Алатау адам

0 2

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан үшін аянбай қызмет етіп, халқының зор құрметіне бөленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына биыл 109 жыл толды. Адалдықтың алтын қоры атанған халқымыздың арда перзентін ұмытпай, еске алып отыру – әр ұрпақтың міндеті, борышы.

Дінмұхамед Ахметұлы билік басында болған уақыт күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Ауыр өнеркәсіп саласындағы ірі өнеркәсіп орындары жедел қарқынмен өсті. Атап өткенде, Қарағанды – Теміртау, Павлодар – Екібастұз, Жамбыл – Қаратау, Шымкент – Кентау көмір-металлургия кешендері құрылды. Мемлекет қоймасына 7 рет бір миллиард, 8 рет 900 миллион пұттан аса астық құйылып, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізілді. Республикамыздың территориясының біртұтас бүтіндігін сақтап қалуға бар күшін сарқа жұмсап, Өзбекстанға берген жерлерді қайтарып алды. Сонымен қатар Орал, Атырау, Маңғышлақ, Ақтау жерлерін Ресейге қосып, әскери округ жасаймыз дегенде де қарсылық білдіріп, алып қалған еді. Неміс автономиясын құрғызбай, атом электр стансасының салынуына да үзілді-кесілді қарсы шықты.
Көреген басшының кезінде жалпы білім беру саласы, әсіресе жоғары білім беру жүйесі биікке көтерілді. 1945 жылы Қазақстанда 14 жоғары оқу орны болса, Димекең 1960 жылы 28-ге, 1985 жылы 55-ке жеткізді. 1955 жылы студенттер саны 70 мың болса, 1985 жылы 270 мың болған. Сонымен қатар ол кезде жоғары оқу орындарында оқитын қазақ жастары өте аз еді. Мысалы 1955 жылы студенттердің 28 мыңы ғана қазақ болса, 1985 жылы олардың саны 151 мыңға жетті.
Әдебиет пен өнердегі ұлттық және интернационалдық мәселелерге де үлкен мән беріп, халықтың талантты өкілдеріне қажет болғанда көмек беріп, қолдап отырған. Мысал ретінде Д.Қонаевтың Олжас Сүлейменовті «Аз и Я» кітабы үшін тағылған саяси айыптардан қорғап қалғанын келтіруге болады.
Мұның барлығы Димекеңнің туған халқының жарқын болашағы үшін сіңірген өлшеусіз еңбектерінің бір парасы ғана. Елу жыл ел ағасы болып, кеңестік Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Д.Қонаевтың еңбегін толық баяндап шығу мүмкін емес. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Жаңғара Дәдебаев «Д.А.Қонаев өшпейтін жарығы, өлмейтін рухы бар дана кісі» дейді. Яғни тұлғаның өлшеусіз еңбегі, өшпейтін жарығы әлі де қазаққа қызмет ете беретін болады.
Бүгінгі таңда Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесі кемеңгер тұлғаның өнегелі өмірін келешек ұрпаққа насихаттау, қайырымдылық жасау, гуманитарлық көмек аясында ынтымақтастықты дамыту сияқты іс-шараларды ұйымдастырып, қордың күнделікті тыныс-тіршілігін дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Әр жыл сайын Д.А.Қонаев қорының күнделікті жұмыс жоспары бекітіліп және аталған жоспарға сәйкес іс-шаралар рет-ретімен орындалуда. Қордың ауқымды жоспарларының бірі – еркін күрестен жарыс ұйымдастыру болатын. 2007 жылы республикалық деңгейде басталған дода 2012 жылдан бері халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып келеді. Соңғы рет 2019 жылдың қараша айында дәстүрлі турнир өтті.
Д.А.Қонаев қоры атынан қайырымдылық жасау мақсатында өткен 2020 жылы облыстың 10 ардагеріне облыстық қоғамдық-саяси «Ғұмыр-Дария» газетін тегін жаздырып берді. Сондай-ақ қордың ұсынысы бойынша жыл сайын облысқа еңбегі сіңген ардагерлер мен қор мүшелеріне Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай арнайы құттықтау жіберіледі. Аты аңызға айналған дара тұлғаның өнегелі өмірі мен Қазақстан халқына істеген еңбектерін таныстырып, насихаттау мақсатында ай сайын мектеп оқушыларымен, мұғалімдермен кездесулер ұйымдастырылды.
Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында әр апта сайын «Д.А.Қонаев қорының тыныс-тіршілігі», «Д.А.Қонаевтың балалық шағы», «Д.А.Қонаевтың атқарған қызметі» секілді әртүрлі тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырылды. Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында қордың арнайы ұсынысына сәйкес, облыс әкімінің өкімімен 2019 жылдың 11 желтоқсанында Д.А.Қонаев қорының 6 үздік қамқоршысы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. 2020 жылғы желтоқсан айында да 5 ардагер марапатқа ие болды.
Қор әр жыл сайын қазақтың біртуар ұлының туған күніне орай, яғни 12 қаңтарда салтанатты кездесу өткізіп, бюстіне гүл шоғын қою рәсімін өткізеді. Өткен жылы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс бойынша қайырымдылық акциясы жарияланды. Игі шараға қордың белсенді мүшелері қатысты. Тараз қаласы әкімдігінен тұрмысы төмен 20 отбасының тізімі арнайы хат арқылы алынып, азық-түлік таратылды.
Бүгінгі таңда Д.А.Қонаевтың көзін көрген, сол кезеңде қызмет тізгінін ұстаған белгілі азаматтар облыс әкімі Бердібек Машбекұлының атына Қонаевтың 110 жылдығына орай сквердегі бюстті ауыстырып, орнына еңселі, биік ескерткішін орнатуға ықпал жасауын сұраған болатын. Облыс басшылығы бастамаға қолдау білдірді. «Бірлігіңе бекем бол, халқым» деп Димекеңнің өзі айтып кеткендей, барлығымыз біртұтас ел ретінде ер есімін ұлықтасақ, лайықты құрмет болар еді.

Жапар КҮЗДЕУБЕКОВ,
Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің кеңесшісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.