"Шабыт" Мәдениет

Әлем һәм әдебиет

Written by Aray2005

Елордамыз Нұр-Сұлтан шаһарында тұңғыш рет Азия қаламгерлерінің I форумы өтті

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi» десе, Ғабит Мүсірепов «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде– ұлт та ұлы бола алмайды» деп ой мен рухтың, ақыл мен сезімнің тұнық тұжырымын тайға таңба басқандай айтып кетті. Расымен, уақытпен үзеңгі қағыстырып, құйрық тістесіп жан-жақты жетіліп келе жатқан жер-жаһанда әдебиеттің де жаңа лебі мен легі, екпіні мен ертеңі алаңдатады. Дүние­жүзінде ең алғаш жазу-сызу пайда болып, «Өлең – сөздің патшасы» өмірге келген Азияны ақындардың айдыны, жазушылардың дариясы десек, артық айтқандық емес. Оның ақиқатын бойласақ, күллі адамзат өркениеті мен руханиятына азиялық қаламгерлердің қосқан үлесі Хан Тәңірімен пара-пар екенін аңғару қиын емес. Осы ретте Ұлы дала төрі, еңселі елордамыз– Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет Азия қаламгерлерінің I форумы өтті. Азиялық ақын-жазушылардың алтын шоғыры тоқайласқан ауқымды басқосуға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, ұтымды һәм ұтқыр ұсыныстармен бөлісті.

– Азия ақын-жазушыларының алғашқы форумы Қазақстанның Тұңғыш Президенті– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өткізілуде. Біздің халқымыз рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетін жан-жақты қолдауға әрдайым баса мән береді. Бұл берік ұстаным тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жаңа сипат алып отыр. Қазақ әдебиеті– халқымыздың санғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына. Тұтас түркінің ортақ мұралары «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» жырлары мен «Қорқыт ата кітабы»– әдебиетіміздің түп-тамыры. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сынды ұлы тұлғалардың еңбектері ислам дәуіріндегі түркі жұртын төрткүл дүниеге танытты. Алтын Орда заманындағы жыраулық поэзия дәстүрі өз жалғасын тауып келеді. Төл әдебиетіміздің асқар шыңға шығуы ұлы ойшыл Абайдың даналық болмысымен тығыз байланысты. Оның шығармалары – жалпы адамзатқа ортақ рухани жауһарлар. Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүниежүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни екі жарым миллиард оқырманға тарайды. Бұл – қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болмаған бірегей оқиға. Ұлы даламыз – сан алуан өркениеттер мен мәдениеттердің куәсі. Еліміз алып құрлықтың батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін жалғаған тоғыз жолдың торабында орналасқан. Біз – бір кездері Ұлы Түрік Қағанатынан мирас болған түркілік тегімізді сақтай білген халықпыз. Бүгінгі түркі жұртының теңдессіз жетістіктері сол дәуірлерден қалған ұлы мұралармен тығыз байланысты. Азия – ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, кейін тарих қатпарына сіңіп, қалыптасуына куә болған көне құрлық. Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері– адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Шығыс мәдениеттері сан алуан сипаттарына қарамастан, өзара астасып жатыр. Азия халықтарының өркениеттер қақтығысына ұшырамай, етене үндестікте дамуының басты сыры да – осында. Соңғы жарты ғасырда Азия қайта түлеп, қарқынды дамып келеді. Шығыс мемлекеттері әлемдік алпауыттар қатарынан нық орын алды, – деп Мемлекет басшысы өзекжарды өзекті мәселелерді тілге тиек етті.
– Бүгін мен осы форумға өзек болатын бірқатар маңызды мәселелерге тоқталғым келеді.
Бірінші. Жаһанданудың шығыстық дәстүрі нақты сипатқа ие болып, кеңейе түсуде. Мысалы, қазір Ұлы Жібек жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады. Шын мәнінде, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. Азия халықтарының сөз өнері бай, тамыры тереңде. Жер бетіндегі жазу-сызудың Шығыстағы Шумерде, Мысыр мен Қытайда пайда болуы – соның айқын дәлелі. Түркі, қытай, үнді, араб, парсы елдерінің көптеген көне жәдігерлері дәуір сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін жетті. Бұл мұралардың құндылығы неде? Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпы адамзаттық құндылықтар әдебиет арқылы әлемге таралды. Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселелердің шешімі де дәл осындай туындылардан табылады.
Екінші. Азия әдебиетінің өрісі айтарлықтай кеңейіп келеді. Шығыстан шыққан қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр. Бұл ретте Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу – форумның тағы бір маңызды міндеті деп санаймын. Шығыс даналығының дәстүр сабақтастығы сіздердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады деп ойлаймын.
Үшінші. Жаһандану дәуірінде Азия сын-қатерлерге лайықты төтеп бере отырып, өзіне тән бірегей ерекшеліктерін сақтап келеді. Батыс технологиясы Азия руханиятымен үндесіп, шығыстық жаңғыру үлгісін дүниеге әкелді. Қалаларда Шығыс әлемінің болмыс-бітімін насихаттайтын креативті класс пайда болды. Рухани байланыстарды кеңейту– жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі. Біз бұл үрдісті қолдап, әлем халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіспіз.
Төртінші. Азия бір кездері айырылып қала жаздаған мәдени, тарихи қатынастарын қалпына келтіруде. ХХ ғасырда екі жүйенің текетіресі Азияны да екіге бөліп, тұтас мәдениеттер арасына сызат түсірді. Орталық Азия «темір құрсауға» алынды, халықтар мен мемлекеттер қақ жарылды. Алайда біз бәрімізге ортақ, бастауы бір құндылықтарымызды сақтап қалдық. Жасанды кедергілер жойылған соң, біз біртұтас әлем екенімізді қайта сезіндік. Отбасылық және қоғам­дық дәстүрлер, еңбек­қорлық пен білімге ұмтылу – Азия халықтарына тән асыл қасиеттер. Мәдениеттердің жарасымды дамуын бір сөзбен «Әралуандық үйлесімі» деп түсіну қажет. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтқан өсиеті осыны меңзейді. Азия біріге алады. Қайта жаңғырған Ұлы Жібек Жолы – осының айқын дәлелі,– деді Қасым Жомар-Кемелұлы отандық һәм әлемдік әдебиеттің марғасқалары бас қосқан айтулы шарада. Сонымен қатар Президенттің Азия қаламгерлеріне тән әдеби сыйлық пен олардың туындыларын топтастыратын біртұтас электронды кітапхана құру туралы ұсынысы да көптің көкейіне қуаныш пен ой салды.
– Еуразия жүрегіндегі Қазақ даласы батыс пен шығысты жалғайтын дәліз ғана емес, Ұлы дала елі – сан тараптағы ғылым мен білімнің, өркениеттердің тоғысқан тұсы. Бүгінгі форум қазіргі заман үрдістерінің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететінін көрсетіп отыр. Рухани кемелденуге ұмтылмай, өркендеу болмайды. Ондай дамудың ешқандай маңызы жоқ. Бұл ретте сіздердің еңбектеріңіз Азияның ұлы мәдениетін жаңғырту ісіне елеулі үлес қосып келеді. Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін біз мынадай маңызды мәселелерге назар аударуымыз қажет. Алдымен, Азия қаламгерлері форумы шығармашыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуыкерек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау– басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек. Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті. Бұл Азияның теңдессіз дүниетанымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзіне айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз. Осындай игі бастамаларды іске асыру жұмысы қаламгерлерімізді біріктіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шығарады деп сенемін, – деген Мемлекет басшысының ұсынысы мен қазақ әдебиетіне деген құрметі жиынға қатысқан күллі зиялы қауымның жүрегіне жылулық сыйлағандай әсер қалдырды.
Осы сәтте қазақ әдебиетінің мақтанышы Мұхтар Әуезовтің «Біз ескі әдетімізді сүйеміз, сүюіміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз, құрметіміз орынсыз емес. Себебі әдебиетімізде өзге жұрттың әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр» деген парасатты пікірі еріксіз ойға оралады.
Жалпы EXPO Конгресс орталығында ұйымдастырылған форумға 40-қа жуық елден 300-ге жуық қаламгер қатысты. Әлбетте, жәй ғана қалам ұстағандар емес, Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары төбе көрсетті. Тек келген жоқ. Тереңнен ой қопарып, әдебиеттің өткені, бүгіні мен болашағы жайлы адамзатқа жүздеген жыл рухани азық болатын пәлсапа-көзқарастарын жиып-теріп, үйіп-төгіп кетті.
– Бұл – шын мәнінде, 1973 жылы Алматыда өткен Азия-Африка жазушыларының V кон­ференциясынан кейінгі орасан зор басқосу. Форум арқылы жаңа заманғы қазақстандық мәдениеттің әлем халықтарына кеңінен насихатталуына, рухани кеңістігіміз бен бай әдебиетіміздің жан-жақты таныстырылуына жағдай жасай отырып, бүкіл Азия әдебиетінің болашағына қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешу жөнінде алғаш болып бастама көтерген мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық имиджінің өсуіне ықпал жасалды. Ортақ Азия жазушыларының одағын құру деген де ұсыныстар айтылды. Мынау әдеби революция Қазақстаннан басталды деген әңгіме жаһанға тарауда. Үлкен сеңнің бұзылуы деген әңгімелерді естідік шетелдік қаламгерлерден. Нәтиже алдағы уақыттың еншісінде, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Әлбетте, әдебиетке бөлінген қаражаттың да, қажыр-қайраттың да қайтарымы бар һәм мол екені айтпасақ та түсінікті. Мәңгілік Ел болуды мақсат тұтқан мәуелі мемлекетіміз үшін бұл басқосудың жөні бөлек, ауқымы асқақ болды. Осы тұста біз шараға Жамбыл облысынан арнайы шақырылған белгілі жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлының пікірін білген едік.
– Форум жалпы Азия кеңістігінде бірінші рет өткізіліп отыр. Әркімнің көзқарасы бар. Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі ұлттың мәдениетінің, әдебиетінің көрсеткіші. Мәдениет, әдебиет болмай, біздің өркендеуіміз өте қиын болады. Экономика да халықтың мәдениетіне, адамгершілігіне, бәсекеге түсе алатын намысына байланысты. Ұлттық мүдде деген болады. Біз жаһандық глобализацияға еніп бара жатқандықтан, көзқарастардың бірлігі болу керек. Жеке адамдардың тағдыры, адамзаттың болашағы үшін барлығы қазір үйлесім табуы қажет. Егер біз үйлеспейтін болсақ, белгілі бір нысанаға адамзаттың бақытына қарай бірге бетбұрыс жасап, бірге жүрмесек, көптеген көштен қалып қаламыз. Кім екенімізді іспен көрсетіп, қазақ ақын-жазушыларының әлемдік кез келген проблемаға, бағы мен сорына терең көзқарасы бар екенін көрсете алуымыз керек. Жалпы олай болмаған күнде мұның барлығы жәй әңгіме болып қалады. Биліктің тарапынан қолдау тауып, Президент қатысып, ұсыныстар айтты. Азияда Нобель болмаса да, Букер сыйлығына теңесетін ортақ сыйлық болса деді. Оған Азияда тұратын барлық қаламгерлер қатысуы қажет және ортақ сондай қор болуы керек деп ойлаймын. Жалпы кез келген форум, әдеби жиындар ешкімге кітап жазып бермейді. Бір уыс талант та бермейді. Ол тек ой салады. Себебі ақын-жазушының ойы, көркемдік кестесі болмаса, табиғи берілген таланты, қабілеті болмаса оның барлығы жай әңгіме. Ізденіс дегеннің өзі сол келген сексенге жуық ақын-жазушының айтқанын көшіріп жазу емес. Ол дегеніміз– іштей ой таластыру. Олармен де келісетін, келіспейтін жерің бар. Сол арқылы жаңа идеялар, рухани құндылықтар оянады. Мәселен, оңтүстіккореялық және Моңғолиядан келген қаламгерлердің парасатты сөзі, әдебиет жайлы айтқандығынан адамзаттың бүгінгі ахуалын терең білетіндігі бірден аңғарылды. Қазақ ақын-жазушыларының қай деңгейде келе жатқандығы, қандай ойы бар екендігі, әрине, бір жиында тереңдетіліп айтыла салмайды. Бұл – қысқа да нұсқа ойлар тоғысы. Көптеген нәрсенің өзі қазір қайта жасалып жатыр ғой. Саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыда болсын алға ұмтылу бар. Сол секілді әдебиетке де жаңа тұрпат керек. Бұл көптен бері айтылып жүрген мәселе. Осы бағытқа беталыс керек. Ол 20-30 кітап шығарып, шаруа бітті деп жүру емес. 1 кітап болса да мықты, заманға сай, Батыстың мәдениетіне жақындай түсетін мәдениет керек. Оны көшіру міндет емес, үйрену жолы деген бар. Қайнардың суындай қайнап шығатын әдебиет керек бізге. Бәріміздің арманымыз сол. Ал оның жан дүниесінде адамзаттың бағы мен соры дейтін қатар жүріп отыратын құбылыс бар. Осының арасынан өзіңнің ниетіңді жақсылыққа бет алған халықтың мүддесімен үндестіре білу, айтып бере алу бүгінгі мәдениеттің ұшар басында тұрған қазынамыздың, жаңа тұрпатты әдебиеттің еншісінде, – дейді Несіпбек Дәутайұлы.

Осылайша Азия құрлығында орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту әрі егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды мақсат-міндеттерді көздеген әдеби форумның жалпы отырысында Нобель сыйлығының номинанттары Оңтүстік Корея қаламгері Ко Ын, катарлық Моза аль-Мальки, моңғолиялық Гомбожавын Мэнд Ооёо, Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты үндістандық Амар Митра, Әзербайжан халық жазушысы Анар Расуыл Рзаев баяндама жасады. Форум жұмысы 3 күнге созылды.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР