенті жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туылғанына 175 жыл толып отыр.
Жамбыл Жабаев ғасырлық ғұмырында арыны басылмаған алып жыршы, өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын. Жыр дүлділінің мерейтойына 100 орындық жаңа мектеп халық игілігіне берілуде. Елімізде білім саласына жыл сайын үлкен қолдау көрсетіліп, ұстаздар қауымының мәртебесін көтеру, білім беру жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аталған бағыттарды жүзеге асыру арқылы елімізде білім саласында жаңа жетістіктерге қол жеткізетіндігіміз сөзсіз.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, оларды жаңа оқулықтармен, соңғы үлгідегі компьютерлермен қамтамасыз ету бағытында облыс аумағында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінде облыс бюджетінің 70 пайыздан астамы білім беру саласына тиесілі.
Мұның барлығы, түптеп келгенде, еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуларына негіз болады. Еліміз егемендік алғалы мемлекетіміздің әлем қауымдастығы алдындағы беделінің биіктеп, әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқын алғанына өздеріңіз де куәсіздер. Ендігі мақсатымыз – жұмыс сапасын жақсарту арқылы жас ұрпақты жоғары деңгейдегі тәрбие және білім қамту. Сонда ғана біз бәсекелестікке төтеп беріп, өркениеттің өріне көтерілетін боламыз.
Бүгінгі ашылғалы отырған білім ордасында болашақ ғалымдар, жазушылар мен қоғам қайраткерлері тәрбиеленсін деймін, – деді.
Мұнан соң Бердібек Мәшбекұлы пән кабинеттерімен танысты. Облыс әкімінің ауданға сапары кезінде аудан әкімі Сәкен Арубаев және тиісті сала басшылары бірге жүрді

Leave A Reply

Your email address will not be published.