Рухани жаңғыру

Ақыртас – Қарахан дәуірінің ескерткіші

Ортағасырлық Тараз қаласының шығысында 40 шақырымдай қашықтықта, Талас өзенінің арғы бетінде орналасқан, іргесі мен қабырғасы тастан қаланған Ақыртас қамалы ежелден саяхатшылар мен зерттеушілер назарын өзіне аударып келеді. Оның басты себебі – бұл құрылыс адамзат тарихындағы тастан қаланған байырғы ескерткіштер арасында өзіндік ерекшеліктерімен көзге түседі.
Ақыртасты кім салғаны туралы әңгіме қозғалғанда оны бәрінен бұрын араб қолбасшысы Әбу Муслимнің VІІІ ғасырдың ортасындағы Түргештерге исламды күштеп енгізуді көздеген жаулау жорықтарымен байланыстыратын шығыстанушылар мен дін танушылар бар.

Ақиқатқа жүгінсек, деректерден көріп отырмыз, араб қолбасшысы Әбу Муслим Тараз түбінде қытайлықтар мен арабтар арасында 751 жылы болған Атлах шайқасына өзі қатыспаған, яғни Тараз өлкесіне ол ешқашан аяқ баспаған. Араб әл-Макдиси айтқандай, шектен тыс кісі өлтіруге құнығып кеткен ол Самарқандта да көп тұрақтамай, араб халифы әл-Мансурдың шұғыл шақыруымен 752 жылдың басында, әуелі Мервке, онан соң, яғни Атлах шайқасынан кейін бір жылға да жетпес уақыттан соң Мысырға қайтып, өлім жазасына кесілген. Араб халифы оның өлі денесін жерлемей, Тигр өзеніне ағызып жіберді. Яғни, Ақыртасты қайдағы бір негізгі тірлігі адамдарды жазықсыз қырғынға ұшырату болған араб қолбасшысы Абу Муслим салмақ болған деген пікір қисынсыз әрі тарихи шындықтан мүлде аулақ жатыр.
Ақыртасты қарлұқтар салды деп ойлайтындар да бар. Кезінде Алтынтаудың (Алтайдың) оңтүстік аймағында тоғыз оғызға құл болған үш тайпадан тұратын көшпелі қарлұқтар батысқа жылжып, 766 жылы Жетісу аймағын түгелдей басып алып, Баласағұнды бағындырып, Шу аңғарын жағалап, батыс Тәңіртауына, яғни Талас Алатауына дейін барды. Х ғасырдағы авторы белгісіз «Худуд әл-Алем» атты деректе олардың Баласағұнды, Таразды, Испиджабты, Суябты басып алғаны айтылады. Х ғасырдың ортасында өмір сүрген Кудама ибн Джафар қарлұқтар мекені Ақыртастың солтүстігіндегі Мойынқұм аймағынан басталатынын нақты көрсеткен. Ал әл-Идириси болса:
«…Тү­рік-қарлұқтар Тараздан әрі солтүстікті мекен­дейді», – деп тайға таңба басқандай анық­тап жазып кеткен болатын. Осы айтылғандарды Х ғасырдағы (977 жыл) араб саяхатшысы Ибн Хаукалдың орыс тіліне аударылған мына сөздері нақтылай түседі: «Тараз – место торговли мусульман с тюрками, на пути к ним (тюркам), вокруг него крепости, относящиеся к нему (Таразу), дальше его не идет ни один мусульманин, потому что тот, кто выходит за его пределы, попадает в шатры (т.е. кочевья) карлуков» Бұл деректен байқайтынымыз, Х ғасырдың екінші жартысындағы Тараздың айналасындағы қамалдар осы маңға жақын аймақтарда көшіп жүрген қарлұқтардан Таразда тұратын қарахандық мұсылмандарды қорғау үшін салынған.

Тараз қашаннан бері мұсылмандар мекеніне айналды? Деректерге жүгінсек, Тараздың жаппай мұсылмандануының айқын көрінісі – оны Қарахан әулеті билеген дәуір. Яғни Ақыртас кешеніндегі мешіттің орны бізді осы тарихи кезеңге жетелейді. Қарлұқтармен және өзінің таққа таласқан бауырларымен күресте Қарахандар әулетінің негізін қалаған Сатұқ Боғра хан (915-955 жж.) саманидтердің қолдауымен жеңіске жетіп, Тараз бен Қашғарды бағындырып, 942 жылы Баласағұнда өзін хан жариялады. Енді солтүстікте Іле бойындағы Қойлық қаласын астанаға айналдырған көшпелі, тәңіршіл қарлұқтардан Тараз және Баласағұн аймақтарын қорғау аса маңызды мәселеге айналды.

Осы, біз әңгімелеп отырған Ақыртас өмірге келген Қарахандар билігі дәуірінің алғашқы кезеңінде көшпелі қарлұқтардың басым көпшілігі шамандықты, тәңіршілдікті ұстанып, мұсылмандықты мойындамай, жергілікті қарахандық мұсылман ру-тайпаларына қарсы жанталаса, аяусыз күресумен болды. Егер кейініректе, ХІІ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген әл-Идирисиге жүгінер болсақ, одан айтылғандарға қосымша мынадай мәліметтер аламыз: «Город Тараз – место торговли между мусульманами и тюрками. Здесь помещены цитадели, относящиеся к мусульманам, и к тюркам. За Таразом на севере обитают тюрки-карлуки. Между ними часто происходят стычки и сражения, а когда наступает перемирие, они осуществляют между собой торговлю, обмениваются [разными] товарами, скотом, пушниной и др». Бұл айтылғандарды аталмыш аймақ туралы жазбалар қалдырған арабтар әл-Марвази мен Абу-л-Фиданың деректері толықтыра түседі.

Тараздан солтүстікке қарай мекендеген қарлұқтардың мұсылмандықты емес, шамандықты ұстанғандарын ХІІ ғасырдың соңында және ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген сириялық Йакут әл-Хамави жазып қалдырған. Шығыс деректерінен байқайтынымыз, қарлұқтар Таразға оқтын-оқтын тонаушылық жорықтар жасағанымен, онда тұрақтамаған және қалаға ешқашанда билік жасай алмаған. Тараз өңіріндегі Қарахан билеуші әулеті 955 жылы ислам дінін қабылдады, арада бес жыл өткен соң осы өңір халқының негізгі бөлігі (200 000 киіз үй) жаппай мұсылман болды. Мұның өзі осы дінді шын мәнінде мемлекеттік ресми дінге айналдырды.

Ал енді шығыстағы қарлұқтар иелігі Құлан қаласына дейін келді. Сондықтан да, Ақыртас Құлан мен оған көрші Қасрибастың батысында шекаралық қамал ретінде бой көтеруі тиіс болды. Бірақ бұл қамал әйгілі археолог К.Байпақов тұспалдап айтқандай, қарлұқ қағанының емес, керісінше, көшпелі шаман қарлұқтарға қарсы мұсылмандықты ұстанған қарахандық билеушінің бекініс-резиденциясы ретінде бой көтерді. Мұны онда, жоғарыда айтқанымыздай, мешіттің болуы да және қарахан дәуірінде қолданылған су құбырының салынуы да дәлелдейді. Айта кеткен жөн, Ақыртастың әскери қамал болып табылатынын ең алғаш Қазақстан архитекторларының «атасы» Т.Бәсенов айтып кеткен еді. Яғни Ақыртас қамалы Жібек жолын жағалап, ол кезде арнасы кең, ағысы қатты Талас өзенінен Тараз қаласына өтетін атақты тас көпірге жететін қарлұқтардың жолын тосатын берік тасқорған тосқауыл еді.

Ал енді Ақыртас құрылысшылары кімдер еді деген сауалға жауап ізделік. Ақыртаста рулық таңба бар. Ол бір емес, бірнеше тас блоктарда кездеседі. Ақыртастағы тасқа басылған осы таңба нені аңғартады? Бұл рулық таңбаны кезінде өзіміз зерттеген, қазақты құраған 200-ге тарта рулардың рулық таңбалары арасынан іздестірер болсақ, Ақыртастағы таңбаның бәрінен бұрын кейініректегі, Түргеш (сарыүйсін) заманынан бастап белгілі бола бастаған дулулардың ежелгі үйсіндерден бастау алатын алғашқы таңбасына, яғни төртбұрышты абақ таңбасына ұқсастығы назар аудартады. Бұрын дулу атанған дулаттардың алғашқы абақ таңбасы кезінде рулар таңбасын жинастырған Ақселеу Сейдімбектің еңбегінде де нақты көрсетілген еді. Ал кейінгі дулаттардың кең таралған рулық таңбасының да осыған ұқсас, күн түрінде болып келетіні елдің бәріне белгілі.

Тағы бір айтарымыз, Ақыртасты арғы дәуірге ежелгі үйсіндер немесе кейініректегі түргештер заманына апару да орынсыз. Түргеш қағанаты тұсында Тараз астаналық қалаға айнала қоймағандықтан (ол мұндай дәрежеге қарахандар тұсында ғана ие болды), оның шығысына, яғни қазіргі Ақыртастың орнында, зерттеуші Н.Аристов айтқандай, Түргеш қағанының тас сарай-қамал тұрғызуы да ақылға сыймас іс.
Ақыртастың құрылысы неге аяқсыз қалды және Әулие Қараханның бұған қатысы бар ма? Осы заманда Қарахан әулетінің өзара билікке таласының тоқтамауы да Ақыртастың тағдырына кері әсерін тигізді. Шығыс Қарахан мемлекетін бұрын біртұтас Қарахан мемлекетінің соңғы билеушісі болған Жүсіп Қадырханның ұлы Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан хан басқарды (1032-1056 жж.). Ибн ал-Асир оны Абу Шуджа Арслан хан деп те атайды. Осы Абу Шуджа Арслан хан шын мәнінде мемлекет астанасы Баласағұнның және қарахандарға қарайтын түрік елінің билеушісі және соңғы, бесінші Ұлы ханы болды. Қашғар, Хотан және Баласағұн тәрізді мемлекеттің ірі қалаларында оған бағышталып хұтбалар оқылатын. Оны қосымша мұсылмандық есіммен Шараф ад-Даул деп те атайтын. Өзі де өте діндар, әулие адам болғандықтан, оның тұсында Тараз аймағында ислам салтанат құрды. «…Ешқашан аузына шарап алмаған және Құдайға қатты сенген ол, ғалымдарды және діндар адамдарды құрметтеді. Оған олар жан-жақтан ағылып келетін еді, ол да келушілерді көтермелеумен болды, әрі оларға жақсы қарады». Ол өзінің инабаттылығымен өзінің бауырларын да, сондай-ақ туыстарын да разы етті. Оларға өзара мемлекеттегі қалаларды бөліп берді, мысалы, «өзінің бауыры Арслан-тегінге түріктердің көптеген қалаларын берді, өзінің бауыры Боғра ханға Таразды және Испиджабты берді,…ал өзі Баласағұнмен және Қашғармен қанағаттанды». Мұндай, шығыс қарахандары билейтін аймақты бөліске салу 1043-44 жылдары орын алды.

Бұл айтылғандардан байқайтынымыз, қазір Әулие Қарахан деп жүргеніміз Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан хан (қосымша мұсылмандық есімі – Шараф ад-Даул) деп айтуға құжаттық негіз бар. Тараз қаласында оның басына кейінірек исламға адал ұрпақтары зәулім мазар орнатты. Өйткені оның әулиелігі, діндарлығы және ғалымдарға қамқорлығы жоғарыдағы деректе нақты айтылған. Әрі рухани жағынан онымен таласа алатын басқа қарахандық билеушіні тарихтан көріп отырған жоқпыз. Сондықтан Тараз қаласындағы Қарахан әулиенің мазарына осы есімді жазып қойсақ қателесе қоймаспыз деген ойдамыз. Ол он алты жыл хан болды. Алайда, кейініректе Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан хан мен оның бауыры Боғра ханның аралары шиеленісіп, алғашқысы Тараз аймағына жорық жасады. Біздің ойымызша бұған басты себеп Сүлеймен Жүсіп Боғра ханның ешкімге, тіптен бауырына да бағынбауды көздеп, дербес саясат жүргізуге ұмтылуы болса керек. Әрине, бұл мемлекетті бөлшектеуге апаратын қауіпті бағыт еді. Екі бауырдың қантөгіс шайқасында Арыслан хан жеңіліп, Таразды билеуші бауырына тұтқын болды. Енді бүкіл патшалықты өзінің қолына алған Боғра хан Тараз бен Испиджабты ғана емес, Баласағұн мен Қашғарды да билей бастады. Бірақ оның билігі ұзаққа созылмады (1056-1058 жылдар). Оның орнына билікке келген Жүсіп Қадырханның басқа бір ұлы Тоғрұл шамамен 16 жылдай билікте болды.

Осылайша, Ақыртасты салу осындай қайшылықты да күрделі заманда қолға алынды. Оны, жоғарыда атап кеткеніміздей, Тараздың мұсылмандар аймағына тоқтаусыз жорықтар ұйымдастырған, шамандықты ұстанған дінсіз түріктерге – көшпелі қарлұқтарға қарсы берік қамал-бекініс ретінде тұрғызуды исламдық ұстанымға берілген Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан хан (Әулие Қарахан) билікке келген соң, жеделдете, шамамен 1031-1032 жылдардан бастап қолға алған деп шамалаймыз. Оның жергілікті халықтан құралған тас қашаушы құрылысшылары, су құбырларын тартушылары бұрын, VІІІ ғасырға дейін Түргеш атанып келген сарыүйсіндерден, кезінде дулу атанған дулаттардан және т.б. қараүйсін және қызылүйсін (Ал-үйсін) руларынан, қаңлылардан жиналған тас қашаушы шеберлер болды. Құрылыс архитектурасының кейбір ортаазиялық қамалдарға ұқсас болуына қарағанда оны жоспарлауға тараздық соғды архитекторларының да қатысқандары байқалады. Бірақ бұл ерекше әскери құрылыс арада біраз уақыттан соң, нақтылай түссек, 1043-1044 жылдардан соң, яғни солтүстіктегі шаман қарлұқтар жаппай мұсылман дініне кіріп, олармен рухани жақындық орнаған соң, қорғаныстық маңызын жоғалтып, біртіндеп оның құрылысы тоқтап қалды. Осыған себеп болған тарихи оқиғаны Ибн әл-Асир былай суреттейді (аударманы жасаған К.Б.Старкова): «…В этом году, [в месяце] сафаре (сентябрь – начало октября) 1043 г. приняли ислам 10 тысяч кибиток из неверных тюрок, которые, бывало, делали ночные набеги на мусульманские города в краях Баласагуна и Кашгара, грабили их и учиняли беспорядки. И принесли в жертву в день праздника Жертвы 20 тысяч голов овец, и Аллах [таким образом] избавил мусульман от их вражды. Они проводили лето в краях Булгара, а зимовали в краях Баласагуна, но когда приняли ислам, то рассеялись по стране; в каждом крае по тысяче кибиток, меньше или больше [в зависимости] от их безопасности, ведь они обьединялись только для того, чтобы защищать друг друга от мусульман».

Иә, осылайша Тараз іргесіндегі Мойынқұмды жайлап жатқан тәңіршіл қарлұқтардың басшылары мұсылманданған соң олардың Таразға бағытталған тынымсыз жортуылдары толастап, қарлұқтар рухани тұрғыдан іштей ыдырап, және осыған сәйкес қарахандық билеушілер құрылысына жергілікті халықты жаппай жұмылдырған Ақыртас қамалы мемлекеттік мүдде тұрғысынан қажетсіз болып қалды. Осылайша кезінде қарахандық билеушілер астаналарының бірі мұсылманданған Таразды көшпелі тәңіршіл түріктер – қарлұқтардан қорғау үшін салынған Ақыртас та және оның төңірегіндегі Талас өзені жағалауындағы басқа қамалдар да өздерінің жау шапқанда елді паналататын қорғаныстық маңыздарын жойып, біртіндеп елсіз қоныстарға айнала бастады.

Әрине, Ақыртас құрылысының аяқталмай қалуының басқа да себептері бар. Ол – жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қарахандық билеушілердің билікке таласқан 1043-1056 жылдар арасындағы өзара қырқысулары. Бұл қарлұқтар мұсылманданып, олармен жауласу тоқтаған кезеңге сәйкес келеді. Осылайша енді, Ақыртастың шашылып қалған орнына оның үстімен жүріп өткен жолаушылар таңдай қағып таңданатын жаңа заман туды.

Батысқа Шыңғыс ханды емдеуге бара жатқан даоистер көсемі Чанчун иесіз қалған Ақыртастың екі ғасырдай уақыттан кейінгі осындай кейпін төмендегіше сипаттады: «…Қазанның 8-жұлдызында біз тауды бөктерлеп батысқа қарай сапарымызды жалғастыра бердік. Сапардың 7-8-күндері шамасында тау оңтүстік жаққа таман мүйістеліп кетті. Осы маңда біз бір тас қаланың үстінен түстік. Қала түгелімен қызыл тастан соғылыпты. Бұл қалада бір кездері қалың қол тұрғаны байқалады. Қаланың батыс жағында самаладай тізілген қалың мазар тұр. Сол жерде біз тас көпірден өтіп, оңтүстік батыс жаққа қарай созылып жатқан тауды бөктерлеп жалғасты жол тарттық».

Бұл деректен байқайтынымыз, Ақыртас құрылысы сол тұста өткел бермес асау Талас өзенінен Таразға өтетін жалғыз жол – тас көпірдің «аузына», Ұлы Жібек жолының бойына (ол кезде бұл жол «Үлкен Тараз жолы» деп аталды) салынуы тиіс еді. Бірақ оның құрылысы жоғарыдағыдай себеппен Шыңғыс ханның жорығынан әлдеқайда бұрын тоқтап қалған еді. Салынып бітпеген қаланың батыс жағында «самаладай мазарлардың болуы» бұл қала құрылысына көп адам қатысқанын және оның құрылысының біраз жылдарға созылғанын, оны салу барысында көптеген адамдардың, яғни құрылысшылардың қаза болып кеткендерін аңғартады. Олардың біразы, әрине көшпелі қарлұқтардың осы қамалды салдыртпауды көздеген шабуылдарының құрбандықтары болса керек.

Сонымен, айтылғандарды қорытар болсақ:
1) Ақыртас ХІ ғасыр ескерткіші, нақтылай түссек, 1031-1055 жылдар аралығында тұрғызылды, ол Тараз мұсылмандарына жаулық әрекеттерін және әскери жорықтарын тоқтатпай қойған, Мойынқұм аймағын мекендеген, көшпелі шаман қарлұқтардан қорғану үшін Қарахан әулетінің соңғы «Ұлы ханы» Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан ханның (Әулие Қараханның) заманында (1031-1055 жылдар) салынған тас қамал болып табылады;
2) Онда біз кездестіріп отырған дулаттардың рулық таңбасына сәйкес келетін тасқа салынған таңбаның кездесуі бұл ұлы құрылысты салуды соғдылар, саманидтер немесе арабтар тәрізді келімсектер емес, қарахандық билеушілердің бастамасымен жергілікті халықтың өзінің қолға алғанын айғақтайды;
3) Алайда, ХІ ғасырдың 40-жылдарының ортасына қарай қарлұқтардың жаппай мұсылмандықты қабылдап, қарахандық билеушілерді рухани тұрғыдан мойындаулары және осыдан соң бұрын мұсылмандыққа қарсы күресте топтасқан олардың енді бұл аймақтан ыдырай көшулері қорғаныс мақсатымен тұрғызылған Ақыртас қамалын әскери тұрғыдан қажетсіз етіп, құрылыс аяқталмай, тоқтап қалған;
4) Құрылыстың салынуына мұрындық болған Әулие Қарахан атанған Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан хан және оның бауыры, Тараз билеушісі Боғра хан ибн Қадырханның биліктен кетіп, о дүниелік болулары да Ақыртастың аяқталмаған құрылысын мүлде иесіз қалдырды.

Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор,
ҰҒА-ның құрметті академигі

«Егемен Қазақстан» газеті,
№58 (29289), 28 наурыз, 2018 жыл

ПІКІР