Алаш қайраткері майданға қазақ жастарының баруын неге жақтады?

0 85

Биыл ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойы еліміздің әр өңірінде аталып өтуде. Тіпті Орталық Қазақстан, яғни Қарағандыдағы Октябрь ауданы жақын күндері Әлихан Бөкейханның есімін иеленетін болады.

ХХ ғасыр басында қазақ халқының отаршылдық, надандық секілді ең үлкен бірнеше жауы болды. Отаршылдыққа қарсы Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбай сынды алаш қайраткерлері күрессе, надандыққа қарсы Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауыт, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды қазақ зиялылары күресті. Әсіресе сол кездегі саяси жағдайға байланысты қазақ мүддесіне қызмет етуге жастарды шақырған Ә.Бөкейханның ел тарихында алатын орны ерекше. Отаршылдық езгісі күшейіп, қазақтың ел болу мәселесі қыл үстінде тұрған заманда туып, бүкіл саналы ғұмырын қалың елі қазағын құтқаруға арнаған көрнекті тұлғаның тарихи еңбегі де, тағылымы да қазақпен бірге жасай береді.
Иә, шын мәнінде, Ә.Бөкейхан ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі болды. Тәуелсіз қазақ мемлекетін қалыптастыру жолында бар ыждағатымен күресті. «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деп, өзінің саналы ғұмырын қазақ халқының азаттығы мен дамуына арнады. «Қазақта бәлен деген хан өткен, түген деген батыр өткен деп мақтанамыз. Егер солар расында да мықты болса, қазақ бүгінде неге сорлы күй кешіп отыр?» дей келе, әр заманның ұрпағының мойнына өз дәуірінің жүгі артылады, сол жүкті белгілі бір межеге жеткізбей кейінгі ұрпаққа қалдырып кету, елдің дамуын шектеп, өзге халықтардың қатарынан қалдыратынын айтады. Ал Ә.Бөкейхан өзінің мойнына артылған жүкті қияға шығарған тұлға.
Кезінде, яғни ел тағдыры таразыға түскен шақта Әлихан, Ахмет, Міржақыптар елдігімізді сақтап қалды. Оған тарих куә.
1911 жылы Орынборда шығып тұрған татарлардың «Шөре» басылымының 6-10 санында: «Қазақ халқы жер бетінен жойыла ма, жойылмай ма?» деген үлкен пікірсайыс ұйымдастырылған. Бұл дегеніміз, сол уақыттарда қазақ халқының тағдыры талқыға түсіп, ұлттық беделі қаншалықты төмендеп кеткенін аңғартса керек. Осындай жағдайдан кейін қазақ зиялылары қарап қала алмаған. Олар қазақ жастарын білімге, оқуға шақырып, елдегі азаматтардың саяси санасын ояту үшін «Қазақ» газетін шығаруға әрекет еткен. Тіпті 1913 жылы Орынбор қаласында А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы «Қазақ» қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени газетін шығара бастаған. «Қазақ» газетінің басында жоғарыда есімдері аталған алаш қайраткерлері тұрды.
1914 жылғы ақпанда Санкт-Петербургте өткен бүкіл Ресей мұсылмандарының съезінде татар ағайындардың: «Қазақта тіл жоқ, ортақ тіл жасайық», дегеніне сеніп қалған Бақытжан Қаратаев: «Расында да қазақта тіл жоқ», – деп шыққан. Сонда Ә.Бөкейхан «Қазақ» газетіндегі Шәкәрімнің, Ахметтің, Міржақыптың, Мағжанның өлеңдерінен мысал келтіре келіп: «Қазақ тілі ең бай тіл», деп Б.Қаратаевтың пікіріне тойтарыс берген.
Бүгінде осы алаштың айбарлы азаматтарына күйе жаққысы келетіндердің де бар екенін байқап қаламыз. Олардың алаш арыстарына тағатын басты айыптарының бәрін тізіп жатудың еш қажеті жоқ және негізсіз деп ойлаймыз.
Десек те сол қазіргі сыншысымақтардың таққан мініне зер салсақ, сол баяғы кеңестік идиологияның өшпей келе жатқан сарынымен, яғни таптық тұрғыдан қарап, олар туралы дереккөздерін індете зерттемей, сол тұлғалардың «бетіне бес қазанның, жүзіне жүз қазанның» күйесін жаға салуы тарихи әділдікке жатпайды. Мысалы олар: «Әлихан, Ахмет, Міржақыптар байларды қолдап, кедейлерді езген Ресей патшасына болысқан және патша 1916 жылы қазақ жастарын соғыстағы қара жұмысқа алуға жарлық шығарғанда, Алашорда мүшелері қазақтарды соғысқа жігіт беруге үгіттеді», – дейді әлгі сыншылар.
Рас, қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы «Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмысына пайдалану тәртібі туралы ереженің» қабылдануы әлеуметттік жағдайы мүшкіл топтың, әсіресе қазақ сияқты бодан ұлттың наразылығын күшейтті. Ал Ә.Бөкейхан бастаған қазақ қайраткерлері патшаның жарлығына қарсы шығуды босқа қырылу деп түсінді. Өйткені сол заманның қаруы мен әскери техникасын меңгерген патшалық Ресейдің қарқынына сойыл, таяқ, қылыш, садақ, найза ұстаған қазақ халқының төтеп бере алмайтынын аңғарған зиялыларымыз елден патшаға адам беруді әлдеқайда жеңіл деп ойлаған. Себебі сол уақыттарда патшаның қарулы әскери күші қазақ даласын қанға бояры анық еді. Бір жағынан, ұлт зиялыларында егер патшаға елден адам берсек, қазақ жастары да сырт елдегі соғысты көріп, көзі ашылар еді деген ниет болды. Мысалы, бұл жөнінде алаш ұранды ғалым Т.Жұртбай: «Ә.Бөкейханның мүфтият пен майданға азамат беру туралы ұстанымы сол тұстағы қазақтарды да, оған баға берген тарихшыларды да екіұшты пікірге қалдырды. Алаш көсемі көшпелі қазақ елін тарихи дамудың жаңа сатысына көтеріп, оны өркениетке тартуды көздеді. Бұл – заманның ағымы мен бәсекесіне ілесе алатын, ел үшін де, діл мен тіл үшін де, тәуелсіз мемлекет үшін де күресе алатын азаматтық қоғам орнату мақсатында туған ұмтылыс еді», – дей келе, былай талдайды: «1.Далада тұйықталып қалмай, өркениетті жұрттың даму дәрежесін көреді, олармен араласу арқылы саяси санасы оянады, қазақ тұрмысын түзетудің жолын іздейді. 2. Зеңбірек пен пулеметке қарсы сойыл мен шоқпар алып шығудың үмітсіздігін көріп, майданға қолданылған қару-жарақтың тілін біледі, сөйтіп, жазалаушы патша әскерімен соғысудың әдіс-тәсілін үйренеді. 3.Ғылым мен білімсіз, мәдениетсіз бұл дәрежеге жете алмайтынына көзі жетіп, өзінің білгенін бодан халыққа насихаттайды. Бұл үшеуінсіз қазақ ұлты ешқашан тәуелсіздікке жетпейді: «Жігіттер қаза тауып, бейнетке ұшырар. Бірақ ел іргесі бұзылмайды. Көнбесе… бас пен малға әлегі бірдей түседі, елдің іргесі бұзылады. Ол жұртқа келген бір опат» деп түсіндіреді Ә.Бөкейхан», – дейді ғалым. Қысқасы, Әлихан бастаған алаш зиялылары елді қантөгістен сақтау үшін патша өкіметімен тіл табысу жолдарын іздеді, күрестің бейбіт, саяси әдістерін жақтады.
Иә, расында да бұл ұлт көсемінің алысты аңғарып, келешектің кемелді, болашақтың баянды болуын ойлаған азаматтығынан туған көрегендік қасиеті болатын. Тіпті қазақ зиялылары 1916 жылдың үшінші ақпан күні, яғни Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Н.Бегіметұлы Петербордағы әскери министр генерал Поливановқа барып, қазақ жастарын да әскерге алу мәселесін жеткізген. Бұндағы басты мақсат –
қазіргі заманның әскери техникасы мен қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай бостандықты аңсау, тәуелсіздікке ұмтылу бос қиял екенін алаш арыстары жақсы түсінген. Сондықтан бұл мәселені алаш қайраткерлері болашақ алдындағы парызымыз деп ұққан.
Патшаның жарлығынан кейін қазақ жігіттері майдандарға қара жұмысқа жіберіле бастаған кезде оларға бас-көз болып, кейін аман-есен ауылға жеткізу қажет болған жағдайда Ә.Бөкейханның өзі бастаған топ майданға аттанды. Өйтпегенде сауатсыз, орыс тілін түсінбейтін көптеген қазақ жігіттерінің елге аман оралуы екіталай еді. Майдандағылар алаш зиялыларының белсенділігімен елге аман-есен жеткізілгеннен кейін бұлардың басым көпшілігі алаш әскери жасағында қызмет етті. Олар ел ішін адмирал Колчактың, атаман Дутов пен қызыл большевиктердің қандықол қызыл жендеттерінен қорғады.
Әрине, ұлт көсемі Ә.Бөкейханның қазақ мүддесі үшін күрескен еңбектері, тарихи, ғылыми зерттеулері, алаш қозғалысындағы саяси жетекшілігі тұрғысындағы белсенділігі тұлғаның тек бір қыры ғана. Ал өзге де қырларын ашып жазуға немесе айтуға, бәлкім, том-том еңбектердің өзі де аздық етер.
Өкінішке қарай, Ә.Бөкейханның мұраларын зерттеу, оның ел алдындағы еңбектерін кейінгі ұрпаққа насихаттау, саяси қайраткерлігі мен қазақ қоғамындағы мемлекеттік қызметін бағалау, дәріптеу жұмыстары соңғы кездері аса қарқынды жүргізіліп келе жатыр деп айту қиын.
Түрік ағайындар Ататүрікті қалай құрметтеп, дәріптесе, біз де арысымыз, ұлттық көсеміміз Әлиханды сондай деңгейде құрметтеуіміз қажет. «Ердің сыны – сырында, сөздің сыны – шынында» дейді қазақ. Рас қой. Көпірме сөз қоюуы жоқ көжедей. Сөзден іске көшетін уақыт жетті. Биыл Әлихандай арысымыздың туғанына 155 жыл толып отыр.
Алайда аталған тұлғаның тарихи бағасын сөзбен ғана беріп, іс жүзінде әлі күнге дейін толыққанды баға берген емеспіз. Шындықты да бетке айтып үйренуіміз керек. Онсыз тарих таразыланбайды. Ал болашағы жарқын елдің азаматтары ақиқаттан қашпайды. Ендеше, алаш ұранды арыстарымыздың ар алдындағы тек ақиқатын айтайық, ағайын!

Мадияр Ералыұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.