«Ақжарқын, ақ пейілді, Адам боп өтсем, мақтанам…»

0 156

Бұл саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған белгілі қаламгер, «Ақпарат саласының үздігі», «Еңбек ардагері», «Қазақ журналистикасының қайраткері» Болат Мәуленовтің оныншы сынып оқып жүрген кезінде жазған тырнақалды өлеңінің үзіндісі екен. Жалған ғұмырды жанды жазуымен өрнектеген, бес күндікті мәнді бейнетімен безендірген майталманның өнегелі ізі мәңгілік. Осы ретте көңіл көкжиегіндегі сөнбес сәулеге айналған қаламгер жайлы «Болмысы – бекзат» атты естен кетпес естеліктер жинағы жарық көріп отыр.

Қазақ журналистикасында өшпес ізі, өңір баспасөзінде қорғасындай қолтаңбасы қалған қаламгер жайында айтылар естелік те, жазылар дүние де аз емес. «Өзі жақсы кісіге, бір кісілік орын бар» деп халық даналығы айтқандай, қаламгердің ендігі сөнбес сәулесі, бекзада болмысы, дегдар дидары замандастары мен қаламдастарының, әріптестері мен шәкірттерінің жүрек төрінен мәңгілік мызғымас орнын ойып тұрып алды. Топырағы текті, даласы дастан Талас топырағында дүниеге келген ол алғашқы мақаласын алтыншы сынып оқып «Қазақстан пионері» газетінде жариялап, содан бері саналы ғұмырының соңына дейін «жегені жантақ, арқалағаны алтын» саналатын саланың ыстық суығына табандылықпен төзе білді. Атап айтқанда, мектепті тәмамдаған соң Қазақ мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетіне оқуға түседі. Қолына журналист мамандығын растайтын дипломын алған соң 1976-1992 жылдар аралығындағы қазіргі «Аq jol» (бұрынғы «Еңбек туы») газетінде аға әдеби қызметкер, шолушы, бөлім меңгерушісі тәрізді шығармашылық қызмет сатыларынан өтті. Кейіннен Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының шығармашылық жөніндегі орынбасары, облыстық радионың бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды.

Әр жылдары бірқатар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының облыстағы меншікті тілшісі болып еңбек етті. Өңірдің әлеуметтік экономикалық өмірін республикалық «Дала дидары», «Ауыл», «Айқын», «Қазақстан-Заман» газеттерінің және «Қазақ радиосы», «Қазақ телеграф Агенттігі» ақпарат құралдарының өңірдегі меншікті тілшісі ретінде көрсете білді. Журналистік қызметтен қол үзбестен мойынқұмдық атақты қырықтықшы Шотай Тайбағаров тәжірибесі жайында «Қой қырқу шеберлігі» кітабы мен «Еңбекпен ер атанғандар» очерктер жинағын жарыққа шығарды. Сонымен қатар облыстық теледидар мен радионың алтын қорына қосылған сан түрлі салмақты телерадио хабарлар сериясын жасады. Шығармашылық шеберханасында салмақты ойлай білетін, көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек шәкірттер тәрбиеледі.

Болат Мәуленовтің очерктер, сұхбаттар, толғаулар топтастырылған «Мұз бен гүл» кітабының да өнегесі өз алдына бір төбе. Қанаты талса да қонбайтын қырандай бейнетінің зейнетіне жетіп, қаламгерлік қызметін жалғастыра берді. Өңірдегі белді оқу ордасының бірегейі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Университет тынысы» газетінде бас редакторлық қызмет етті.

«Жаһанданудың жолындағыны жайпап кетер жойқын күші бар, ал біздің оған қарсы тұрар қауқарымыз жоқ сияқты көрінеді. Бұл бір қарағанда ғана. Шын мәнінде, ғасырлар сынынан өткен, дала даналары қалдырған рухани қымбат қазыналары, дәстүр-салты, жол-жоралары бар халықпыз. Ендеше, Батысқа да, басқаға да ессіз еліктеу, ойсыз бет бұра беру орынсыз. Өткеннен үйреніп жатқанымыз мардымсыз. Бір өзі бір дәуірдің келбетін айқындап бере алатын ірі тұлғалар қаншама. Кейбірі тарих тозаңын сілкіп тастап, ортамызға оралып та жатыр. Ендеше, өзімізде барды бағалап, өлкемізде өркен жайған ұлылық пен ірілік, даралық пен даналық дәніне көбірек үңілсек орынды болмас па?!» дейді қаламгер өзінің бір естелігінде. Әлбетте, әбден дұрыс айтылған тұңғиық тұжырым. Тіпті қаламгердің осынау еңбектері мен өмір жолына қарап та кейінгі ұрпақ оның ғұмыр кешкен сәтінің келбетін аңғара алады деп айтсақ асып айтқандық болмас. Осынау ғажайып толғанысқа, риясыз тебіреніске толы естеліктер жинағын асқар тауының асқақ тәрбиесін көріп өскен ұлы Думан Мәуленов құрастырып, жарыққа шығарып отыр. Мұның өзі перзенттік парасат шыңының тағылымды жалғасын, әке тұғырының асқақтамаса, аласармасын айғақтап тұрғандай.

«Бұл бір жағы ұрпақ борышы, әкеге тағзым деп білерсіздер. Екіншіден, әкем барлық өмір өткелдерінде жанымнан табылса да, көп қырларын, кейбір сырларын білмейді екенмін. Сондықтан достарының, замандастарының, әріптестерінің, туыстарының естеліктері арқылы әкемнің толыққанды портретін жасағым келді… Қарапайым өмір сүру оның өмірлік кредосына айналғандай. Әр сөзінен, әр іс-әрекетінен, тіпті киім киісінен осы қарапайымдылықтың желі есіп тұратын. Ол маған да солай өмір сүруді үйретті», дейді ұлы Думан Мәуленов.

Алматыдағы «Балауса» баспасынан жарық көрген кітапқа ұлы мен асыл жары, ҚР білім беру ісінің үздігі Шолпан Мамашбайқызынан бөлек, студенттік достары, есімі елге белгілі замандастары, айтулы әріптестері мен шәкірттерінің, туыс-бауырларының жүрек жібітер естеліктері мен қаламгердің әр жылдары берген сұхбаттары, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақтың рецензиясы топтастырылған.

«Оңаша қалып ойланғанды ұнатамын. Өз ойың мен қиялыңа ерік беріп, тәтті сезімдер құшағында отыратын сәттерді сыйлаймын. Жеке қалып, кітап оқу – мен үшін жақсы демалыс. «Ойдың Отаны – оңаша», «Оңашаға үйренбеген адам ойлап жарытпайды» дейді ғой Қадыр Мырзалиев. Өте дәл айтылған афоризмдер» депті өз естелігінде қаламгер. Осылайша өзі де замандастары мен қаламдастарының оңашадағы ойына айналып кете барған қаламгердің азаматтық қырлары, досқа адалдығы, шындықтың серігіне айналған асыл қасиеттерін атына заты сай жаңа жинақтан оқи аласыздар.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.