«Әлемді алаңдатқан індет кезінде еріктілердің еңбегі өлшеусіз»

0 10

Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Бұлардың қатарында жамбылдықтар да жетерлік. Олардың қоғамдағы алар орнын бағамдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Волонтер жылы деп жариялаған болатын. Бұл тұрғыда биыл облыста қандай жұмыстар атқарылады? Шешімін күткен нендей мәселелер бар? Осы орайда, «Жібек жолы» волонтерлер қозғалысының жетекшісі, ТарМПУ-дың белсенді студенті Аяулым Расылханмен сұхбаттасқан едік. 

– Бүгінгі күні әр сала бойынша жұмыс істеп жүрген жастар ұйымдары жетерлік. Дегенмен сіздің волонтер болуыңыздың себебі неде?
– Расында әр нәрсенің өз себебі болады. Ал, менің еріктілікке келуіме қайырымды іске құмарлығым себеп болды. Өйткені бұл өмірде не істесең – алдыңа екі еселеніп келетіні ақиқат. Сондықтан шығар өмірлік ұстанымым – әр адамға қайырымды іс жасап, жетім көрсем жебеп жүру. Волонтер ретінде балалар және қарттар үйіне жиі барып тұрамын. Әрине ол жаққа бару кеудесінЙде жүрегі бар пендеге әсер етпей қоймайды. Жасыратыны жоқ, барлығымыз пендеміз, тек тағдырларымыз әртүрлі. Біреудің басына жақсы өмір сүру бұйырса, екіншісіне қиын сынақты беріп қояды. Бірақ, солай екен деп қол қусырып қарап отырған дені сау адамға жараспайды. Он екі мүшең сау, тұрмысың жайлы болса қайырымды іс жасауға тырысу керек. Олай дейтінім, бұл өмірде әрбір қайырымды істің өз қайыры бар.
Шүкір, мен жақсы отбасында дүниеге келдім. Әке-шешем ешнәрседен тарықтырған емес. Сондықтан бұл өмірде барлығының жағдайы бірдей деп ойлайтын едім. Волонтер бола жүріп, бұл ойымның қате екенін түсіндім. Мәселен, біз облыс орталығындағы жатақханаларда тұрып жатқан отбасылардың шаңырағын өз көзімізбен көріп, түрлі көмектер бердік. Сонда түсінген бір дүнием ол – шаршы метрі менің бөлмемдей болатын аумақта бүтін бір отбасы өмір сүреді екен. Ол аумақтың ішіне жатын, ас, жуынатын бөлмесі де кіреді. Шыны керек мен ондай жағдайды көргенге дейін әкеме көпқабатты үйден жер үйге неге көшпейміз деп ренжуші едім. Бірақ, волонтер бола жүріп ол ойымнан айныдым.
– «Жібек жолы» волонтерлер қозғалысының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айта кетсеңіз…
– Бұл қозғалыс 2016 жылы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан құрылған болатын. Сол жылдан бері үздіксіз жұмыс атқарып келеді. Биылдан бастап өзім басқарамын. Қозғалыстың қала бойынша 200-ден аса мүшесі болса, облыс бойынша 2000-ға жуықтады. Түрлі жобалар бойынша жұмыс жүріп жатыр. Атап айтқанда облыстық полиция департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті жанындағы «ANTIKOR» орталығымен тығыз қарым-қатынастамыз. Олармен әрдайым бірлескен шаралар өткізіп, жиындарына қатысып отырамыз. Өз кезегінде аталған органдар бізге әрдайым демеушілік танытып келеді. Жыл сайын облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастыратын «Профи» және «Дельфий» ойындарының да басы-қасында «Жібек жолы» волонтерлер қозғалысының мүшелері жүреді. Дейтұрғанмен біз үшін қайырымдылық шаралары бірінші кезекте тұрады.
Тілге тиек ете кететіні, қала тазалығы үшін ұйымдастырылатын сенбіліктерден де қалыс қалған кезіміз жоқ. Сол секілді облыстық деңгейде өтетін жиындарға әрдайым көмектесеміз.
– Қазіргі төтенше жағдай кезінде сіздердің нағыз сыналатын кездеріңіз келді десек те болады. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Ашығын айту керек, коронавирустық инфекция біздің елімізде де тарала бастағанда медициналық бетперде жетіспеушілігі сезілді. Бұл мақсатта облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп өңірдің волонтерлері маскалар тігіп, таратып жатырмыз. Нақтырақ айтқанда, алдымен адам көп баратын сауда орындарының сатушыларына бетперделерді тегін үлестірдік. Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарына бетперделер мен арнайы қолғаптар тараттық. Бұдан өзге қала тазалығына жауапты мекеме жұмысшыларына да бетперделер берілді. Түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әлемді алаңдатып отырған пандемия кезінде еріктілердің еңбегі өлшеусіз дегім келеді.
– Сізді волонтер ретінде қандай мәселелер толғандырады?
– Осы уақытқа дейін бірнеше қалаларда болып, тәжірибе алмасып қайттым. Байқағаным, біздің өңірде волонтер десе көз алдарына студенттерді елестетеді. Шынында мүлде олай емес. Басқа қалаларда жасы 50-60-қа келген азаматтар да еріктілердің қатарында қайырымдылық шараларының бел ортасында жүр. Бұдан бөлек, волонтер жастардың ерекшелігі тез есейеді. Сондықтан ата-аналарына көп масыл болғысы келмейді. Осы орайда оларға еңбекақы төленбей жататыны толғандырмай қоймайды.
Тағы бір айта кетерлігі, біздің бүгінгі қоғамда еріктілерге деген көзқарас та ерсілеу. Яғни, «барып кел, шауып кел» секілдіміз. Айтпағым волонтерлерге деген мәдениет тым саяз. Сондықтан өңірде осы бағыттағы мәдениетті көтеру қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.