"Шабыт"

Ақынын ардақтаған ел азбайды

Written by Aray2005

Қазақстан Республика­сы­ның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асановтың 75 жасқа толуына орай Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Нұрлы дүние» атты әдеби-сазды кеш өтті. Жырсүйер көрерменді рухани сөз өнерімен сусындатқан кеш шымылдығы түрілмес бұрын ақынның жүріп өткен жолы, тауқыметі мен таңғажайыбы толы ғұмыры арқау болған бейнеролик көрермен назарына ұсынылды.

Кеш жүргізушілері Қайырбек Зәйтенұлының өмірі мен шығармашылығына кеңірек тоқталып, қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасымен келген ақын жырларының ерекшеліктері мен өзіндік өзгеше бітім-болмысын әсерлі баяндады. Ал колледждің «Жыр жазамын жүрегіммен» поэзия клубының мүшелері Нұрболат Мырзахан, Ақжібек Сағымбекова, Лаура Қолдасова, Әбдіраман Сәти, Дархан Сембеков, Ұлпан Карижанова ақынның «Рухы биік қала», «Алғысым шексіз», «Жаһандағы жақыным», «Қасиетті мекенім», «Жүрек жылуы», «Ризамын Тараз деген өңірге» өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдемі әсер сыйлады. Сонымен қатар ҚР Мәдениет саласының үздігі Әуезхан Салабеков кеш иесінің ақындық, азаматтық қасиеттері жайлы әңгімеледі. Әуезхан Салабековтің шәкірті Бауыржан Бегалының Қайырбек Асановтың сөзіне жазылған «Ауылым – алтын бесігім» әні көрермен қауымды Сарыарқаның майда салқын самалындай сергітіп, сырлы сезім құшағына бөледі.
Сондай-ақ колледждің ардагер ұстазы Тұрар Түлебеков, қаламгердің шығармашылығы, азаматтың болмыс-келбеті жайлы кеңінен, көсіле толғады. Сондай-ақ білім ордасының студенттері Ерназ Рахымбердиев, Аяжан Төлеген, Әділет Ақжол мен Бақберген Сатыбалды орындаған әндер де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаеваға ерекше алғысын білдірді. Ақын тебірене сөз сөйлеп, көрсеткен құрметке ризашылық білдірді. Тұшымды пікірлер мен мағыналы ойлар айтып, әсіресе кешке қатысып отырған жастар рухани мол азық ала алды. Сонымен қатар өскелең ұрпақ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, өз өлеңдерін оқыды. Жастар да мейлінше көп сұрақ қойып, ақын жанына тереңірек үңілуге тырысты.
Ал кешті қорытындылаған Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаева Қайырбек Асановтың таяуда жарық көрген «Нұрлы дүние» кітабының маңызы, мазмұны жайында пікір білдірді. Жанар Рымбекқызы мөлдір поэзиясымен әдебиетіміздің көкжиегін кеңейткен ақынның жауһар жырлары халқымен бірге мәңгілік жасай беретіндігіне сенім білдірді.
Салиқалы сөз бен салмақты саз жарасым тапқан жиын кеш иесімен естелік суретке түсумен тәмамдалды.

Т.Берікбайұлы

ПІКІР