Диагноз

Әлемді алаңдатқан COVID-19

Written by Aray2005

Қауіпті індетті жұқтырған жерлесіміздің коронавирусқа талдауы қосымша зерттеу үшін Алматы қаласына жіберілді

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан өзге еліміздің бірқатар аймақтарында анықталып, қазіргі уақытта індетке шалдыққандар саны 80-ге жетті. Облысымызда да коронавирус індетінің алғашқы жағдайы тіркелді. Осыған орай, кеше облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков, облыстық ұлттық сараптама орталығының директоры Байділдә Шыналиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді.

Баяндамашылар әлеуметтік желідегі вирусты жұқтырған жамбылдық азамат жайлы желдей ескен ақпаратты растап, қазіргі уақытта азаматтың денсаулығы толықтай медициналық бақылауда екенін атап өтті.
– 25 наурызда облысымызда алғашқы коронавирусты инфекциямен ауырған науқас тіркелді. Жиырма тоғыз жастағы Шу ауданының тұрғыны 23 наурызда Қырғыз Республикасынан Жамбыл облысына өзінің жеке автокөлігімен келген. Алдын ала жүргізілген талдаулар қорытындысы коронавирустық инфекцияға оң нәтиже көрсеткен, – деді М.Жұманқұлов.
Алынған биоматериалдар қосымша зерттеу үшін Алматы қаласына жіберіліпті. Соңғы нәтижелер зертханалық зерттеу қорытындысы алынғаннан кейін жарияланады. Басқарма басшысының айтуынша, науқастың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, көңіл-күйі жақсы, коронавирустық инфекция белгілері байқалмайды. Ал аталған тұрғынмен 13 адам жақын байланыста болғандығы анықталып отыр. Олардың барлығы карантиндік стационарға оқшауланған. Жағдайлары қанағаттанарлық. Зерттеу үшін олардан да талдаулар алынған.
– Қазіргі уақытта науқас ауруханада ем алуда. Барлық қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Азаматтың тұрғылықты мекенжайын залалсыздандыру және қарым-қатынаста болған тұлғаларды оқшаулау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 Қаулысына сәйкес, 1 A санатындағы елдерден келген 4 азамат және 1 Б санатындағы елдерден келген 67 азамат үй карантиніне оқшауланды.

Айрықша атап өтер жайт, қазір әлеуметтік желілерде коронавирус пандемиясына байланысты түрлі ақпараттар таралуда. Мәселен Т.Рысқұлов ауданында коронавирус тіркелгені бірнеше күннен бері қызу талқылануда. Шындығында аталмыш ауданда індет жұқтырғандар анықталған жоқ. Сол себепті ресми орган өкілдері растамаған мәліметке сенудің қажеті жоқ екенін айтқым келеді, – деген Марат Сейтбекұлы жалған ақпарат таратушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Брифинг барысында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков, облыстық ұлттық сараптама орталығының директоры Байділдә Шыналиев те қатерлі дертке шалдыққан азаматтың денсаулығы бірқалыпты екенін айтып, оның қатаң медициналық бақылауға алынғанын жеткізді.

Талғат Нұрханов

ПІКІР