Sport

Әлем кубогы кімге бұйырады?

Төрткүл әлем көз тіккен футболдан Әлем чемпионаты өз мәресіне жетуге жақын. Ширек финал үшін болған бәсекелерде ауызын айға білеген құрамалар өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Алдын ала болжам бойынша фаворит ретінде танылған командалар мундиальмен ертерек қоштасып жатса, тыңнан түрен салып әлемді таңғалдырған командалар да тіркелді.

Чемпионаттың ¼ финалының алғашқы ойыны Уругвай мен Франция құрамалары арасында өтті. Матч басталмастан бұрын мамандар басымдықты ешкімге бере алмады. Себебі, екі команда да деңгейлес құрама болып табылатындықтан ойын көпшілікті қызықтырғаны белгілі. Көптен күткен ойын бастала салысымен француздар ойын тізгінін өз қолдарына алып, басымдықтарын танытты. Шабуылдан бұрын қорғанысқа ден қойған оңтүстік америкалықтар қарымта шабуылға Каванисіз шығып отырды. Шабуыл өтінде жалғыз қалған Суарестің алаңда атой салғанына қарамастан француздардың қақпасынан саңылау табу мүмкін болмады. Ал, еуропалықтар болса шабуылды үсті-үстіне үдетіп, алғашқы таймның 40-минутында діттегендеріне жетіп тынды. Француздардың шабуылдағы үміті Гризманның көтерген добын Варан қақпаға баспен бағыттап, есеп ашты. Екінші тайм бастала салысымен уругвайлықтар қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, есепті теңестіруге барын салды. Дегенмен, Уго Льорис қорғаған қақпадан саңылау таба алмады. Осылайша, бар күштерін шабуылға салған Суарес бастаған уругвайлықтар «сен соқпасаң, саған соғады» дегеннің кебін киді. Нақтырақ айтқанда, ойынның 62-минутында Гризманның шірене тепкен добын көк жиделілердің қақпашысы Фернандо Муслера уысында ұстай алмай, қақпасына тағы бір гол жіберіп алды. Есеп 2:0-ге жетті. Уругвайлықтар қанша комбинациалды шабуылдарға иек артқанымен француздардың қақпасының кілтін таба алмады. Осылайша, олар бәсекені ширек финалдан аяқтауға мәжбүр болды.

Жанкүйерлердің тағатсыздана күткен тағы бір ойыны – Бразилия – Бельгия арасындағы кездесу болды. Неймар бастаған жігіттер матч басталысымен-ақ өздеріне тән ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарының адымын аштырмауға тырысып бақты. Шабуылды үсті-үстіне үдеткен олар бельгиялықтардың қақпасына бірнеше рет қауіп тудырып отырды. Сондай ұрымтал сәттердің бірінде Тиаго Силва бағыттаған соққы қақпа бағанынан қайтса, Паулиньо өзіне берілген мүмкіндікті сәтті пайдалана алмады. Ал, өз кезегінде қарсы шабуылға ден қойған қызыл сойқандар ойынның 13-минутында есеп ашып кетті. Бельгиялықтардың бұрыштамадан көтерген добын Фернандиньо сәтсіз қабылдап, өз қақпасына гол соғып алды. Өздеріне гол жіберіп алғаннан кейін әлемнің 5 дүркін чемпиондары Куртуа қақпасынан саңылау табуға барын салғанымен, еш нәтиже болмады. Бірақ, Манчестер Ситидің ойыншысы Кевин Де Брёйне ойынның 31-минутында есепті еселеп, бразилиялықтардың салын суға кетірді. Екінші таймда алған беттерінен танбаған бразилиялықтар ойынның басым бөлігін шабуылда өткізді. Нәтижесінде, кездесудің 76-минутында Аугустоның голы арқылы есепті қысқарта алды. Дейтұрғанмен, тағы гол салуға сәттілік жетіспеді. Осылайша, бразилиялықтардың әлемнің 6 дүркін чемпионаты боламыз деген жоспарлары аяқсыз қалды.

Әр кездесу сайын сенімді ойнап, қарсыластарын қапы қалдырып келе жатқан құраманың бірі Англия. Олар ширек финалда Швециямен өзара кіл мықтыны анықтады. Матчтың алғашқы жарты сағаты алма-кезек шабуылдармен өтті. Дегенмен шабуылы қарқынды ағылшындар ойынның 30 минутында әуеден көтерілген допты Англияның қорғаушысы Гарри Магуайр сәтті пайдаланып есеп ашты. Қарсыластарынан есе жіберіп алғаннан кейін Швеция құрамасы қауіпті шабуылдар ұйымдастырып отырды. Алайда, ағылшындардың қақпа күзетшісі Джордан Пикфорд өз жұмысын тиянақты атқарып, қарсыластары бағыттаған соққыларды сәтті қайтарып отырды. Ойынның екінші бөлігінде қорғанысты кейінге қалдырып, тайлы-тұяғымен шабуылға ден қойған Швецияның бұл тактикасы сәтсіздікке ұшыратты. Қарсы шабуылдардың бірінде ағылшындық Дели Аллидың баспен бағыттаған соққысы қақпа торын бүлк еткізді. Есеп 2:0. Бұл нәтиже ойын соңына дейін сақталды. Осылайша ағылшындар араға 28 жыл салып, Әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алып отыр.

Ширек финалды Хорватия мен Ресей арасындағы матч қорытындылады. 1/8 ойында Испанияны жарыс жолынан ысырған алаң иелері бұл ойынға да қарқынды шықты. Дегенмен хорваттар өз басымдықтарын танытып отырды. Шабуылы жүйелі ресейліктердің қорғаушысы Денис Черышевтің алыстан шірене тартқан соққысына хорват қақпашысы еш қауқар көрсете алмады. Бұл ойынның 31-минуты болатын. Тәжірибелі ойыншылардан құралған Хорватия құрамасы араға 8 минут салып Черышевтің голына жауап қатты. Ол жауапты голдың авторы Андрей Крамарич. Екінші таймда шақпақ жиделілер есепті еселеуге барын салғанымен Акинфеев бастаған жігіттер қарсы тұра білді. Нәтижесінде, ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Кім мықтыны анықтауға овер-тайм да көмектеспеді. Бұл берілген қосымша таймда хорват Вида көзге түсіп есепті еселегенімен, алаң иелері сапынан Марио Фернандес өз мүмкіндігін қалт жібермеді. Жеңімпазды тек пенальти сериясы арқылы анықтауға тура келді. Кезектесіп соққы жасасқан қос команда жартылай финал үшін таласты. Нәтижесінде Хорваттар 4:3 есебімен басым түсіп, Әлем чемпионатының сенсациясын жасап келе жатқан Ресейді тоқтатты. Сонымен, жартылай финалдың кезекті қарсыластары Хорватия мен Англия.

Ал, дүйсенбі күні жартылай финалдық ойындарда Бельгия мен Франция ақтық бәсеке үшін өзара кіл мықтыны анықтады. Бельгия азулы Бразилия құрамасын еліне қайтарған соң чемпионаттағы бірінші фаворит Франция еді. Сондықтан, бұл кездесуде де көпшілік олардың ұтатындығына сеніммен қарады. Дегенмен, қызыл сойқандар мен Зиданның отандастары арасындағы матчтың алғашқы таймы өте тартысты өтті. Қос тарап өздерінің қарымды шабуылдарына иек артқанымен есеп ашыла қоймады. Ойын барысында шабуылшылардың соққылары қақпадан мүлт кетіп жатса, енді бірде қақпашылар қырағылық танытып жатты. Осылайша, бірінші таймда аса сақтықпен ойнаған қос команда да қарсылас қақпасынан еш саңылау таба алмады. Ақтық сынға сынық сүйем қалған шақта ұтылғысы келмеген құрамалар кездесудің екінші бөлігін де ширақ бастады. Дегенмен, ойынның 51-минутында франциялықтардың шабуылшысы Гризманның бұрыштамадан көтерген добын қорғаушы Самуэль Умтити баспен соғып бельгиялықтардың қақпасында тулатты. Мұнан кейін ойын қыза түсіп, Азар, Фелайни және Кевин Де Брёйне бастаған сақа ойыншылар шабуылға қанша жерден қан жүгіртіп, гол соғуға ұмтылғанымен франциялық қақпашы Уго Льорис сыр алдыра қоймады. Өз кезегінде Гризман бастаған жігіттер де есепті еселеуге тырысқанымен сәттілік жетіспеді. «Барселона» клубының қорғаушысы Самуэль Умтитидің салған жалғыз голы француздарды төртжылдықтың ақтық сынына алып шықты. Өз тарихында үшінші мәрте Әлем чемпионатының финалына шыққан француздар енді Англия-Хорватия кездесуінің жеңімпазымен жолығады. Бельгия құрамасы болса 14 шілде күні қола жүлдеге таласады.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР