Экономика

Әлеуеті артқан Әулиеата

Written by Aray2005

облыстың барлық саласында өсім бар

2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында облыс бюджетіне 203,4 миллиард теңге кіріс кіріп жоспар 103,4 пайызға орындалды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова мәлімдеді. Орталық алаңына спикер ретінде шақырылған басқарма басшысы облыстың 2019 жылғы қаңтар-тамыз айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндады.

Өнеркәсіп – өңір тынысы

Баспасөз мәслихаты барысында Гүлдана Әлімжанқызы биылғы жыл басынан бергі сегіз айдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық саласында өсім байқалғанын айтып, әр сала көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталды.
– Жыл басынан уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде экономиканың барлық саласында өсу үрдісі байқалуда. Атап айтсақ, бірінші тоқсанның қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 301,4 миллиард теңгені құрап, 2,4 пайызға өсті.
Есепті кезеңде өнеркәсіп саласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға артық өнім өндіріліп, нақтыласақ 308,7 миллиард теңгенің өніміне қол жеткіздік. Бұл республика өңірлері аралығындағы сегізінші оң көрсеткіш. Бұл жақсы нәтиже бірінші кезекте өңдеу өнеркәсібі саласы есебінен қалыптасып отыр. Өндірілген өнімнің 75 пайызы осы салаға тиесілі. Одан кейін тау-кен өнімдері – 11, газ беру, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі қалдықтарының жиналуын және таратылуын бақылау көрсеткіштің қалған пайыздарын құрайды, – дейді Г.Жауынбекова.
Басқарма басшысы өнеркәсіп саласындағы оң динамиканың қалыптасып, көрсеткіштердің көңілден шығуына индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар да өз үлесін қосқанын атап өтті. Айталық, биыл 693 жаңа жұмыс орнын құруды көздеп, жалпы құны 11,9 миллиард теңгені құраған 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың екеуі елден асып, экспортқа өнім шығаруға бағытталыпты. Ал екі жоба қазіргі таңда тірлігін тіктеп, жұмысына кірісіп кетіпті.

Ауыл шаруашылығы және бизнес

Ауыл шаруашылығында есепті мерзімде 131,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 3,9 пайызды құраған. Республика бойынша орташа көрсеткіш 3,8 пайызға жуықтаса, біздегі өсім өңірлер арасында 5-орында келеді. Жекелей айтсақ, араларында аса бір айырмашылық жоқ, Мәселен, мал шаруашалығында ет өндірісі 3,6 пайызға артып, сүт өндірісі 2,9 пайыға көбейген. Бұл тізімде жұмыртқа өндірісі 6,5 пайызбен көш бастапты. Осы ретте айта кететіні, өткен жылы республика бойынша экспортталған қой етінің 43 пайызы Жамбыл облысынан шыққан екен. Биыл да жоспар артығымен межеленіп, әзірге шаруалар 8 айдың қорытындысымен 718,5 тонна ет экспорттап үлгеріпті.
Өсімдік шаруашылығында да мақтанарлық көрсеткіш қалыптасқан. Айталық, ауыл шаруашылығы дақылдары 687,2 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға немесе 2,7 пайызға артқан. Осының есебінен көкөніс-бақша, картоп және дәнді дақылдар егуге басымдылық беріліп, көлемі ұлғайтылыпты.
Әрине, мұндай жетістікке жету кездейсоқтық емес екені белгілі. Ең алдымен, әрекетінен берекетін көріп отырған шаруа еңбегін бағалауымыз керек. Одан кейін мемлекеттің осы саланы қолдау саясатын да жоққа шығара алмаймыз. Агроөнеркәсіп кешенді қолдау шараларына 2019 жылы 14,6 миллиард теңге субсидия қарастырылған, оның ішінде республикалық бюджеттен – 5,9 миллиард, облыстық бюджеттен 8,7 миллиард теңге бөлінген.
2019 жылдың 1 қыркүйегіне шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер саны 70,1 мың бірлікті немесе 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,8 пайызды құрапты. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға биыл 1 миллиард 777 миллион 300 мың теңге бөлінсе, 1 қыркүйекке дейін
1 миллиард 688 миллион 800 мың теңгесі игеріліпті.

Құрылыс қарқыны

Соңғы екі-үш жылдан бері аймақта тұрғын үй құрылысында қарқын байқалады. Көпқабатты тұрғын үйлер мен жатақхана құрылыстары, тұрғын алқаптарына тартылған инженерлік инфрақұрылымдар соның айғағы. Ресми ақпарды сөйлетсек, есепті кезеңде жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 62,8 миллиард теңгені құрап, 2,5 пайызға артқан екен. Бұл республика өңірлері аралығындағы 8-орында.
Жыл басынан 333,9 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, көрсеткіш 7,3 пайызға өскен. Бұл бағыттағы жұмыс әлі жалғасуда. Қазір Тараз қаласындағы 15-ықшамауданда бірнеше үйдің құрылысы жүруде. Биыл баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында облыста жоспарланған 12 жатақхананың 8-інің құрылысы басталды.

Сандарды сөйлетсек…

Жыл басынан бері бөлшек сауда айналымы 5,1 пайызға арта түсіпті. Қаржы көрсеткіші – 189,1 миллиард теңге. Мұндай өсім көлік саласында да байқалады. Әсіресе жолаушылар тасымалында тірлік жүрген, яғни 5,5 пайызға өсім бар. Ал жүк тасымалында– 0,2 пайыз.
Бұйыртса келесі жылдың бюджеті биылғыға қарағанда аздап толығайын деп тұр. Себебі жоспардағы 37,8 миллиард теңгенің меншікті кірістері 44,4 миллиард теңгеге жетіп, 117,6 пайызға орындалыпты. Яғни бюджетке 6,6 миллиард теңге жоспардан артығымен түсіп отыр. Жалпы облыс бюджетінің қаражаттары әзірге 98,6 пайызға орындалып тұр екен.
Брифингте баяндамашы Г.Жауынбекова жалақының артып, жұмыссыздықтың кеми түскенін де жеткізді.
– Ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге (28 мың теңгеден 42 мыңға дейін) өсіп, бюджеттік мекемелердегі 32,6 мың, 5 966 жеке сектордағы 71 мың жұмысшының жалақысы артты. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 73 605 азаматтық және штаттан тыс қызметкердің жалақысы 15-30 пайызға көтерілді. Сонымен қатар шілде айынан бастап ішкі істер органдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары 20-дан 65 пайызға дейін өсті. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 797,2 миллион теңге қаржы бөлінді, – деді ол.
Басқарма басшысы Президент тапсырмасына сәйкес, келесі жылдан бастап педагогтардың да жалақысы 25 пайызға артатынын, оған республикалық бюджеттен 30,5 миллиард теңге қаржы қарастырылып жатқанын айтты.

Жасұлан Сейілхан

ПІКІР