Елбасы Жолдауы

Алдағы революцияларға болжам

Written by Aray2005

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз», деп жазған болатын. Тұңғыш Президент тапсырмасының негізінде жарық көрген еңбектің бірі – Клауб Швабтың «Төртінші индустриялық революция» атты кітабы.

Қазіргі қоғамның алдында тұрған алуан түрлі көкейкесті міндеттердің қатарындағы ең маңыздысы және өзектісі – адамзаттың мүлде қайта құрылуын көздейтін жаңа технологиялық революцияны саналы түрде түсініп, тиімді жүзеге асыру. Себебі қазіргі қоғам бүгінде күнделікті тірлікті, жұмысын, әдепкі қарым-қатынасын түбегейлі өзгертетін сол алапат революцияның бастауында тұр. Сондықтан қоғам осы индустриялық революция санайтын құбылысты барша азамат түсінуі қажет. Осы орайда Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» атты кітабы адамзаттың ортақ болашағы үшін алаңдайтын революциялық сұрақтарға жауап береді.
Шындығында, төртінші революция ауқымы, қарымы мен күрделілігі жағынан осы уақытқа дейінгі адамзат тарихындағы құбылыстардың барлығынан асып түседі. Осылайша жасанды интеллектінің, роботтандырудың, робот-автомобильдердің, 3D басып шығарудың, нанотехнологияның, биотехнологияның дамуымен және тағы да толып жатқан ғажайыптардың пайда болуымен барлық салада қарыштап көкке өрлейтін, таңғаларлық технологиялық дүмпуге куә болмақпыз. Десе де келер күн жұмбақ әрі бүкіл адамзатты қызықтыратыны ақиқат. Бұл орайда бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының негізін қалаушы және тұрақты президенті Клаус Шваб осындай алапат өзгерістердің әлеуетін алдын ала болжап, терең байыптап, оны адамзат игілігіне жарату жолдарын қарастыру мақсатында аталмыш еңбекті жазған екен. Яғни бұл кітап адамзаттың ортақ болашағы үшін алаңдайтын революциялық технологияларды қоғам тіршілігіне икемдеуге ниетті ортаға арналған.
Жалпы, Клаустың осынау еңбегінде бүкіләлемдік экономикалық форумның соңғы жиындарында қарастырылған, талқыланған және пікірталасқа арқау болған жобалар мен бастамалар келтірілген. Осылайша автор бүкіләлемдік экономикалық форумның болашақ қызметін жоспарлаудың өзінше құрылымын ұсынып отыр.
Негізінен үш бөлімнен тұратын кітаптың алғашқы бөлімінде төртінші революция жөнінде жалпы мағлұматтар жинақталған. Екінші бөлімде негізгі түрлендіруші технологияларға сипаттама берілсе, ал үшінші қорытынды бөлімде революцияның салдары және көлденең тартатын саяси ұрандардың мазмұны егжей-тегжейлі баяндалған. Қорыта айтқанда, оқырман бұл кітаптан Клаус Швабтың қайта құрулардың әлеуетін қоғамға тиімді енгізу, қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі кейбір тәжірибеден өткен идеялар мен шешімдерге қаныға алады.

Айша Қадірімбетова,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
«Физика» кафедрасының аға оқытушысы

ПІКІР