Қоғам

Алаш аманатына адалдық

Меркі ауданындағы Тұрар Рысқұлов оқыған мектеп мұражайға айналды

Тұғырлы тұлғаның рухына тағзым етіп тұсауы кесілген мұражайдың орнындағы ескі мектепте 1910 жылға дейін Тұрар Рысқұлов қана емес, Қабылбек Сарымолдаев, Қалыш Қожабергенов, Мақсұт Жылысбаев, Тұрдалы Тоқбаев, Рахманқұл Орынтаев, Сәдуақас Жамансартов, Ысқақ Әсімов секілді ұлт перзенттері білім алған.
Қайта жаңғырған нысанның ашылуына аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков және алыстан ат терлетіп арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, зерттеуші-ғалым, тіл жанашыры Мұхтар Қазыбек, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң өкілі Ораз Байқонысов, еңбек ардагері, Сарымолдаев ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Байсейіт Жылысбаев, аталмыш мектеп-лицейдің директоры Болатбек Қыстауов бастаған ұстаздар ұжымы мен оқушылар қатысты. Шара барысында қазақтың маңдайына біткен марғасқа тұлғасы Т.Рысқұловтың тар жол, тайғақ кешкен тағдыры жайлы тағылымды баяндама жасалып, өшпес өнегелі өмір жолынан сыр шерткен слайд көрсетілді.
Ал, кеш қонақтары 1894 жылы желтоқсан айында ұлтының болашағы, ұрпақтың келешегі үшін өмірге келген Т.Рысқұловтың 1907-1910 жылдар аралығында Әулиеата уезіндегі Меркі қазақ-орыс мектеп-интернатында оқығаны жайлы, дәл осы жерде жас Тұрардың «Бұхара» қоғамын, яғни қазақ жастарының революциялық одағын құрғандығы туралы тарихи деректер негізінде кеңінен әңгіме өрбітті. Игілігі мол, ілкімді шара барысында сөз тізгіндеген аудан әкімі Мейірхан Азатұлы бұл мұражай Ұлы Дала елінің ұмытылмас ұлы перзентінің құрметіне ашылған өміршең һәм өнегелі ескерткіш екендігін ерекше атап өтті.
Қазақ ұлтының бостандығы мен баянды болашағы үшін жан аямай еңбек еткен, сол жолда «халық жауы» атанып, атылған, сотталып, жер аударылып кеткен талай тау тұлғалардың қыл үстіндегі қиын-қыстау балалық шағына куә болған нысанның мұражайға айналуы расымен, аудан халқының көңілін тебірентіп, жүрегін қуанышқа бөледі. Шараның ресми бөлігі аяқталған бойда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұхтар Қазыбек пен Қарағанды облыстық сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков мұражайдың салтанатты лентасын қиды. Одан кейін кеш қонақтары ғибратты ғимараттың ішіне бас сұғып, Т.Рысқұлов оқыған бөлмені, ел өмірінің азаттыққа дейінгі атмосферасын сақтап қалған шежірелі жәдігерлерді, заманалардың куәсі болған ескі парта мен тақталарды тамашалап, сарғайған сынып журналын қолмен ұстап, көзбен көрді. Екінші көрме залында жоғарыда аталған һәм ғасырдан астам уақыт бұрын осы жерден бірге білім алған қайраткерлердің еңбек жолынан сыр шерткен суреттер, құжаттар, іс қағаздар мен газеттері назарға ұсынылды. Музей экспонаттарымен танысқан қадірлі қонақтар мұнан соң мұражайдың алдына шырша ағаштарын отырғызды.

Айсана НҰРБАП,
Меркі ауданы

ПІКІР