Мәдениет

Әлем таныған Абай

Written by Aray2005

Халық жазушысы, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Мұхтар Мағауин Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы туралы 1996 жылы жазған «Абай тойы» атты мақаласында: «Абай тойы шет елдерде басталды. Тәуелсіздік арқасы. Бұдан бұрын, жарым дүниені уысында ұстаған, Кремльдегі түшкірік әлемнің екінші бір шетіне күркіреп жететін Совет заманының өзінде, қандай дәрежедегі болмасын қазақ қайраткерінің мерейлі күндері сырт аймақта аталып көрген емес. Енді ұлы ақынның тұғырлы мерекесі халықаралық мәдени-қоғамдық ұйым ЮНЕСКО шеңберінде ілтипатқа алынып, Шығыстағы үш мың жылдық цивилизация ошағы Қытайда, Еуропаның жаңа мәдениет ордасы Францияда, бірге туған бауыр, түрік әлемінің ұйтқысы Түркияда, сонымен қатар, қазақ диаспорасы, қазақ елшілігі бар тағы қаншама елде кеңінен аталып өтуі-Абайдың ұлылығына ғана тағзым емес, сол Абайды туғызған халыққа ықылас, ең бастысы-тәуелсіз жаңа республикаға деген құрмет белгісі болатын. Яғни, шет елдердегі Абай күндері ұлы ақынды насихаттау аясында қазақ елін, қазақ халқын, оның рухани қуаты мен өрелі ақыл-ойын да таныту, ұғып-білу жолына септесуге тиіс еді. Өте ауқымды әрі қиын шаруа» деп толғанады.

Жазушының мазмұнды мақаласынан қазақ халқының ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы егемен мемлекеттің негізі енді қаланған сындарлы шақта да жоғары деңгейде аталып өтілгенін аңғарамыз. Содан бері де арада сынаптай сырғып 25 жыл өте шыққан екен. Араға ширек ғасыр салып, Абай даңқы қазақ даласында қайта асқақтады.
Жыл басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы жарияланып, көп ұзамай Мемлекет басшысының тапсырмасымен «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымызды» мақсат еткен тағылымды, мәні мен маңызы жоғары іс-шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде басталып кетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған кең көлемді мақаласында: «Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл-бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы» деп ақын мұралары тек ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен насихатталуы керектігін баса айтты.
Сол себепті де Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарда ұлы ойшылды әлем елдерінде насихаттауға да басымдық берілген. Аталған жоспардағы ең маңызды жобалардың бірі – Абай шығармалары 10 тілге (француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай және түрік, жапон, неміс, италия тілдері) аударылып, сондай-ақ 3 мың дана таралыммен басып шығарылмақ. Аударманың бір ұлттың әдебиетіндегі асыл-жауһарларын әлем жұртшылығына танытудың бірден-бір құралы екені айтпаса да белгілі. Сондықтан қолға алынған жобаның ұлттың рухани ұстазының әдеби мұрасын насихаттауда маңызы зор.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жүктеген міндеттемелерді тиісті деңгейде орындау мақсатында жүзеге асып жатқан тағы бір маңызды жоба– шетелдерде «Абай» мәдени-ақпараттық орталығын ашу. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана ҚР Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрліктерімен және шет мемлекеттердің бірнеше елшілігімен бірлесе отырып, жобаны жүзеге асыруда. Бүгінге дейін жарқын жоба аясында Еуропаның Чехия (Прага), Венгрия (Будапешт), Словакия (Братислава), Германия (Берлин), Польша (Свече) және өзге де бірқатар елдерде«Абай» мәдени-ақпараттық орталықтары есігін айқара ашты. Орталықты ашудағы мақсат – Абайды, Абай арқылы қазақты әлемге таныту, ғылыми-мәдени байланыс орнату болып табылады. Абай өлеңдері, қара сөздері, деректі құжаттар, аудио, бейнематериалдар топтастырылған мәдени- ақпараттық орталықтар Абай тағылымымен қоса қазақтың дәстүр-салты мен әдеп-ғұрпынан көп ақпарат береді. Бекітілген жоспарға сәйкес, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай 2020 жылдың 5 шілдесінде 50 мемлекеттік халықаралық «Абай домбырасы-party» мәдени шарасы, ақындар мүшайрасы, ақын кітаптарының тұсаукесері және өзге де іс-шаралар өтпек.
Осылайша Абай мұрасын әлемдік деңгейде насихаттау, қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін жер-жаһанға танытудың маңызды, айтулы қадамы сәтімен жүзеге асуда. Ал Абай жылы аясында әлемнің түкпір-түкпірінде атқарылып жатқан мәдени-рухани нәрі мол, тәлім-тәрбиелік тағылымы зор игілікті істердің жемісін алдағы уақытта тататын боламыз. Себебі 1995 жылғы Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы дүниежүзіне қазақ деген ел бар екенін танытты. Мерейтойдан кейін ұлы ойшылдың ұлылығын ұғынып, әлемнің түкпір-түкпірінде Абай Құнанбайұлының ескерткіштері ашылып, көше аттары беріліп, мол мұралары әлемнің көптеген тілдеріне аударыла бастады. Мәселен бүгінде Францияның Ренн қаласында, Венгрияның Будапешт қаласында, Мысырдың Каир қаласында Абайдың бюсті орнатылған. Каирдағы бюсттің ашылу салтанатында қала басшысының орынбасары Мысыр астанасында Абайға бюст қою – мегаполистің маңызды оқиғасы екенін және қазақ пен мысыр халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететінін атап өткен екен. Сондай-ақ Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің жанында, Бейжіңнің «Цзинтай» көркем музейінде Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылған. Ал Ташкенттегі Абай ескерткішінің ашылуында сол кездегі Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтің: «Өзбекстанда Абайды бүкіл өмірін ізгілік пен әділдіктің салтанат құруы үшін күресіп, өз халқының мұң-мұқтажы мен биік мұраттарға ұмтылысын жырлауға арнаған нағыз халықтық ақын, ағартушы және гуманист ретінде жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Өзінің өшпес туындыларында қазақ халқының рухани жан қуатын, оның ең ізгі қасиеттерін жарқын және толық көрсетіп берген Абайдың орасан зор еңбегін бағаламау мүмкін емес», – деуі тегіннен-тегін емес болса керек-ті. Осы орайда осыдан бірнеше жыл бұрын Өзбекстанда өзбекстандық кинематографтар түсірген «Абай сөзі» атты деректі фильмнің жарық көргенін айта кеткеніміз жөн. Игі бастама Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулысы аясында жүзеге асқан. Өзбек тіліндегі туындыда ақынның балалық шағы мен өскен ортасы, шығармашылығы мен мұрағат құжаттары кеңінен көрсетілген.
Демек бұдан шығар қорытынды бүгінде әлемнің көптеген елдері Абайды және Абай арқылы қазақты таниды. Әрине мұның барлығы қазақтың бас ақынының өмірін, шығармашылығын насихаттау мақсатында жүргізілген нәтижелі жұмыстардың жемісі екені айдан анық.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР