Sport

Әлемдік деңгейдегі алыптар айқасы

Бұл күні Шымбергенов шаршы алаңға шыға ма?

Сүйінші, ағайын! Бүкіләлемдік бокс сериясы Тараз төріне жетті. Төрткүл әлем көз тіккен ең айтулы турнирдің үш дүркін жеңімпаздары «Астана арландары» «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Қытай айдаһарларымен» қолғап түйістіреді. Сондай-ақ, бұл күні жамбылдық жанкүйерлерді MMA аралас жекпе-жектері де күтіп тұр.

Бәрін басынан бастасақ. Жеребе бойынша «Астана арландары» Азия аймағындағы топта «China Dragons» (Қытай), «Indian Tigers» (Үндістан) және «Patriot Boxing Team» (Ресей) құрамаларымен бір топқа түскен болатын. Алғашқы екі кездесуінде жеңіске жетіп, үшіншісінде жеңіліске ұшыраған отандастарымыз өз тобында екінші орынға тұрақтап, ендігі кезекте Қытай боксшыларына қарсы шығатын болып белгіленген. Осылайша, соңғы үш жылда жеке-дара көш бастап келген боксшыларымыз өз жағдайларын аз-маз қиындатып алған-ды.

Десе де, Тараз төріндегі алыптар айқасына дейін «Арландар» ертең 6 сәуір күні Қытайдың Гуйянг қаласында «Қытай айдаһарларымен» бір мәрте күш сынасады. Алғашқы жекпе-жекке «Астана арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков бес боксшыға сенім артып отыр. Бұл сында ел мен клуб намысын 49 келіде Теміртас Жүсіпов қорғайтын болса, 56 келіде Ілияс Сүлейменов шаршы алаңға шығады. Ал, 64 келіде Бегдәулет Ибрагимовке, 75 келіде Әбілхан Аманқұлға, аса ауыр 91 келі салмақта Антон Пинчукке үміт артылуда. Егер осы саңлақтарымыз Аспан асты елінен жеңіс тойын тойлап қайтатын болса, Тараз төріндегі сында ұпайымыз түгел болмақ.

Алайда, сырттағы кездесуге сенім артып, арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Қазір көпшіліктің көкейінде бас бапкер Н.Ақүрпеков Тараздағы айқаста Қытай боксшыларына кімдерді қарсы қояды деген сауал жүргені сөзсіз. Бір анығы, өз төріміздегі жекпе-жекте ел намысын тараздық Аслан Шымбергенов қорғауы тиіс деп есептейміз. Олай дейтініміз, бүкіләлемдік бокс сериясының чемпионы, ел біріншілігінің жеңімпазы, Феликс Штамм халықаралық турнирінің алтын медаль иегері Шымбергеновке сенім артпағанда, бас бапкер кімді үкілеп аламанға қоспақ? Оған қоса, Аслан өз таланты мен әлеуетін байрақты бәсекелерде дәлелдеп қойған боксшы. Әлемдік додалардың шаршы алаңында шыңдалған Шымбергеновтың дәл қазір толысқан кезі. Бабы мен бағы қатар келісіп тұр. Сондықтан, Асланның Тараз төріндегі додада аянып қалмайтыны ақиқат.

Ал, өзге төрт салмақта шығатын боксшыларға қатысты қазір болжам жасау қиын. Өйткені, «Астана Арланс» клубы мамандарының айтуынша, Жамбыл жеріндегі жекпе-жекке шығатын боксшыларды бапкер Қытайдан келгеннен кейін белгілемек екен. Бұл да дұрыс шығар. Бүкіләлемдік бокс сериясында командалар өз құрамдарын соңғы сәтке дейін құпия ұстайды. Себебі, өз салмағында шаршы алаңға кімнің шығатынын алдын-ала біліп алса, оған қарсы команда бапкерлері айла ойластыратыны айдан анық. Сол себепті, бұл үрдіс үлкен бокс әлемінің айнымас қағидатына айналып үлгерді.

Енді ММА жекпе-жектеріне келер болсақ, жамбылдық жанкүйерлер жалпы 6 кездесуді тамашалай алады. «Alfa Fighting Championship» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өткелі отырған титулдық тартыстардың ең бастысы қазақстандық Ермек Тлауов пен украин Дмитрий Власюк арасында болмақ. Айта кетейік, Ермек Тараз топырағының тумасы. Ең алдымен грек-рим күресімен айналысқан жерлесіміз кезінде жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанған. Ал, аралас жекпе-жек спортына келгелі 17 кездесу өткізіп, соның 13-інде жеңіске жеткен. Осыдан бірер жыл бұрын «Алаш прайд» клубының атынан өнер көрсетіп, даңқын аспандатқан. Енді міне, осы жампозымыз өзінің туып-өскен топырағында ел намысын қорғағалы отыр.

Дмитрий Власюк болса, аралас жекпе-жек спортына 2014 жылы келген. Спорттық мансабында 4 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Власюк қазіргі таңда Украина жерінде ең танымал спортшылардың бірі. Сондықтан, оны оңай шағылатын жаңғақ дей алмаймыз. Десе де, аралас жекпе-жек спортында тәжірибесі мол Ермек бұл кездесуді өз пайдасына шешеді деп үміттенеміз.

Р.S. Сонымен, 14 сәуір күні тараздықтарды теңдессіз жекпе-жектер күтіп тұр. Бұл күні сондай-ақ, «Астана арландары» боксшыларының қолғаптары аукционға шығарылады. Ұйымдастырушылар түскен қаржыны толықтай аса ауыр отаға мұқтаж жандарға аударуды жоспарлауда. Ол үшін арнайы топ құрылып, бүгінде анықтау, саралау жұмыстарын жүргізуде. Қорыта айтқанда, тараздықтар бір кеште «WSB» және MMA алыптарының айқастарына куә болып ғана қоймай, қайырымдылық шарасына қатысуға да мүмкіндіктері бар. Мұндай игі бастама қандай мақтауға да лайық.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР