«Әл-ауқаттық қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты»

0 17

Ағымдағы жылдың 1 наурызында «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толғалы отыр. 1999 жылы іргетасы «Отан» партиясы болып қаланған «Нұр Отан» партиясы осы аралықта еліміздегі ең іргелі саяси күш ретінде қалыптасты. Алғашқыда «Қазақстан Республикасының Президеттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық штабы» болып құрылған саяси ұйым сол жылы «Отан» республикалық саяси партиясы» болып ресми тіркеуден өтті. Ал, 1999 жылдың 1 наурызы күні өткен партияның бірінші құрылтай съезінде «Отан» партиясының төрағасы болып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев сайланды.

2006 жылдың 22 желтоқсанында өткен «Отан» партиясының кезектен тыс Х съезінде «Азаматтық», «Аграрлық» және «Асар» партияларының бірігуі туралы ортақ шешімдеріне орай «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы» деген жаңа саяси атауға ие болды. Ал, 2013 жылы ұйымдастырылған партияның ХV съезінде «Нұр Отан» партиясы» болып атауы қайта өзгерді. Осылайша, «Нұр Отан» партиясы қазақстандық қоғамның ең үздік өкілдерінің басын қосқан еліміздегі іргелі құрылым ретінде халықтық партия биігіне көтерілді. Өзінің 20 жылдық тарихи жолында – мемлекет пен қоғам дамуының ең негізгі қозғаушы саяси күшіне айналды.
«Нұр Отан» партиясы ел ертеңі саналған жастарға айрықша көңіл бөліп, 2008 жылы мемлекеттік жастар саясатына қарқын беру мен ел жастарына қолдау көрсету мақсатында «Жас Отан» Жастар қанатын құрды. Сол кезден бастап бүгінгі күнге дейін ұлт болашағы жастарымыздың – білім мен ғылымға бет бұруына, саламатты өмір салтын ұстану мен жастарды кәсіпкерлік қозғалысқа тарту ісі еліміздің жетекші партиясы назарынан бір сәт те тыс қалған емес. Мәселен, Жастар жылының ашылу рәсімінде Елбасы «Алға қойған міндеттерді іске асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше міндеттер жүктеледі. Қолданыстағы жобаларды жүзеге асыруға партиялық бақылау орната отырып, партия – жастар саясатының драйверіне айналуы тиіс» деп арнайы тапсырма да берді. Ендігі алда тұрған басты мақсат – Жастар жылына орай қабылданған шаралардың табысты орындалуына барша қоғам болып жұмылып үлес қосуымыз керек.
Айта кету керек, соңғы он жыл көлемінде партияның екі Сайлауалды бағдарламасы мен саяси Доктринасы, партиялық жобалар мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді бағдарламасы сияқты аса құнды құжаттар қабылданды. Сонымен қатар партияның барлық буындары «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ», «Кедергісіз келешек», «Сәтті қадам», «Ұлы Дала елі», «Жастар Отанға!» сияқты көптеген партиялық жобаларды сәтті іске асырды. Бір ғана «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қоғам назарын ерекше аудара отырып, оларға аса қажетті барлық қолайлы жағдайларды жасауда өлшеусіз жұмыстар атқарды. Бұл бағыттағы маңызды жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты партия назарында болады.
«Нұр Отан» партиясы елімізде тұрғын үй, өндірісті өркендету, ауылшаруашылығы мен жеке кәсіпкерлікті дамытуда және отандық ғылымның өркен жаюына да ерекше атсалысты. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының осы жылдары республикада салынған 2135 білім және 1378 денсаулық сақтау нысандарының пайдалануға берілуіндегі үлесі айрықша. Ал, осы жылдары партияның бақылауымен облыста 111 мектеп, 25 мемлекеттік балабақша мен 194 денсаулық нысаны іске қосылды.
Осындай мақсатты жұмыстардың нәтижесінде өңірде бүгінде 4 қана апатты жағдайдағы мектеп қалды. Бұл олқылықтың орны 2021 жылға дейін толығымен толады деп күтілуде. Тағы бір айта кетерлігі, партияның бас-көз болуымен мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленушілердің саны артып, ауруханалар мен емханалардағы денсаулық сақтау саласының қызметі сапалық жағынан өсті.
«Нұр Отан» партиясы 20 жылдық белесінде бірнеше мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент Мәжілісі мен Сенатының, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізуде белсенділік танытты. Ал, «Нұр Отан» партиясы осындай маңызы зор саяси науқанға тек қана партия мүшелерін емес, партия жақтастары мен қоғамдық пікір көшбасшыларын, еңбек және партия ардагерлерін, сонымен қатар белсенді жастарды кеңінен тарта білді.
Бүгінде республика бойынша партияның 17 аймақтық және 247 аумақтық филиалдары партия Жарғысы мен бағдарламалық құжаттары талаптарын іске асыру жолында еңбек етуде. Сондай-ақ партия құрылымын нығайту жолында еліміз бойынша 5607 бастауыш партия ұйымы мен 24 мыңға жуық партия топтары белсенді жұмыс жасап келеді. Ал, 1999 жылы елімізде партия мүшелерінің саны небары 164 мың ғана болса, бүгінде «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің республика бойынша сандық үлесі 1 миллионнан асты. Сонымен қатар партия ұйымдарының қызметін оңтайландыру негізінде цифрландыру жүйесі батыл енгізіліп, «Электронды партия» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда облысымыздағы 337 бастауыш партия ұйымында 70 мыңға жуық партия мүшесі есепте тұр. Сондай-ақ өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 205 депутаттың 96 пайызы «Нұр Отан» партиясының мүшелері.
Әрине, бұқараның игілігіне бағытталған байыпты бастамалар алдағы лайықты жалғасын табады. Бүгін Астана қаласында бастау алған «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде «Әл-ауқаттық қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты партияның 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы қабылданбақ. Аталған партиялық құжаттың жобасы – осы жылдың қаңтар-ақпан айларында өткен бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары мен партияның Тараз қалалық және аудандық филиалдары конференцияларында талқыланып, үлкен қолдауға ие болып отыр. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін сапалы арттыру үшін елді жүйелі жаңғырту. Сондықтан да бағдарлама 10 жылдың ішінде әл-ауқаттық қоғамды құруға бағытталған.
«Нұр Отан» партиясы мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетуге ғана емес, барлық қазақстандықтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталатын тиімді және әділ әлеуметтік саясатты іске асыруды қолдайды. Ол үшін біз ата-аналарға қаржылай қолдау көрсету деңгейін арттыру, көпбалалы отбасыларға демеуді күшейту, мүмкіндігі шектеулі адамдарға инклюзивті білім беру мүмкіндігін жақсарту бағыттарында жұмыс істейміз. Сонымен қатар партия зейнеткерлер мен әлеуметтік осал тұлғаларға жердемдесуге басымдық беретін болады. Осы орайда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні облыстағы 7895 мүмкіндігі шектеулі баланың 7659-ы оқумен және тәрбиемен қамтылған. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жандана түсетін болады.
Зейнеткерлерді қолдау мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйі жанынан «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» құрылды. Құрамына тіл, би үйрету, «Өз өзіңе жәрдем бер» қарттар клубы» секцияларында дәріс оқу үшін 11 маман тартылып, орталықтың жұмысын жүргізу үшін ағымдағы жылға арналған жол картасы мен медиа жоспар дайындалып бекітілді. Бұл шаруаны ілгерілету барысында спорт кешендерімен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізетін боламыз. Әлемнің барлық дамыған мемлекеттері халықтың әл-ауқаты экономикалық өсуге байланысты екенін дәлелдеді. Ал экономикалық өсу ең алдыменен білім сапасымен айқындалады. Яғни жастарымызға қолжетімді сапалы білім беруді қамтамасыз ету – партияның негізгі стратегиялық мақсаты ретінде сақталады. Осы мақсатты орындау үшін «білім – оқыту» парадигмасынан «білім – тұлғаның қалыптасуы» парадигмасына көшу көзделіп отыр. Сонымен қатар Қазақстанның әрбір мектебінде IT-сыныптарды ашуға қол жеткізу, техникалық және кәсіби білім беруді дамыту, педагогтарға ақы төлеу деңгейін арттыру және барлық білім мекемелерін қамтамасыз етуде тең мүмкіндіктер жасау сияқты мақсаттар айқындалуда. Бұл бағытта өткен жылы партияның «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар» жобасы қолға алынып, қазіргі уақытта облыс бойынша 14 ІТ-сынып және 1 ІТ-лицей жұмыс жасап тұр.
Партия қазақстандық медицинаның ең жоғары әлемдік стандарттарға сай болуын және қазақстандықтардың денсаулық сақтау саласындағы үздік тәжірибеге тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Балалар мен ересектердің жаппай спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында «Мектеп спорт алаңдары» партиялық жобасы қолға алынып, бүгінгі таңда қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттары тиімді пайдаланылып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулалар, парктер, саябақтар жабдықталатын болады. Сондай-ақ мектептерде тамақтандыруды ұйымдастырудағы кемшіліктер, тамақ ішуге арналған уақыттың жеткіліксіздігі мен мектеп асханаларының ескірген материалдық-техникалық базасы және мектептегі тамақтану стандарттарына мониторинг жүйесін ұйымдастыру мен жетілдіру мақсатында «Мектеп асханалары» партиялық жобасы қолға алынып, білім басқармасы мен бөлімдерінің жанынан облыс бойынша 12 ведомствоаралық сарапшы топ құрылып, жұмыстарын жүргізуде.
Партияның «Әл-ауқаттық қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасының төртінші бағыты бойынша инклюзивті экономикалық саясаты іске асырылатын болады. Алда макроэкономикалық тұрақтылық пен төмен инфляцияны қолдай отырып, бюджет шығындарының теңгерімділігіне қол жеткізу мен сыртқы борышты біртіндеп қысқарту мақсаты тұр. Осы орайда, партия біріншіден бюджет шығындарының теңгерімділігіне қол жеткізе отырып, ақша-несие саясатын инфляцияның төмен деңгейіне жеткізуді көздеп отыр. Екіншіден, елдің экономикалық мамандануының перспективалық бағыттарын дамытпақ. Яғни, шикізатты тереңірек өңдеп, одан қосымша табыс әкелетін өнімді әзірлеуге қол жеткізуді ұсынуда.
Бағдарламаның бесінші бағыты «Қоғамның әл-ауқатының негізі ретінде бизнесті қолдау» шеңберінде партия мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру процесін аяқтауға қол жеткізе отырып, табиғи монополиялар саласында мемлекеттің реттеушілік рөлін өзектендіру арқылы негізделген және ашық тариф құруды, сондай-ақ, бизнесті мемлекеттің қолдау қағидаттарын жақсарту бойынша жұмыс істеуді ұсынып отыр. Онда ауыл шаруашылығына ұзақ жылға арналған инвестициялауға жағдай жасауды және шағын несие беру құралдарын кәсіпкерлікті дамытуға жұмылдыруға басымдық беруде.
Бағдарламаның алтыншы бағыты бойынша партия азаматтардың сапалы баспанамен қамтылуына қолдау жасайды. Яғни, құрылыс сапасына бақылауды күшейтетін болады. Сондай-ақ партия бағдарламада жол құрылысын ұлғайту, қалалық және ауылдық инфрақұрылымды дамыту бойынша мәселелерді де қолға алмақ.
Жетінші бағытта партияның Сайлауалды бағдарламасы «Мемлекетік қызмет көрсету» тиімділігін арттыруға басымдық беріліп, көрсетілетін қызмет түрлерін 2020 жылға қарай 80 пайызға және 2025 жылға дейін барлық көрсетілетін қызмет түрлерін 100 пайызға жеткізу межесі жоспарланған.
Сегізінші бағытта партия ынтымақтастық пен жауапкершілік негізінде Қазақстан азаматтарын жалпыұлттық мәселелерді шешуге қатысуға ынталандыратын болады. Елімізде үйлесімді қоғамдық қатынастар құру үшін барлық этностық топтардың өкілдері арасында қазақ халқының тілін, тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын танымал ету жөніндегі қызметті жандандыру міндеттері тұр.
Жастарды қолдау ел ертеңіне салынған инвестиция екені даусыз. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы бағдарламаның тоғызыншы бағытында әлемдік үрдістерді ескере отырып, жастарды жан-жақты қолдау мен «Жас Отан» Жастар қанатының рөлін арттыру және Қазақстан жастарын Елбасы саясатының айналасына шоғырландыру мақсатына басымдық беріп отыр.
Бұл ретте, бірінші бағытымыз – жастарды әлеуметтік қолдау бойынша әлемнің жетекші елдері деңгейінде білім алуына жағдай жасауды қолға алу.
Шетелге оқуға түсуге жастардың білімі жеткенімен ол жақта жүріп-тұруға, оқу шығындарын өтеуге қалтасы көтермей жатады. Осындай талантты жастарды қолдау үшін партия «Нұр Арман» жобасын іске асырған болатын. Бұл бағдарлама келер он жылдада жалғасын табады.
Бұдан бөлек партия қазіргі таңда, жыл сайын жастар арасында «Нұритег» инновациялық жобасын іске асырып келеді. Сонымен қатар табысты кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің жастармен кездесуін жиі ұйымдастырып, олармен менторлық жұмыстар жүргізілуде.
Облысымызда қазіргі таңда 15 «Білім орталығы» қала және аудан кітапханаларында ашылған. Осы орталықтарда әр түрлі маңызды тақырыпта тиісті басшылар мен сала өкілдерінің қатысуымен, апта сайын кездесу өткізу дәстүрге айналған. Бұл өз кезегінде жастармен тұрақты кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Мысалы бір ғана «Чек талап ет» акциясының өзі облыс бойынша белсенді жүргізілуде.
Сондай-ақ «Бір аптада бір кітап» акциясы аясында елімізге танымал классик және жергілікті жазушылардың туындыларын оқуды жастар арасында үрдіске айналдырып келеміз. Бұл бағдарламада көрсетілген жастарды партиялық жобаларға тарту мен жастардың шығармашылығын дамыту және олардың бос уақытын тиімді пайдалануды көрсетеді.
Ал, бағдарламаның оныншы бағытында партияның ұзақ мерзімді саяси жетекшілігін қамтамасыз ету көзделеді.
Осы жұмыстардың барлығының түпкі мақсаты, ол партияның қоғам өміріндегі белсенді позициясын нығайта түсіп, оны жоспарлы түрде іске асыруға негізделген. Сондықтан «нұротандықтарды» ортақ міндет пен мүддеде жұмыла жұмыс жасауға шақырамын.

Ерқанат Манжуов,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.