"Топжарған"

Алаш абыройын асқақтатқандар

Әйел баласы қай салада қызмет атқармасын, сұлулық пен нәзіктіктің, махаббат пен мейірімділіктің символы болып қала береді. Ай дидарлы арулардың арасында саламатты өмір салтын жанына серік еткендері де қаншама. Тіпті, спортта өзінің соны соқпағын қалыптастырып, мемлекет мақтанышына айналған қаракөздеріміз жетерлік. Олардың қатарында алты Алаштың абыройын асқақтатып жүрген әулиеаталық арулар да аз емес. Олар тек сұлулығымен ғана емес, спорттағы шеберлігімен де талайды тәнті етуде. Міне, бүгін осы спортшыларымызға тоқталсақ.

Әрине, Тәуелсіздік таңы тудырған ең талантты спортшылар туралы сөз қозғағанда ең бірінші есімізге жүзу спорты бойынша Паралимпиалық ойындардың жеңімпазы Зульфия Габидуллина түседі. Спорттық жолын 2007 жылы бастаған ол мүгедек-спортшылар арасында барлық деңгейдегі бәсекелердің биігін бағындырды. Атлет жүзу спортынан 12 әлем рекордын өз еншісіне жазды.

Зульфияның ең алғашқы жетістігі — ел чемпионаттарындағы ІІ және ІІІ дәрежелі медальдар. Сондай-ақ, республикалық спартакиаданың жүлдесі. Ол бастапқыда ел біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы да атанды. Ал, әлемдік ареналарда 2011 жылдары таныла бастады. Ең біріншісінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Шарджа қаласында өткен дүниежүзілік ойындарда топ жарса, 2012 жылы Англия мемлекетінің Шеффилд қаласында өткен лицензиялық турнирдің чемпионы атанды. Артынша 2013 жылы Канада жерінде жалауы желбіреген Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдесін қатар жеңіп алды. Сонымен қатар, осы байрақты бәсекеде әлем рекордын жаңартты. Зүльфия Габидуллина сол жылы Голландия елінде түндігі түрілген дүниежүзілік ойындардың төрт дүркін чемпионы атанып, әлем рекордына үш мәрте түзету енгізді. Міне, осындай ерлігімен төрткүл әлемді таңқалдырған спортшы Польша мемлекетінде өткен халықаралық турнирде де қарсылас шақ келтірмеді. Және де Оңтүстік Корея елінде басталған Азия Паралимпиалық ойындарында алтын медаль иеленді. Бұл байрақты бәсекеде жерлесіміз 50 метр қашықтыққа жүзуде қарсыластарынан оқ бойы оза жүзіп, мемлекет, облыс мерейін үстем етті.

Ал, Зульфияның спорттық жолындағы ең үлкен жетістігі – ол Рио Паралимпиадасының медалі. Спортшымыз алтыннан алқа тағып қана қоймай, 50 метрге еркін жүзуден әлем рекордын жаңартты, сөйтіп Қазақстаннан шыққан тұңғыш Паралимпиада чемпионы атанды. Габидуллина былтыр Әлем чемпионатында да жеңіс тұғырынан көрінгенін ел жақсы біледі. Осылайша, «алтын қызымыздың» қоржынында барлық бәсі биік бәсекелердің медаль жиынтығы бар. Енді Зульфия Токио Олимпиадасында топ жаруға талпынуда.

Таразда тәрбиеленген былғары қолғап шебері Фируза Шарипованың да есімі мен ерлігі бүгінде жер-жаһанға жақсы таныс. Кәсіпқой боксшы IBO және WBC Silver белбеулерінің иегері. Жастайынан велоспортпен айналысқан аруымыз 2010 жылы боксқа бет бұрып, шаршы алаңның шырайын кіргізді. Ә дегеннен жасындай жарқылдаған Фируза 2012 жылы Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алса, 2013 жылы республика жеңімпазы атанды. Ал, 2016 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, араға аз уақыт салып халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткен бокс кешінде болгар боксшысы Милена Колеваны ұрып жығып, әлем чемпионы атанды. Артынша бельгиялық Джемилла Гонторюкпен қолғап түйістірген Фируза екінші жартылай салмақта теңдессіз екенін дәлелдеді. Осылайша, екі бірдей белбеуге қол жеткізген жерлесімізді атақты Майк Тайсонның бапкері Бадди Мак Гирттің өзі жаттықтыруға ұсыныс тастады. Алайда, Шарипова өзінің жеке бапкері Ерік Алғабекпен бірге бастаған жұмысын жалғастыра беруге бел буып отыр. Қазір Фирузаға Голливуд қызығушылық танытып, «Игра престолов» фильміне түсуге ұсыныс білдіруде. Сондықтан, батыр қызымызды алдағы уақытта шаршы алаңнан ғана емес, киноиндустрия саласынан да көріп қалуымыз бек мүмкін.

Жасөспірімдер арасында да нәзік жанды боксшылармыздың айдарынан жел есіп тұр. Өткен жылы Үндістан мемлекетінің Гувахати қаласында алауы тұтанған әлем біріншілігінде екі бірдей спортшымыз елімізбен қатар облысымыздың да даңқын асырды. 81 келіде бақ сынаған Арайлым Бегділда алтыннан алқа тақса, Жансая Абдраймова қолаға қол жеткізді.

Арайлым ақтық айналымға дейін үш қарсыласын жеңіп, финалда ресейлік Анастасия Рыпакті тізе бүктірді. Небәрі 17 жастағы қаракөзіміз ел чемпионатында ғана емес, әлемдік додада да атой салды. Ал, Жансаяға сәл ғана сәттілік жолдас болмай, қола жүлдені қанағат тұтты. Десе де, бұл қола біз үшін алтынға бергісіз. Өйткені, бұған дейін бірде-бір жамбылдық аруымыз әлем чемпионатында мұндай табысқа қол жеткізбеген болатын.

Әлемдік ареналарда байрағымызды биіктетіп жүрген тағы бір жерлесіміз – Гузалия Гафурова. Ол каратэ-до спортына 2004 жылы келіп, араға үш жыл салып алғашқы нәтижесін көрсетті. Сол жылы ел біріншілігін жеңіп алған Гузалия артынша ересектер арасында ел чемпионы атанды. Кейіннен бұл жетістігін тағы бір мәрте қайталап, қазір екі дүркін чемпиондық атақты еншіледі. Ал, ең үлкен жеңісі – 2013 жылғы Азия кубогы мен Әлем чемпионатының алтын медалі. Небәрі он жылдың бедерінде осындай табыстарға қол жеткізген аруымыз 2016 жылы Азия ойындарының да биігін бағындырды. Қазір Гузалия шаңырақ көтеріп, ана атанып отыр. Десе де, мақтанышымыз Токио Олимпиадасына дейін спортқа қайта оралады деп сенеміз.

Наргиза Ахметова болса, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында жасындай жарқылдап жүр. Ол арбадағы спорттық бимен 2012 жылдан бері шұғылданып келеді. Жанкүйерлер Наргизаның ел чемпионатының «Комби» және «Дуэт» бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанғанын ұмыта қойған жоқ. Сондай-ақ, ол Белград (Сербия) және Пекин (Қытай) қалаларында өткен халықаралық турнирлердің де үздік спортшысы ретінде кеңінен танымал. Жалпы, Н.Ахметова болашағынан зор үміт күттіретін спортшы. Ендеше, оның алар асуы алда деп білеміз.

Ал, жамбылдық гроссмейстер Мәдина Дәулетбаева да шаршы тақтадағы ойынның шын шебері екенін әлдеқашан мойындатып үлгерді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері шахматтан әйелдер арасындағы республика чемпионы. Сонымен қатар, 2011 жылы ересектер арасында өткен ел біріншілігінің финалисті, дүниежүзілік олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған. Бүгінгі таңда ол Орта Азия чемпионатының ең үздік гроссмейстері. Мәдинаның бұдан да бөлек ел чемпионаттарында жеткен жетістіктері аз емес. Спортты жанына серік еткен әулиеаталық арудың көздеген ең үлкен межесі әлемде теңдесі жоқ шахматшы атану.

Қыздарымыз дзюдо спортынан да жарқырай көрінуде. Әсіресе, бұл спорт түрінен толайым табысқа қол жеткізген Әйгерім Мұратәлінің ерлігін ерекше атап өтуге болады. Ол бұрнағы жылы Әлем Кубогы сарапқа салынған байрақты бәсекеде үздік үштіктен көріне білді. Ақтық айналымға дейін әлемнің кіл мықты спортшыларын тізе бүктірген қаракөзіміз тек шешуші сәтте сәтсіздікке тап болып, қола жүлдені қанағат тұтқан болатын. Десе де, 2016 жылы әлемдік додада Әйгерім тағы бір мәрте бағын сынап, бұл жолы күміс жүлдемен оралды. Байқап тұрсаңыз, әр бәсеке сайын спортшымыз Әлем кубогының алтынына бір саты жақындай түсуде. Кім біледі, бәлкім биыл Әйгерім әлем чемпионы атанып, жерлестерінің қуанышын еселей түсуі ғажап емес.

Әйгеріммен қатарласып өнер көрсетіп жүрген Азинат Хажудың да талабы таудай. Дзюдо спортын жанына серік еткен ол ел чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ, қазақ күресін қоса меңгерген Азинат ел біріншілігінің жеңімпазы. Бұдан бөлек, қаракөзіміз самбо күресінен де спорт шебері. Бұл спорт түрінен де ел чемпионатының қола жүлдесін еншісіне жазған. Бір емес үш бірдей спорт түрін меңгерген Азинаттың бүгінде болашағынан мол үміт күтетіндер көп.

Міне, әлемдік сындарда атой са­лып жүрген әулиеталық аруларымыз­дың дені осы. Бұдан бөлек, «Айша бибі» су добы клубының қыздары да құрлықтық додаларда дара шауып жүр. Бұл жерлестеріміздің есімдері спорт тарихында алтын әріптермен таңбаланатыны анық. Алдағы уақыттарда Жамбыл жерінен әлемді мойындатар әлі талай арулардың шығатынына бек сенімдіміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР