"Шамшырақ"

Ақынын ардақтаған ел озады

Written by Aray2005

Халықтың сарқылмас қазынасының бірі – тілі, өнері. Сол қазынаны еселеу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Жақында Қаратау қаласындағы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы орта мектепте Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Талас ауданының Құрметті азаматы Үміт Битенованың шығармашылығына арналған «Көркем сөздің жұлдызы» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Кітапхана меңгерушісі Сандуғаш Қасымова мен кітапханашы Айжан Әбікеннің ұйымдастыруымен өткен кешке Талас ауданы әкімінің орынбасары Серік Дадабаев, Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов, Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының директоры Кендия Пірман және ақынның жан жары, айтыскер Ербол Қамбатыров, мектеп ұжымы мен 7-11 сынып оқушылары қатысты.
Сыр мен сезім үйлесім тапқан әдеби кеште алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Серік Дадабаев ақын, әнші-сазгер Үміт Қыранқызының қазақ әдебиетіне қосқан үлесін айта келіп, шығармашылығына тоқталды. «Ауады да тұрады аңсарым», «Көңіл күнделігі» деген тамаша жыр жинағымен оқырмандарының жүрегінен орын алған Үміт ақынның қазақ руханиятының дамуына балғын шақтан қосқан сүбелі үлесін сөз етті.
Өмірін өлеңмен өрнектеген ақынның әріптестері де ғибратты ғұмыр белестері туралы жылы лебіздерін айтып, кештің мән-маңызын арттыра түсті. Ал Үміт Қыранқызының шығармашылығынан рухани қуат алып жүрген мектеп оқушылары Назым Әліпхан, Аружан Іңкәрбек, Аяулым Аманкелді, Меруерт Тұрдияр, Динара Пірәлі, Фариза Әбдіназарова ақынның «Жырларым», «Әке, сені жоқтаймын», «Анаммен сырласу», «Димаш ата рухына», «Қыз сыры», «Күзгі бақ» атты жауһар жырларын мәнерлеп жатқа оқыды.
Шара барысында кеш иесі мен оқырмандардың арасында әдемі сыр-сұхбат өрбіді. Сонымен қатар кеште әнші-сазгер Үміт Қыранқызының «Ардақты анам» әнін Айжан Әбікен орындаса, «Қыздар-ай, қыздар» әнін 5-сынып оқушысы Ерсұлтан Асылхан нақышына келтіре шырқады. Қатысушылардың сұранысымен «Ақ қанат көбелек аппақ қар» әнін Үміт Қыранқызы өзі орындап, өлеңдерін де оқып берді.
Әдеби-сазды кешті мектеп директоры Г.Тоқбергенова ақжарма тілегімен қорытындылады. Кешке қатысушылар өлең тыңдап, ән естіп, ақынмен сырласып, әдемі әсер алып тарқасты.

Сәуле Түменбаева,
Д.А.Қонаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Талас ауданы

ПІКІР