Жеңіс-75

Әлем елдері жеңіс күнін қалай және қашан тойлайды?

Written by Aray2005

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы. Бұл шараға қазақстандықтар былтырдан бері қамданғаны белгілі. Алайда коронавирус кеселі көп тірлікке қолбайлау болып тұр. Дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай мерекелік шараларды ойлайн режимде өткізу, майдангерлердің ерлігін насихаттап, құрмет көрсету сынды шаралар жүйесін табуда.
Ал әлем елдері Жеңіс күнін тойлайды ма? Кезінде одақтас болған мемлекеттер бұл күнді қалай атап өтпек?

Ресей Федерациясы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын салтанатты түрде атап өту жоспарынан бас тартқан жоқ. Кремль оны өткізудің баламалы сценарийлерін талқылауда. Негізгі жоспардың бірі – мамырдағы әскери парадқа көрермендерді қатыстырмай, тек телеарналардан тікелей эфир таратуды көздейді. Егер індет өршіп кетсе мерекені кейінге шегеріп, биылғы күзде екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған қыркүйек айында толыққанды форматта ұйымдастыруды қарастыруда. Ондай жағдайда мерейтойлық рәсімге ардагерлер және өзге мемлекеттердің Президенттері де шақырылады.
Негізі бүкіл әлемде Екінші дүниежүзілік соғыс
2 қыркүйекте бітті деп есептеледі. Ал Ресейдің Мемлекеттік Думасы биылғы 1 сәуірде заң қабылдап, нақты датаға
3 қыркүйекті белгіледі. Осылайша солтүстік көршіміз Ұлы Жеңіс күнін қыркүйек айында кең көлемде атап өтуге ниет танытып тұрғандай. Егер қыркүйекте де коронавирус індеті басылмаса, онда Мәскеудегі шеру қараша айына жылжуы мүмкін. Өйткені 1941 жылғы 7 қарашада жау дәл Мәскеудің іргесінде тұрғанда, Сталин әскери парад өткізіп, оған өзі қатысқан. Ресейліктер бұл оқиғаны ұлт рухын көтерген тарихи, маңызды сәт санайды. Десе де, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 9 мамырда Жеңіс парадын ұйымдастыру жоспары өз күшінде екенін айтады.
Ақорда Мәскеудегі парадқа Қазақстан басшылығының қатыспайтыны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен ел Үкіметі Жеңістің 75 жылдығына арналған ауқымды мерейтойлық шаралар коронавирус індеті басылғаннан кейін жүретіндігін айтуда.
Көрші Қытай мемлекеті де Жеңіс күнін қыркүйек айында тойлайды деген ақпарат айтылуда. Ал немістер болса, жылда 8 мамырды «Германияны азат ету күні» деп атап, Берлин қаласында кеңес әскеріне гүл шоқтарын қою рәсімін өткізеді. Сондай-ақ Рейхстаг маңындағы саябаққа жұртшылық жиналып, соғыс жылдарындағы әндерді шырқайды. Германия Үкіметі әзірге бұл шаралардың кейінге қалғаны туралы мәлімдеген жоқ.
Ұлыбританияда Жеңіс күні мемлекеттік мерекелер тізіміне кірмейді. Алайда 8 мамыр күні тұрғындар Уайтхолл көшесіне жиналып, британдық ардагерлерге құрмет көрсетеді. Сондай-ақ «Белфаст» мұражай крейсерінде қаза тапқандарды еске алып, қонақасы беріледі. Алайда дәстүрлі шараларды ағылшындардың қашан өткізетіндігі әзірге белгісіз.
АҚШ-та Жеңіс күні 8 мамыр күні тойланады. Бірақ мемлекеттік мереке ретінде Жапонияның капитуляция күні 2 қыркүйекке белгіленген. Құрама Штаттарда коронавирус індетін жұқтырғандардың саны күн санап артып жатқанын ескерсек, бұл ел де Жеңіс күнін қыркүйек айында атап өтетін секілді.
Францияда одақтас Нормандия солдаттарының Парижді фашистерден азат етуі Жеңіс күні ретінде айрықша қабылданғанымен, оларда 8 мамыр күнін Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні ретінде тойлайды. Бірақ бұл елде де мерекелік шаралардың биыл қалай өтетіндігі әзірге нақтыланбады.
Нидерланды мен Дания мемлекеті тіпті Жеңіс күнін 5 мамыр күні мерекелейтін. Алайда әлемдік пандемияға байналысты бұл мемлекеттерде мерекелік көңіл-күй сезілмейді.
Сондай-ақ Чехия, Словакия, Польша, Италия, Израйль сынды елдерде де әзірге мерекелік шараларды өткізу жоспары белгісіз күйде қалып отыр.
Қалай айтсақ та, Ұлы Жеңіс күнін қазақстандықтар мен жамбылдықтар қашықтықтан болса да атап өтетіні даусыз. Себебі бұл – ел тарихындағы айтулы күн.
Ендеше Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құтты болсын! Айтулы мерекені бірге, амандық пен саулықта тойлауды жазсын!

С.ЖАПАРҰЛЫ

ПІКІР