Жамбыл жаңалықтары

«Алаш ұстанымы – ұлт мұраты»

Written by Aray2005

Осындай атаумен тараз қаласында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Тұтас дәуірлерді қамтыған қазақ халқының азаттық жолындағы ең елеулі құбылыс Алашорда автономиясының құрылуы болды. Бастауында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт зиялылары тұрған аталған құрылым бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның негізі екендігін ешкім жоққа шығара алмас.

1917 жылғы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында басталып, бір жұмаға созылған жалпықазақ құрылтайында Алашорда автономиясының құрылғандығы жария етілді. Қазақ халқының азаттық жолындағы күресіне үлкен бетбұрыс әкелген айтулы жиынның 101 жылдығына орай алаштанушы-ғалымдар күні кеше қасиетті Әулиеата жерінде бас қосты. Облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған «Алаш ұстанымы – ұлт мұраты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының жұмысына белсене атсалысқан тарихшы-ғалымдар Алашорда автономиясының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы орны, оның қайраткерлерінің жанкешті әрі санқырлы еңбектері турасында сөз қозғап, тың деректерімен бөлісті.
Шараны алғы сөзімен ашқан облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали Елбасының жуырда ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының қазақ тарихын тереңнен тануға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. – Мемлекет басшысы қай кезде де Алаш арыстарының еңбегіне жоғары баға беріп, үнемі назар аударып келеді. Айталық, өткен жылы Алашорданың 100 жылдық мерейтойында Елбасымыз «Алаш қозғалысының ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлікті сақтап қалу жолындағы күресі елге қызмет етудің жарқын үлгісінің бірі болып табылады. Алаш қозғалысының идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі қазақ зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Еліміз егемендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесі теңесті»,- деген болатын.
Тарих туралы сөз еткенде Алаш тарихы турасында сөз қозғамау мүмкін емес. 1917 жылы құрылғанымен Алашорда Үкіметінің тарихи, қым-қиғаш шешімдері 1918 жылы қабылданды. Алашорда Үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов 1918 жылдың қаңтарында әскери кеңес құру туралы бұйрық шығарды. Ал сәуір айында Омбы қаласында қазақ жастарының тұңғыш құрылтайы өтіп, барлық жастар ұйымы «Жас азамат» ұйымына топтасты. Осы орайда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағанын ескерсек, аталған құрылтай өткен күнді назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Алашорда тарихы арқылы тарихи сананы жаңғыртуда Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын басшылыққа алып, жұмыс жүргізуіміз қажет. Әсіресе, «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасы Алаш тарихы үшін тамаша мүмкіндіктер беріп отыр. Себебі, Алаш тарихына қатысты құнды құжаттар Ресей, Өзбекстан сынды мемлекеттердің архивінде сақтаулы тұр. Ондағы құжаттарға қол жеткізу– қиынның қиыны. Осы кедергілер «Архив– 2025» бағдарламасы арқылы шешіледі деп үміттенеміз. Сондай-ақ Елбасы мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу қажеттігі айтылды. Бұл орайда, облыс әкімі зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер кеңесінің ұсынысын ескеріп, Тұрар Рысқұлов ескерткішін «Мамыр» саябағына көшіруді тапсырды. Алдағы уақытта бұл саябақты «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» саябағы деп атап, он-он бес Алаш арысының бюст ескерткішін қою жоспарланып отыр, – деді Берік Құрманғали.
Сондай-ақ, Берік Уәлиұлы Алаш тарихындағы Әулиеата өңірінің орны жайында әңгімелеп, Алаш автономиясы жариялаған жалпы Қазақ құрылтайына әулиеаталықтардың да белсене атсалысқанын атап өтті.
Келесі болып сөз алған ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Алаш қозғалысы: теория және практика» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы Алаш қозғалысының тарихына қатысты бірқатар тұжырымдарын ортаға салып, Кеңес үкіметінің қазақ жерін басқаруда ұстанған саясаты турасында әңгімеледі.
– 1917 жылдың қарсаңында қазақ қоғамы ұлт-азаттық қозғалыс арнасында тұрды. Ал қазаққа керегі ұлттық еркіндік, ұлттық тәуелсіздік, ұлттық мемлекеттілік болатын. Сол кезде Әлихан Бөкейханов: «Бізге тәуелсіздік үшін күрес жағдайында тапқа жіктелу зиянды. Тапқа жіктелсек, өзара соғысқа кетсек, азамат соғысына кірсек, онда біз азаттықпен қоштасамыз», – деді. Сол кездегі қазақ қоғамы үшін осы тұжырым – жалғыз дұрыс ұстаным еді. Ал 1920 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ ревкомының төрағасы болып келген, әрі қазақ даласына бұрын-соңды аяқ басып көрмеген Станислав Пестковскийдің мемлекетті басқару жүйесін сынға алып, Ленинге хат жазды. Өз хатында Ахмет Байтұрсынұлы елді басқарудың екі жолын ұсынды. Ленин соның алғашқы ұсынысын құп алып, елді генерал губернаторлар арқылы басқаруды құп көрді. Есесіне жергілікті халықтың, жердің жағдайын жақсы білетін зиялылар қуғынға ұшырады. Тек 1927-1930 жылдары – 44, 1930-1932 жылдары 40 Алаш зиялысы істі болды, – деді М. Қойгелді.
Конференция жұмысына белсене қатысқан халықаралық «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов қуғынға ұшыраған Алашорда Үкіметі мүшелерін ақтау үрдісін әңгіме өзегіне айналдырды. Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Жүсіп Алашорда жанынан әскери кеңес құру заңының маңыздылығына тоқталып, ҚазақАКСР, ҚазақКСР және тәуелсіз Қазақстан мемлекетін Алашорда автономиясының заңды мұрагерлері екендігіне баса назар аударды. Сондай-ақ ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы Әулиеата өлкесінің ХХ ғасыр басындағы тарихын толыққанды зерттеуді қолға алу қажеттігін атап өтті.
– Шынында ХХ ғасырдың басында үлкен саяси орталық саналатын Алматы мен Шымкент қалаларына қарағанда Әулиеата өңірінде саяси белсенділік төмен болды. Алайда 25 мың көтерілісші қатысқан Созақ көтерілісіне де жамбылдықтар қатысты. Өлке тарихының осы бір тармағы әлі де толыққанды зерттеуді қажет етеді. Қазақ тәуелсіздігі үшін болған 370-тен астам баскөтерулердің арасында Созақ көтерілісі ерекше аталды. Көтеріліске қатысушылар жоғары талаптар қоя білді. Олар қазақты тапқа бөлуге, мүлікті талан-таражқа салуға, байларды жөнсіз қудалауға қарсы шықты. Алғашында келіссөздер нәтижесінде көтерілісшілердің талаптарын орындауға сөз бергендер уәдесін орындамады. Тіпті, көтеріліс белсенділерінің 300-і атылып, 200-і қудалауға ұшырады. Сайып келгенде бұл көтеріліс қазақтың трагедиясы, – деді Б.Әбдіғалиұлы.
Одан соң баяндама жасаған тарихшылар да Алаш тарихының әр қырына қатысты көзқарастарын білдірді. Мәселен, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Шаңбай «Алаштың үш анығы» атты философиялық түсінікті қолдануды ұсынды. Бұл түсінік алашордашылар дүниетанымын күллі қазақтың дүниетанымы етуді көздейді. Ал, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті Ерлан Сайлаубай Алашорда Үкіметінің барлық саяси күштермен тығыз байланыста жұмыс жасағанын баяндады. Алашорда қозғалысының өңірде қанат жаюына ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі нысанына айналдырған «Асу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Москау Нокрабеков облыста алаштану бағытында атқарылған жұмыстар жайында мәлімет берді.
Конференция соңында тарихшы-ғалымдардың ұсынысы негізінде жиынның қарары қабылданды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР