"Тарих. Таным. Тағылым."

Әл-Фараби және Абайдың рухани сабақтастығы

Written by Aray2005

Бұл туралы ғалым Ауданбек Көбесовтің пайымдаулары қандай?

Ақпарат құралдарынан өз заманының ұлы ойшылдары Әбу Насыр әл-Фараби мен хакім Абай туралы зерттеу мақалаларын оқып, ой-танымдарымыз кеңеюуде. Бір анығы, мың жылда дүниеге бір келетін ұлылар туады. Олар аспандағы жарық жұлдыздай жан-жағына сәулесін шашып, адамның ақыл-ойын нұрландырады. Олар теңіз түбінде жатқан асыл маржан тастар тәрізді. Кім көрінген сүңгіп ала бермесі анық. Жұлдызға қол созсаң жетермісің! Білгенге Әбу Насыр әл-Фараби мен Ұлы хакім Абай өмірге мың жылда бір келетін саңлақтар. Олардың ілімдерін бұрын да, қазір де саралап, кәдемізге жаратып жүргеніміз жоқ. Өйткені олар тылсым сиқырға толы, ақыл-ой кемелдігіне сыймайтын құбылыстар.

Өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдары ғылымда үлкен серпіліс болды десек қателеспейміз. Жаңа ғылымның көкжиегін кеңейтуге қол созған қазақтың біртуар ұлы Ақжан Машани 1959 жылдан бастап «Екінші ұстаз» атанған шығыстың ұлы ойшылдарының бірі әл-Фарабиді зерттеп, қазақ топырағына әкелді. Он сегіз мың ғаламның тілін білмесе де сырын ұғынған ұлы бабамыздың Қыпшақ даласында дүниеге келіп, Түркі жұртын әлемге танытқан ақыл иесі екендігін дәлелдеп берді.
Ғалымның жаңалығын іліп әкетушілер көп бола қойған жоқ. Кейбіреулер оған тосырқай қарады. Кеңестік идеологияның сиқырына шырмалып қалған ғалымдарымыз ұлы бабамызды тіпті мойындамады. Зерттеймін деп құлшынғандары саусақпен санарлықтай еді. Солардың бірі – Ақжан ақсақалдың шәкірті Ауданбек Көбесов.
Ол 1932 жылы Талас ауданы Ойық ауылында дүниеге келді. Балалық шағы сол аудандағы Аққұм ауылында өтті. Әкесі Көбес қария көпті көрген көшелі кісі еді. Ел басқарды. Атқа мінгеніне мәз болмай, ескі аңыз-әңгімелерді көп айтатын. Ашаршылықты, Ұлы Отан соғысының нәубетін, Кеңестік қайта өрлеу дәуірін бастан кешіріп, көзбен көрген Ауданбек әкесінің тәрбиесімен елгезек, пысық, өткір бала болып өсті. Пайымды еді. Алғыр болатын. Сол қасиеті оны Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында да ұятқа қалдырған жоқ. Қатарларының алды болды. 1952 жылы институтты бітіріп, Қаратау қаласындағы осы күнгі Қонаев атындағы мектепке физика және математика пәнінен ұстаз болып оралды. Кейіннен Үшарал орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметін атқарды. Білуге деген құштарлық, ілімге деген махаббат оны ғылым жолына жетеледі. Қайтадан Алматыға аттанып, аспирантураға түсті. Сөйтіп 1959 жылы өзі білім алған Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына оқытушы болып оралды. Осылайша өзі аңсаған арманына жету үшін ғылым жолын таңдады. Ғұлама Ақжан Машанидің шәкірттерінің біріне айналып, Әбу Насыр әл-Фараби мен хакім Абайдың баға жетпес байлығын зерттеуге кірісті. 1987-1997 жылдары Қазақтың Ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі, профессор қызметтерін атқарып жүрген жылдары ғылым жолында аянбай тер төкті. Алайда оның басты еңбегі әл-Фарабидің және Абайдың мұраларын зерттеумен ерекшеленетін еді. Ұзақ жылдық еңбегі далаға кеткен жоқ. «Әл-Фарабидің педагогикалық мұрасы» деген тақырыпта диссертация қорғады. Кейіннен әл-Фараби мен Абайдың мұраларын қоса зерттеп, олардың рухани сабақтастығын дәлелдеген санаулы ғалымдардың біріне айналды.
Фарабитанушы ғалымның аталмыш еңбегін парақтай отырып, оның талпынысқа толы ізденісін жоғары бағаламау мүмкін емес. Соны ескере отырып, біздің де оқырмандарымызбен ой бөліскіміз келеді.
Автордың «Әл-Фараби және Абайды қатар оқығанда» атты кітабында ол былай толғайды.
«Арысы түркі, берісі қазақ топырағының түлектері саналатын, екі ұстын, екі арыстың – әл-Фараби мен хакім Абайдың рухани, идеялық, ағартушылық қарым-қатынастарын терең зерттеудің көкейкестілігі кейінгі кезде дұрыс айтылып, күн тәртібіне қойыла бастады. Бұл – табиғи, заңды құбылыс. Өйткені араларын мың жылдан уақыт алып жатқан бұл екі данышпанды біріктіретін, іліктестіретін өзекті желілер аз емес. Бұлардың бірі мұсылман мәдениетінің, шығыс мәдениетінің көшбасшысы болса, екіншісіне оны аяқтаушы міндеті тарихи несіп болып еді.
Әл-Фараби мен Абайдың мұрагерлік сабақтастығы туралы ең бірінші зерттеу мақала «Фараби-Дауани-Абай» деген атпен 1973 жылы 6 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді (Авторы – А.Көбесов). Содан кейін бұл тақырып М.Мырзахметов, А.Машанов еңбектерінде жалғасын тапты, алайда фарабитану мен абайтану арасы жүйелі шешімін табудан алшақ, әлі де «ақтаңдақ» күйінде жатқаны мәлім. Бұл бағытта тындырылар шаруалар қыруар және сан салалы.
Абай шығармаларын оған дейінгі Шығыс оқымыстылары рисалаттарымен (трактаттарымен) салыстырып, байыптап қарап, сарапқа салғанда, көптеген ортақ жайттар мен ұқсас ой-пікірлерге тап боламыз. Біз бұл кітабымызда бұлардың ғылыми-педагогикалық, дін-философиялық, музыка, поэтикалық, тарихи-этнографиялық мазмұндағы байланыстылығы, сабақтастығы, тамырластығы төңірегінде сөз қозғауды жөн көрдік.
Абайдың жас шағында Шығыс ақын-шайырларына сыйынып жазған:
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һаммаси,
Мәдәт бер, я шағири фарияд, –
деген өлеңі осының дәлелі. Ал бұл ақындардың қайсысы болмасын заманындағы сан түрлі ғылыми білімдікті жетік меңгерген білімпаздар еді. Мәселен, түркінің ұлы ойшыл ақыны Әлішер Науаи бір сөзінде Аристотельден Фарабиге дейінгі ғылымды қарап, талдап шыққанын ашық айтады. Ал Абай болса, өзінің отыз бірінші қарасөзінде білім игеру туралы айтады, Фарабидің жолын қуған шәкірті Әбу Әли Ибн Сина өзінің бірсыпыра рубаяттарында адамдарды білімді болуға шақырады, білімді кісі ғана өз күшін толық сезе алатынын айта келіп, надандар алдында білгеніңді орынсыз дәріптеп, қасиетті сырыңды беталды, жөнді-жөнсіз аша бермеу жөнінде кеңес етеді. Ол шәкірттеріне: «Құпияңды кез келгенге айта берме, абай бол: естелік бір басқа, сақтық бір басқа. Егер сақтай білсең, сенің сырың – өзіңнің пендең, ал әшкере етіп алсаң, сен – оның пендесісің», деп орынды ескерту жасайды.
Жалпы айтқанда, Абай Фарабидің еңбектерімен тікелей біліс болды ма, жоқ Дауанидің тағы басқа шәкірттерінің шығармалары арқылы жанама жолмен табысып-танысты ма – бұл жағы мәлім емес. Академик Ә.Марғұланның айтуына қарағанда, Абай тәлім алған Семей медресесінде Фараби және басқа Шығыс ғұламалары еңбектерінің арабша-түрікше қолжазбаларының болғаны анық көрінеді.
Фарабитанушы Ақжан Машани ағамыз Шәкәрімнің бел баласы Ақжанмен сұхбаттасқанда, оның Абай, Шәкәрім, Фараби және басқа Шығыс данышпандары еңбектерін жақсы білгендігі туралы мағлұмат айтып еді.
Өткендегі қазақ зиялыларының Фарабимен етене таныс болғандығы туралы Мағжан ақынның 1920 жылы жазылған мынадай өлең шумағы куәлік етеді:
Түріктің кім кемітер музыкасын,
Фараби тоғыз шекті домбырасын.
Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,
Жұбанып кім тыймаған көздің жасын?!
Оның үстіне Қазақстанның ертедегі ғылым тарихын зерттеуші Қ.Нұрсұлтанов Семей кітапханаларынан Фараби жолын қуушы Дауани және энциклопедист Тафтази еңбектерінің табылғанын хабарлады. Фараби еңбектерін Абай оқыған деген пікір ертеректе профессор Ғ.Сағди тарапынан көтерілген болатын. Абай мұраларының бастау көздерін көптен бері зерттеумен шұғылданушы ғалым М.Мырзахметов те Фараби бастаған Шығыс ғұламалары мен Абай еңбектері арасындағы байланыс, сабақтастықтар туралы бірсыпыра қисынды болжамдар мен пайымдаулар айтып жүр. Фараби бастаған ежелгі ғұламалар мен Абай арасындағы ұқсастық, ортақтық тамыр-таныстық жөніндегі пікір-қорытындылардың көпшілігі әзірше ғылыми жорамал (гипотеза), тұспал ретінде айтылды. Басы ашық бір нәрсе – Абайдың білімпаздығы мен өнерпаздығының бастау-бұлақтарын ашып көрсету – абайтанушылар алдында тұрған келелі міндеттердің бірі, оларды жан-жақты зерттей түсу қажет.
Мұндай ізденістердің қазақ рухани мәдениетінің қос діңгегі фарабитанудың да, абайтанудың да көсегелерін көгертуінде ешкімнің күмәні болмауы керек.
– Әл-Фараби мен Абай арасындағы ғылыми-педагогикалық сабақтастықтар, – дейді ғалым ойын қорыта келе, Абай шығармаларын оған дейінгі Шығыс оқымыстылары рисалаттарымен (трактаттарымен) салыстырып, байыптап қарап, сарапқа салғанда, көптеген ортақ жайттар мен ұқсас ой-пікірлерге тап боламыз. Бұған әсіресе, Абай мен әл-Фарабидің ғылыми-философиялық, діни, ағартушылық, өнер тағы басқа салалардағы төркіндес, тектес, жақын келетін, бірін-бірі толықтыратын идеялары, ойлары мысал болады. Олардың педагогикалық, тәлім-тәрбиелік мазмұндағы байланысы, тамырластығы төңірегінде сөз қозғаудың маңызы жоғары.
Әл-Фараби де, Абай да – ең әуелі ұстаз, ағартушылар, олардың бүкіл философиялық ізденістері мен пайымдаулары адамды барынша кемелдендіру, дамыту мақсатына арналған. Әл-Фараби адамдарды шынайы бақытқа жеткізу жолдарын табуды мұрат тұтса, Абай толық, кемел адам (Жауанмәрттілік) тәрбиелеп шығару мақсатын көздеген.
Абай болса өзінің педагогикалық трактатында (отыз сегізінші сөзінде) толық, ізгі адам туралы ойларын былай тұжырымдайды: «Белгілі жауанмәрттілік үш хаслат бірлөн болар деген – сидық (шыншылдық), кәрөм (ізгілік), ғақыл (даналық, ақылдылық). Бұл айтылмыш үш хаслаттың иелерінің алды пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакимдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар».
Әл-Фарабидің педагогика философиясындағы ұстанған негізгі кредосы – адамдар бақыт жолында өзара көмек, достық, бейбітшілік қатынаста өмір сүруі ләзім. «Адамдар туралы айтсақ, – деп жазады ол, – оларды қосатын, байланыстыратын дәнекер, тұтқа адамгершілік болып табылады. Сондықтан адамзат тегіне жататын болғандықтан, олар өзара бейбітшілікті, татулықты сақтаулары қажет».
Абай да осы ұлағатты қолдай, жаңғырта, өрбіте отырып, отыз төртінші сөзінде былай дейді: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітім, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білмегендігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па?».
Екі ұлы ойшыл ұстаздың сөз саптауларындағы негізгі өзгешелік – әл-Фараби жалпыға арнай, теориялық жолмен толықтап айтса, Абай «қалың елі – қазағының» ыңғайына лайықтап, келте қайырып, қысқа да нұсқа айтады. Бірақ та олардың көздеген мақсат-мұратында бәлендей алшақтық жоқ, көксегендері – адамның жақсы қасиеттерін, мінез-құлықтарын онан сайын асырып, жаманын жөндеу, осы арқылы оның көсегесін көгерту, шын бақытқа жеткізу.
Өзінің ерте қайтыс болған сүйікті ұлы Әбдірахманға арналған жұбату, жоқтау өлеңдерінде де Абай жан-жақты дамыған, мінсіз толық адамның бейнесін жасайды.
Әл-Фараби педагогикалық теориясында оқыту мен тәрбие өзара бірлікте, тығыз байланыста қарастырылғанмен, педагогикалық құрал ретінде ерекше, әрқайсысының дербес жақтары да ажыратылады. Ол адамның шынайы бақытқа жетіп толысуы, парасаттануы үшін пайда берерлік (рационал) барша ғылымды игеруге ерекше мән береді. Оның «бақыттың мәні парасаттылықта» екендігі туралы қағидасы осыны білдіреді. Әл-Фарабидің мұны айтып қана қоймай, сол кездегі бүкіл ғылымдарды меңгерудің жоспарын, бағдарламасын, оқулықтарын жасап шыққан ұстаз, ғұлама екені белгілі болып отыр. Абай болса ұстазының бұл үрдісін толық қабыл алып, отыз сегізінші сөзінде «һәмманы білетұғын ғылымға ынтықты» жақтайды, оны өзінше бір Алланы танумен байланыстыра негіздейді.
Жастарды тәрбиелеу жүйесінде әл-Фараби мен Абай бірінші орынға адамгершілік, моральдық тәрбиені қояды.
Кең мағынада алып қарағанда, олар бұл тәрбиенің ауқымына имандылық, еңбек, эстетика, дене, т.б. тәрбие түрлерін енгізіп, тұтас қараған сияқты. Әл-Фарабидің ілімі бойынша, мінез-құлықтың жақсысы да, жаманы да туа бітпейді, жүре бітеді. Оларға әсер етуші шешуші факторлар, себепші әрекеттер ортаның әсеріне, сіңген әдетке, дағдыға тіркеледі. Ол былай деді: «Біз мінез-құлық сапаларының абзалы да, оңбағаны да жүре келе пайда болады дейміз. Адамда қалыптасқан мінез-құлық болмаса, қарама-қарсы мінез-құлыққа өз еркімен көшіп кетуі мүмкін».
Ғалымның екі ұлы тұлғаның философиялық мәні бар тұжырымдарының сабақтастығы туралы талдамалары сөз жоқ үлкен ізденістің жемісі екендігі анық. Автор «Мысалы әл-Фараби өзінің «философияны үйрену үшін қажетті шарттар туралы трактатында» Аристотельдің философиясын меңгеру үшін қажетті тоғыз шартты көрсетеді. Ал Абай болса «білім ғылымға үйренбекке, талаптанушыларға қойылатын шарттарға (алты шарт) арналған 32-ші қара сөзінде әл-Фарабидің өсиетін жаңғыртып былай дейді: «Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім – ғылымды бірақ соған ғана себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешенің мейірімі секілді болады. Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек.
Алтыншы – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ», дейді.
Абай мен әл-Фараби арасындағы ғылыми-педагогикалық сабақтастықтар мен сарындастықтар аясы жоғарыда айтылғандармен ғана шектелмейді. Бұл арақатынас, іліктестік жай-жапсары, сыр-сипаты әлі де болса кешенді де терең тексерісті қажет етеді.
Абай мен әл-Фарабидің ұстаздық, тәлімгерлік үрдістерінде ұқсас идеялар мен қағидалардың көптеп кездесуі кездейсоқ нәрсе емес. Олар Абайға әл-Фарабиден тікелей ауысты ма, жоқ, оның ізбасар-шәкірттері (Ибн Сина, Дауани, Науаи т.б.) арқылы келді ме – бұл басы ашылып, анықталмаған, арнайы зерттеуге мұқтаж, қиын да, қызықты үлкен ғылыми мәселе.
Алайда ғалым Абайдың әл-Фарабидің еңбектерімен таныс екендігіне шәк келтірмейді. Әл-Фараби жазған трактаттардағы ой-тұжырымдардың Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінде сабақтасып жататындығын салыстыра саралайды. Жаратылыстану, музыка, қайырымды қала тұрғындарына арналған трактаттардың Абайдың шығармаларында өзектесуін нақты мысалдармен дәлелдейді.
Шын мәнісінде Ауданбек Көбесов екі ұлы тұлғаның бірін-бірі толықтыратынына ерекше мән береді. Екеуінің де толық адам туралы ілімінде – шыншылдық, ізгілік, даналық, ақылдылық жатқандықтарын пайымдауы олардың ұлылығын кәміл сендіреді.
Әрине құнды еңбектегі жаңашыл ойлауды тізбектеу ойымызда жоқ. Айтпағымыз көрнекті ғалымның екі ғұламаның әлемдік тұлға екендігін, олардың өсиеттерінің адамзат баласына рухани қазынаға айналдырудың өзектілігін меңзеуі бізді де ойландыруы тиіс. Қазіргідей жеңіл ойлап, үстірт байлам жасаушылардың көбейіп, адамзат баласының рухани азғындыққа жол беріп жатқан тұста «ақылдыдан шыққан сөз, ақылдыға болсын кез» дегендей бүгінгі ұрпақтың ұлы Абай айтпақшы:
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз,
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі сол айтты,
Ақылменен жеңсеңіз,
Надандарға бой бермей,
Шын сөзбенен өлсеңіз, – деген сөзге бой ұсынып, қазақтың ең қарғысты сөзі: «өзің білме, білгеннің тілін алма» дегізбей, ғұламалардың ақыл-ойына ден қойып, санаңды жаңғырт қазағым, дер еді көрнекті ғалым, ірі фарабитанушы, абайтанушы Ауданбек Көбесов.
Ал абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметовтің бұл саладағы еңбегі ұлан-ғайыр, болашақта оны да бөлек әңгіме етерміз.
Сондықтан да, екі ұлы тұлғаның атына қанық болмай, ақыл-ойын бар қазақ баласы оқып, солар нұсқаған жолмен жүрсе, иншАлла, халық болып кетерміз. Санамыз сілкінер, өркениет көшіне ілесіп кетерміз.

Сәулембай Әбсадықұлы,
Халықаралық «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері,
Талас ауданы

ПІКІР