Айна

Ақынын ардақтаған ел озады

Written by Aray2005

Таразда халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбековтың шығармашылық кеші өтті

Қазақ қашанда ақынын аялап, азаматын ардақтаған ел. Ақын мен жазушы жұмыр жердің бетіндегі жүгі ауыр мұң-нала, қуаныш пен шаттықты жырлап, елдің жоғын жоқтап, барына байыппен қарайтын жан. Сондай дүлдүл дарынның бірі – көрнекті ақын, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шешен Республикасының ең жоғары мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ресейлік Сергей Есенин атындағы алтын медальдің, «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының иегері Рафаэль Ниязбек. Ол Серік Томанов ақын айтқандай «Жыңғылдары ән салып, сымдары сыңғырлаған» топырағы текті Талас өлкесіндегі Тамабек ауылында дүниеге келген. Жалпы, бұл ауылдан талай-талай тарлан таланттардың түлеп ұшқаны жалпақ жұртқа мәлім. Солардың бірегейі Рафаэль ақын биыл 75 жасқа толды.

Жамбыл облысы әкімдігінің мұрындық болуымен атпал азаматтың мерейтойы туған жері– Әулиеата төрінде тойланды. «Жүрегімде ғасырлардың салмағы!» атты шығармашылық кеш облыстық қазақ драма театрында өтті. Ақынның шығармаларынан жасалған театрландырылған көрініс (инсценировка) әсерлі болды. Автордың айтар ойы актерлердің шебер жеткізуімен көркем шығып, жиналған жұртты таңдай қақтырмай қоймады. Қойылымда ақындық әлемге енді аяқ басқан жастың мақсат-мұраты, қажыр мен қайраты менмұндалап көрініп тұрды. Ақынның жас кезін театрдың белгілі актерлерінің бірі Бексұлтан Әлекешов сомдады. Арманшыл бала сұрапыл соғыста майдан даласында қаза тапқан әкесін көрмесе де сәби жүрегімен сезінеді. Сезіне отырып, ақ жүрегіне шемен болып қатқан ішкі қыжылы мен тағдырдың сан құйлы соқпағын ақ параққа жыр етіп жазып үн қатады. Сол жолда ол махаббатын да жолықтырады. Құлазыған көңіліне медет тапқанда жас жігіт анасының ақ батасын алып, өмірлік серігімен қол ұстасқан күйде мәңгілік махаббат жырын жырлап, бақыттың ауылына бірге жол тартып кете барады.
Айтулы кештің шымылдығы есімі елге белгілі айтыскер Шорабек Айдаровтың ақынға арнау жырымен түрілді. Онда қаламгердің өршіл ақын Махамбет Өтемісұлына, ұлтының ұйытқысы болған Дінмұхамед Қонаевқа, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен тұғырлы елдің тұтқасын берік ұстаған көрегендігіне жеке кітап арнағаны айтылды. Мұнан соң ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып Рафаэль Ниязбек шығармашылығы жөнінде әдеби баяндама жасады. Баяндамашы бас кейіпкердің тек ақын ғана емес, проза әлемінде де ойып тұрып аларлық орны барын ерекше атай отырып «Отағасы», «Қаңтар», «Қызыл үй», «Тасқұдай» сынды құнды да қуатты прозалық кітаптарын айрықша атап өтті. Сондай-ақ қаламгердің «Махамбет майданы», «Келер күндер», «Айбозым менің» және Шешенстан халқының ерлік рухы жайлы жазған поэзиялық шығармаларын да отты жырлар деп баға берді. Бұдан кейін шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің атынан келген бишілер тобы өздерінің ұлттық дәстүріндегі биімен қаламгерді салтанатты түрде көрермен залынан сахнаға алып шықты.
Тебіреніске толы сәтте алғашқы құттықтау сөз облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке берілді. Бекболат Серікбекұлы ақынның рухани шындықты жырлаған жампоз екендігін ерекше атап өтіп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтау хатын жеткізіп, өңір басшысының атынан мерейтой иесіне темір тұлпардың кілтін табыс етті. Бұдан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып мінберге қайта көтерілді. Ол өз сөзінде Махамбеттей майдангер ақынға 200 өлең арнау тарихта болмағанын, әрі оның маңызын арттырып тұрған саны ғана емес, тұтас тарихтан сыр шерткен мазмұны екендігін айта отырып,
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың, еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хаттарын табыс етті.
Өз кезегінде, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ғалым Жаңғара Дәдебаев, республикалық «Аталар сөзі» газетінің бас редакторы Ерназар Пернеев, халықаралық «Қонаев қорының» Алматы қаласындағы өкілі Нұрлан Балғынбаев, облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамзан Магомадов ақынның еліне еткен еңбегі мен өміршең шығармалары жөнінде әңгімелеп, жылы лебіздерін білдірді.
Мерейтой иесіне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың да құттықтау хаты мен сый-сияпаты табыс етілді. Шара барысында ақын Шырын Мамасерікова жырдан шашу шашса, жас ақын Елдар Боранбек кеш иесіне жалынды жырларын арнады. Одан әрі қарай кештің көрігін өңірге белгілі әнші-бишілер қыздырды. Облыстық филармония әншілері, мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев әуелете ән салса, «Ақкербез» би тобы мың бұралған биімен баурады.
Шырайлы шараның соңында ақынға арнайы аймақ басшысының ықылас гүлі тарту етілді. Бұдан кейін кеш иесі сөз алып, облыс әкімі Асқар Исабекұлына, барша зиялы қауымға, қуанышпен бөлісуге келген қара орман халқына шексіз алғысын айтып, ризашылығын жеткізді. Сөз соңында ақын:
«Ел мықты – мықты болса Ел ағасы,
Үй мықты – мықты болса бел ағашы.
Бұзылмасын ешқашан,
Татулықтың шекарасы.
Аспай, таспай, жаман жерді баспай, өсіп-өніп, өркендей берейік, халайық», деп жұртына ағынан жарылып батасын берді.

Елдар БОРАНБЕК

ПІКІР