Sport

Әлемдік додаларда атой салған жамбылдық балғындар

Written by Aray2005

Жамбыл спортының шоқтығы әркез биік. Оны жампоздарымыз ел біріншіліктерінен бөлек, әлемдік ареналарда да талай мәрте дәлелдеуде. Сондай-ақ өңірде жас спортшылардың мектебі де мықтап қалыптасқан. 1 маусым –
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, міне, осы балғын спортшыларымыздың арасында толайым табысқа қол жеткізгендерін көпшілікке таныстырғанды жөн көрдік.

Каратэші Камила

Жас каратэші қыз Камила Кемелбекова ертеңінен мол үміт күттіреді. Қаракөзіміз 8 жасында спортқа келіп, бүгінде киокушникай-кан каратэден үлкен биіктерді бағындыруда. Атап айтсақ, Камила Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Украина елінің Одесса қаласында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Болгария мемлекетінің Варна қаласында жалауы желбіреген әлем біріншілігінде жүлделі ІІ орыннан көрінген. Жапонияның Токио қаласында түндігін түрген турнирде де күміс жүлдені кеудесінде жарқыратты. Ал спорттық жолындағы ең үлкен жетістігі – ол Азия чемпионатының алтын жүлдесі.
Камила бүгінде ұлттық құраманың белді мүшесі. Бапкері Жасқайрат Тоғайұлының айтуынша, шәкірті қазір Болгария мемлекетінде өтетін «Әлем кубогына» дайындық үстінде екен. Жаттықтырушы Камиланың бұл додада жасындай жарқырайтынына бек сенімді.

Арманы асқақ Мирас

Тараздық Мирас Тәңірберген де талабы таудай жас талант. Әлемдік додаларда дара шауып жүрген жерлесіміз спортқа сегіз жасында келген. Содан бері киокушникай-кан каратэ спортынан ел біріншілігінің күміс жүлдесінен бөлек, Иран елінің Тегеран қаласында өткен халықаралық турнирдің бас жүлдесін жеңіп алған. Мирастың өзі бола­шақ­та Олимпиада чемпионы болуды армандайтынын айтады.
– Алдағы Токио Олимпиадасының бағдарламасына каратэ спорты енгізіліп отыр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Себебі енді халықаралық додалардан бөлек, Олимпиадада бақ сынау мүмкіндігін алып отырмыз. Әрине, ол үшін талмай еңбек ету керек.
Бұйыртса, келешекте Олимпиада төрінде көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқататын боламын, – дейді Мирас.
Иә, біз де балғын каратэшіміздің бағы жансын деп тілейміз.

Балуан Мадияр

Меркілік Мадияр Мадемар да талайға танылып үлгерген талантты жас. Қаршадайынан спортқа бейім бала 10 жасында ағасымен еркін күрес үйірмесіне келеді. Содан бері еліміздің бірнеше дүркін чемпионы атанады. Сондай-ақ Румыния мемлекетінің Бухарест қаласында өткен байрақты бәсекеде жеке-дара топ жарып, Түркия жерінде түндігін түрген турнирде күміс жүлдемен күптеледі.
– Ең бірінші, осындай биікке жеткізген бапкерім Руслан Сексенбаевқа алғысымды білдіремін. Ол кісінің маған деген сенімі әркез жеңіске жетеледі. Бұйыртса, еркін күрестен Азия мен Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы болғым келеді. Ол үшін бізге барлық жағдай жасалған. Шеберлігімізді шыңдау үшін ауданда білікті бапкер де, қажетті спорт зал да бар. Елді мекендердегі жастарға осындай мүмкіндіктер тудырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына және облыс әкімдігіне алғысымды айтамын. Біз сіздер артқан сенімнің үдесінен шығамыз! – дейді жалынды жас.
Иә, Мадиярды кемел келешек күтіп тұрғаны сөзінен де, ісінен де байқалуда. Біз де меркілік жастың жеңісті жорығы көп болғай деп тіледік.

Самбо саңлағы Нұрдәулет

Самбо мен дзюдо спортының саңлағы Нұрдәулет Еріктің де есімі ел ішінде ерекше аталуда. Спорттық жолын алты жыл бұрын бастаған ол бүгінде ел чемпионы атағына ие. Сондай-ақ Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінде жасөспірімдер арасында самбо күресінен өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы. «Азия кубогының» қола жүлдегері. Бапкері Жарқынбек Бейтайов шәкіртінің бұдан да биік белестерді бағындыратынын айтады.
– Қазір біз облыс орталығындағы «Жекпе-жек кәсіп­қой спорт клубында» жаттығудамыз. Мұнда балуандар үшін барлық жағдай жасалған. Одан бөлек клуб басшысы «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев та жастарға үлгі болып қана қоймай, білгендерімен де бөлісуде. Бұл – жас жеткіншектер үшін үлкен стимул.
Алла амандығын берсе, алдағы уақытта жарқын жеңістерімізбен жамбылдық жанкүйерлерді қуанта бермекпіз, – дейді бапкер.

Талабы таудай Әбдінұр

Жуалылық Әбдінұр Нұрланбектің де болашағы жарқын. Жеті жасынан бастап еркін күреспен айналысып келе жатқан балғын балуан бірнеше додаларда топ жарған. Атап айтсақ, өткен жылы ел чемпионатын жеңіп алып, сары құрлық бәсекесінде жүлделі ІІ орыннан көрінген. Сондай-ақ Иран мен Ресей мемлекеттерінде жалауы желбіреген аламандардан да жүлделі оралыпты.
– Спорттағы үлгі алатын тұлғам – Лондон Олимпиада­сы­ның қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров. Сол кісі секілді мен де Олимпиада бозкілемінде белдескім келеді. Осы арманыма қол жеткізу үшін аянбай тер төгудемін. Бұйыртса, Әулиеата жеріне де еркін күрестен Олимпиада алтынын әкелетін боламыз, – дейді Әбдінұр.
Алда жерлесімізді Венгрия мемлекетінде өтетін Дүниежүзілік ойындар күтіп тұр. Жуалылық өреннің бұл бәсекеде биіктен көрінетініне бек сенімдіміз.

Иә, бұл Жамбыл спортының жұлдызын биіктетіп жүрген балғын спортшыларымыздың бір легі ғана. Бұдан бөлек те өсіп келе жатқан жас таланттар аз емес. Ертең солар ел мерейін үстем етіп, Қазақстанның атын әлемге танытатыны анық.
Ендеше, балғын спортшыларымыздың болашағы баянды болсын деп тілейік!

Гүлжауһар Бажақай, Аяулым Ишанбекова,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың журналистика мамандығының
1-курс студенттері

ПІКІР