Сараптама

Алашұбар атаулардан қашан арыламыз?

Бүгінде жаза-жаза жауыр болған тақырыптың бірі – облыс аумағындағы алашұбар атаулар мәселесі. Әрине, бұл бағытта жауапты мекеме мамандары жұмыс жасамай, тек қол қусырып қарап отыр деуден аулақпыз. Бар гәп қазақы намыс пен ұлттық мүддеден ада кәсіпкерлерге тіреліп тұрғандай. Олай дейтініміз, бүгінгі бизнесмендер Тараз қаласының көшелерін жабайы жарнамалар мен ажарсыз афишалар былай тұрсын, түсініксіз тілде жазылған атаулармен толтырып тастағаны жасырын емес.

Бұған сіз бен біздің көзімізді жеткізу үшін алысқа бармай-ақ, облыс орталығындағы бірқатар көшелерді аралап шықтық. Ең алдымен Қолбасшы Қойгелді көшесінен бастаған бақылауымызда ә дегеннен «Wow Boni Burger» сауда нүктесі көзімізге түсті. Жеңіл-желпі тағамдарды әзірлейтін бұл орынға бас сұққанымызда, онда қызмет көрсетіп жүрген даяшы да, асханадағы аспазшы да өз қандастарымыз болып шықты. Солай бола тұра, асхана атауының не себепті ағылшынша аталып тұрғанын түсінбедік. Бұған осындағылардың бірде-бірі жауап бере алмады. Бір ғана білгеніміз, қожайыны басқа қалада екен. Ал, «Wow Boni Burger» деген жазудың қазақша мағынасы «Тамаша бургерлер» дегенді білдіретін көрінеді. Сонда қожайын нысанның маңдайшасына «Тамаша бургерлер» деп жазып қойса, тұтынушылар теріс айналып кете ме екен?!

Қойгелді көшесіндегі тағы бір тіл сындыратын атау – «Graziela» зергерлік салоны. Сондай-ақ, «Look Book» сауда нүктесінің атауы да көзге түрпідей тиіп тұр. Ал, «MD Glmeclub» ойын-сауық орталығының атауынан жаңылтпаштай жаңылдық.

Мұндай келеңсіз көріністер Жамбыл даңғылында да жетерлік. Мәселен, мұнда «Leon» выставка меха» сауда орнының жарнамасы Төле би мен Жамбыл даңғылының қиылысында менмұндалап тұр. Сондай-ақ, «Fladman» аксессуарлық желісі, «Mobil»-ка» байланыс және «Golden Ros» гүлдер салондары мен «Crocus» азық-түлік дүкені көше бойында қаз-қатар орналасқан. Соңғысының атауы бізді қызықтырып, «Crocus» дүкенінің қожайынына іздеу салдық. Анықтағанымыз, азық-түлік дүкені жеке кәсіпкер Өзгелді Медеубаевқа тиесілі екен. Алайда, бұл күні сауда орнында болған ұлы Алтай «Crocus» атауы гүл деген ұғымды білдіретіндігін айтты.

– Дүкенді ашпас бұрын, қалай атайтынымызды білмей қиналдық. Содан бір күні танысым «Crocus» деген қызғалдақ сынды гүлдің барын айтты. Ойлана келе, осылай атауға бел будық. Облыстық тілдерді дамыту басқармасынан мамандар келіп, дүкен атауын қазақшалау туралы бірнеше рет айтты. Алайда, «Crocus» жазуына қарасам, кейінгі кездері қолға алынып жатқан латын әріптеріне келеді. Сондықтан, екі жұмыс еткенше, өзі латынша теріліп тұрған атауды қалдыратын болып шештік. Кім келсе де, осылай түсіндіріп жатырмын, – дейді Алтай жерден жеті қоян тапқандай қуанып.

Шыны керек, кәсіпкердің мәселенің байыбына бармай, жеңіл-желпі тұжырым жасағанын көріп, бас шайқадық. Олай дейтініміз, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы бойынша «Крокус» атауы «Krokýs» деп жазылуы тиіс. Ал, кәсіпкердің мына «Crocus»-ы не ағылшынша емес, не латынша емес, дүбәра күй кешіп тұр. Осының өзі бүгінгі бизнесменнің білім деңгейін байқатып тұрғандай.

Жамбыл даңғылындағы «Crocus» сауда орнынан сүйсініп емес, күрсініп шыққаннан кейін «Moza» Banket Hall» кафесі, «Plaza» сауда орны, «Altezza» текстильный домына» кезіктік. Ал, «New York» киім дүкенін көргенімізде тіпті шалқамыздан түстік. Жоғарыда аталған кәсіпкерлер сауда орнын гүл немесе сұлулыққа қатысты атап жатса, бұл бизнесмен Тараз төріне «New York»-ті бір-ақ әкеліпті. «New York»-тің Жамбыл жеріндегі «қожайынын» бұл күні жұмыс орнынан таба алмадық. Алайда, аты айтып тұрғандай, бұл кәсіпкер сауда нүктесін ұлттық атау құрып қалғандай, мұхиттың арғы бетіндегі шаһармен «шимайлағанды» жөн көргені қынжылтты. Дәл сондай, Жамбыл даңғылының бойындағы «Magnat» супермаркетінен де қазақша аталған бірде-бір сауда нүктесін кезіктіре алмадық. Ол аз десеңіз, қос бүйірінен орын тепкен «Chalet» және «Reina» мейрамханалары да бейне бір кәсібін Қазақстанда емес, Англияда ашқандай еш қымсынбай қызмет көрсетуде.

Ал, Ниетқалиев көшесінде «Free Bar» кафесі, «Flex» жаттығу залы, «Rayal» сән салоны және «Tupper ware» ыдыс әлемі сынды нысандарды көзіміз шалып, көңіліміз күпті болды.
Негізі, мұндай түсініксіз атаулардан ықшамаудандарда да аяқ алып жүре алмайсыз. Мәселен, «Жансая» ықшамауданында жұмыс жасап тұрған «Small», «Grand», «Davmir», «Alser», «Euro Mebel» сынды сауда орындары аз емес. Сондай-ақ, «Қаратау» ықшамауданында орналасқан «Arai Plaza» бизнес орталығының атауы ағылшынша болғаны былай тұрсын, ондағы кеңселерді жалға алып отырған мекемелердің де маңдайшаларындағы жазулар қазақ қаріптеріне жат. Осы сәтте, бейне бір Таразда емес, шетелде жүргендей күй кешкенімізді жасырып қайтейік.

Біз қала көшелерін аралау барысында ағылшынша атаулардан бөлек, орысша ұғымдарға да көп орын берілгенін көрдік. Мәселен, Қолбасшы Қойгелді көшесінде «Мега блинная», «Модница», «Элита», «Лагманная» сынды нысандар орналасса, Жамбыл даңғылында «Любимые продукты», «Кожанные куртки», «Кашемировое пальто» сынды сауда нүктелері жұмыс жасауда. Сондай-ақ, Ниетқалиев көшесінде «Техосмотр. Страхование круглосуточно», «Юбилейный», «Венеция» жарнамалары да тілдік нормаға сай келмеуде.

Сізге өтірік бізге шын, қала орталығындағы бірнеше көшеден бұл күні біз «Санжар», «Інжу» деген сияқты бірді-екілі ғана қазақша атауды кезіктірдік.
Содан соң еліміздің Тіл туралы заңын бұл кәсіпкерлер менсінбейді ме деген ой келді. Және мәселенің мәнісін білмек мақсатта облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасына хабарласып, осы сауалды төтесінен қойдық.

– ҚР Тіл туралы Заңының 21-бабында «Бланкiлер, маңдай­шалар, хабарландырулар, жар­намалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады. Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағында немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi» деп атап көрсетілген. Алайда, өкінішке қарай, бүгінде бұл талапты орындап отырғандар аз. Оған дәлел, басқарма тарапынан ақпан-наурыз айларында жүргізілген «Қала келбеті – көрнекті ақпарат» акциясы барысында Тараз, Қаратау, Жаңатас қалаларындағы 2 002 нысанның 357-інің атауы тілдік нормаларға сай келмейтіні анықталды. Бұл нысандардың басым бөлігі Тараз қаласында орналасқан. Анықталған кемшіліктер қала әкімдеріне хатпен жолданып, олқылықтың орнын толтыру тапсырылды.

Бұдан бөлек, «Jambyl» те­ле­ар­на­сы арқылы «Тіл сақшы­сы» телебағдарламасы ұйымдастыры­лып, өткен жылы 26 түсірілім жасалды. Соның нәтижесінде, аудандар мен Тараз қаласындағы 142 нысаннан кемшіліктер анықталса, қайта түсірілім кезінде оның 97-cі ретке келтірілді. Биыл да бұл бағдарлама жалғасын тауып, бүгінгі күнге дейін Қордай, Меркі, Шу, Жуалы, Мойынқұм аудандарындағы 238 нысан зерделеніп, жіберілген кемшіліктерді жою жөнінде аудан әкімдеріне хаттар жіберілді.

Байқасаңыздар, басқарма тек орын алған олқылықтарды анықтап, әдістемелік көмек көрсетуге ғана құзыретті. Ал, жаза басқан мекеме басшылары мен кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартуға құқылы емес. Бұл мәселеге қатысты басқарма тарапынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне көрнекі ақпарат құралында заң бұзушылыққа жол берген тұлғаны жауапқа тарту бойынша жергілікті уәкілетті орган ретінде тілдерді дамыту басқармасының құзіретін және тексеру жұмыстарын жүргізу механизмін нақтылап беру туралы хат жолданған. Алайда, біздің хатымызға «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамаларын қолдану саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары және тексеру парағын бекіту туралы» еліміздің Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №20 және Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 9 ақпандағы №65 бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы жоба әзірленуде» деген екіұшты жауап келді. Осыдан кейін біздің де қолымыз қысқа болып тұр, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Набира Сүйманова.

Набира Қапарқызының айтуынша, көше бойындағы жарнамалар мен нысан маңдайшасындағы атаулардың бірізді болуына Тараз қаласы әкімдігі тұрғын-жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де жауапты көрінеді. Дегенмен, олардың да айтатын өз уәждері бар екен. Бөлімнің маманы Ерлан Әбілдаевтың сөзіне сүйенсек, мекеме көше жарнамаларын орнату орнын белгілеуге ғана жауапты екен.

– Біздің міндетіміз көше жарнамаларын орнатуға рұқсат беру ғана. Ал, жарнаманың мазмұнын зерделеп, бақылау біздің құзыретімізге кірмейді. Рас, көше жарнамаларында атаулар бірінші мемлекеттік тілде, одан кейін басқа тілде жазылуын тексеруіміз керек. Бірақ, нысандардың маңдайша атауларына біздің түк қатысымыз жоқ. Бұл жұмыстармен негізі қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі айналысуы қажет, – дейді маман.

Осылайша, басқарма жауапты деп тапқан бөлімнің маманы ат-тонын ала қашып, өздеріне кір жуытпады. Амал жоқ, қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөліміне хабарласып, мән-жайды сұрауға тура келді. Бөлім басшысының орынбасары Айдар Молдабаевтың айтуынша, шын мәнінде көше жарнамаларын бақылауда ұстау алдыңғы жылы қала әкімдігі тұрғын-жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылған екен. Алайда, аталған бағытта жүйелі жұмыс жүргізілмегеннен кейін сәулет және қала құрылысы бөлімі бұл жауапкершілікті өз мойындарына алмақ көрінеді. Ол үшін арнайы ереже бекітіліп, қосымша штаттық бірлік те қарастырылуда. «Осы жұмыстар бітсе, мамыр айында атаулардың реттілігін өз бақылауымызға аламыз», – дейді Айдар Тойлыбекұлы.

Иә, бізді ең болмаса бір бөлімнің маманы кемшіліктерді мойындап, жуырда жауаптылықты мойындарына алатындықтарын айтып қуантты. Десе де, олардың көше жарнамаларымен қатар, нысан атауларын да қадағалайтыны немесе қадағаламайтындығы әзірге беймәлім. Мұның бәрі мамыр айында белгілі болмақ.

Әрине, көрінген таудың алыстығы жоқ. Келер айда тірлік тіктеліп, түсініксіз атаулар мен өзге тілдегі жарнамалар бір жөнге келсе құба-құп. Әйтпесе, кейінгі кездері атаулар мен жарнамалардан бөлек, кейбір мекемелер өздері өткізетін шаралардың тақырыбын да ағылшын немесе орыс тілдерінде жазуды әдетке айналдырып барады. Мәселен, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» биылғы 19 наурызда өткізген байқауларына «TARAZ Аруы-2018» деп, не латын, не кириллица әліпбиінде емес, дүбәра айдар тақса, жуырда «CLIL – үш тілді білім берудің әдісі» немесе «WorldSkill Zhambyl-2018» сынды шараларға шақырту да қолымызға тиді. Шараның атауын шұбарламай, қазақшалай салса болмай ма? Құзырлы құрылымдар осылай жасағаннан кейін, басқасынан не үміт, не қайыр?

Біз байыбына бармай, байбалам салудан аулақпыз. Алайда, айтылмаса сөздің атасы өлетіні аян. Осыдан аттай 16 жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасымыз Астана қаласында қаптап кеткен ағылшын тіліндегі нысандардың атауларын сынға алғаны естеріңізде болар. Айтылған сыннан кейін 700-ден астам атау қазақшаланған болатын. «Синема сити» – «Самұрық», «Европа Палас» – «Ақ сұңқар», «Сити Маркет» – «Қазына» болып шыға келді. «Улыбка» ательесі – «Жібек», «Уют» жиһаз дүкені – «Жайлы», «Золотой ключик» балалар әлемі – «Алтын кілт», «It,s skin» корей косметикасы – «Ару», «Щин-щин» мейрамханасы «Жұлдыз» болып өзгертілгені де сол кезде еді. Облыс орталығындағы арыны басылмай тұрған англицизм үрдісінен арылудың нақты мысалы осы болса керек. Ендеше, мәселені «сен салар да, мен саларға» тіремей, жоғарыда аталған кемшіліктерді тез арада түзететін, қазақы болмысымызды қалпына келтіретін кез әлдеқашан келді деп есептейміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР