Sport

Ақжүрек енді директор

Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров жаңа қызметке тағайындалды. Енді ол №5 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры.

1986 жылы Тараз қаласында дүниеге келген жампозымыз 3-сыныпта ең алғаш күрес үйірмесіне жазылып, талантымен таныла бастаған. Кейін келе еркін күрестен ел біріншіліктерінде дара шауып, Қазақстанның 4 дүркін чемпионы атанады. Халықаралық додалардың биігін бірнеше мәрте бағындырған. Сондай-ақ, Азия чемпионатында да атой салғаны тағы бар.
Ал, оның ең үлкен жетістігі – ол, әрине, Лондон Олимпиадасының қола жүлдесі. Осындай даңқты жолы бар спортшымыз былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы да болды. Енді міне, оған спорт мектебінің тізгіні сеніп тапсырылып отыр. Біз Ақжүректің әлі талай толағайларды тәрбиелеп шығаратынына бек сенімдіміз.
Қызмет құтты болсын, жамбылдық жампоз!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР