"Хаттар...Хаттар..."

Алаң «Қазақ елі» атауына сұранып тұр

Written by Aray2005

Киелі Шу өңірі ежелден қойнауы қазынаға, тарихы тағылымға бай өлкенің бірі. Аймақтың еліміздің шежіресінде аса зор маңызға ие болуы XV ғасырдың орта тұсында Қазақ хандығының құрылуымен тұспа-тұс келеді. Яғни 1457 жылғы жаз мезгілінің соңында Әбілхайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін Керей мен Жәнібек сұлтан қарамағындағы ұлыспен Моғолстанға қарай көшеді. Шудың төменгі бойында қыстап шығып, 1458 жылдың көктемінде Қозыбасыда (Хантауы) Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды. 1975 жылы жарыққа шыққан Қазақ-Совет энциклопедиясының 6-томындағы алғашқы қазақ хандығы картасының территориясына зер салсақ, оған Балқаш көлі мен Мойынқұм ауданының түстігі және Хантауын қамтитын қазіргі Шу ауданының жері тұтастай енген екен.

Осы деректерді ескере келе, ауданның бұрынғы әкімі Рүстем Дәулетке өтінішпен шығып, 2016 жылы Тәуелсіздік мерекесінің 25 жылдығы қарсаңында аудан орталығындағы алаңға Керей-Жәнібек хандар мен Алтын адам және Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған Тәуелсіз Қазақ елі барельефін орнатуға қол жеткіздік. Биыл ақпан айында ауылдық округ әкімі Е.Даберовтың ауыл тұрғындары, аудан әкімі Қ.Досаевтың аудан тұрғындары алдындағы есеп беру жиынында сөз алып, аталған алаңға «Қазақ елі» атауын беруді ұсындым. Бұл бастама тағылымды тарихымызды өскелең ұрпағымыздың зерделеп, құрмет тұтуы үшін аса қажет.
Осы ұсыныс жуырда Төле би ауылында бір топ ардагердің қатысуымен өткен жиында да қариялар тарапынан қолдау тапты. 2020 жылы Шу ауданының құрылғанына 90 жыл, Шу қаласы іргесінің қаланғанына 60 жыл толғалы отыр. Еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы С.Зәуірбековтың «Шу өңірі» газетінің биылғы 2 наурыздағы санында жарияланған «Ұлы бабамызды ұлықтайық» атты мақаласында Бәйдібек бабаның ескерткішін Төле би ауылындағы орталық алаңға орнату үшін арнайы қор ашу жайлы бастама көтергені бар еді. Шындығына келгенде алаңда қосымша ескерткішті қапталдастыра орнату тиімсіз. Тараз қаласында Бәйдібектің сәулетті ескерткіші бой көтерген. Негізі Бішкек-Астана күре жолы бойындағы Бәйдібек баба атындағы өзіне аттас ауылына көрікті ескерткіш тұрғызған жөн болар еді. Қыруар қаржымен ескерткіш орнатқаннан гөрі қаражат жинала қалса, одан да аудандағы жұмыссыз отырған тұрмысы нашар 90 отбасын, мүмкіндігінше одан да молырақ үйлерді көгілдір отынға қосып берсе нағыз сауапты іс осы болмас па еді?!

Мәкен Уақтегі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Шу ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы.
Базарбай Асқартегі,
Қазақстан Республикасының мәдениет қызметкері,
Шу ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын.

ПІКІР