Қоғам

Әлеуметтік әріптестік – әлемдік тренд

Written by Aray2005

Бүгінде елімізде әрбір саланың өз кәсіподақ ұйымы бар. Яғни, осы ұйым арқылы ұжымдағы әрбір жұмысшы құқығының қорғалуы қамтамасыз етілген. Расында да, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы байланысты реттеп, орын алған олқылықты ушықтырмай шешуді өзіне негізгі міндет еткен кәсіподақтың еңбек адамдарының құқығын қорғауда атқарып жатқан қызметі зор. Оған қоса, кәсіподақ мүшелері Елбасы саясатын, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына да атсалысып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әр мекемедегі береке мен бірліктің, елдің татулығы мен ынтымағының нығаюына үлкен үлес қосып келеді. Осы орайда, бүгінгі таңдағы кәсіподақ ұйымдарының беделі мен мәртебесінің өсіп келе жатқаны қуантады.

Осы аптаның соңы – сала қызметкерлерінің мерейі өсіп, елге сіңірген еңбегінің ескерілер ерекше шағы. Өйткені, 10 маусым еліміз бойынша ҚР кәсіподақтар күні мерекесі болып белгіленген. Мереке қарсаңында еліміздің әр аймағында, оның ішінде өзіміздің облыста да айтулы шаралар өткізіліп жатыр. Мұның бәрі түптеп келгенде кәсіподақ жұмысын одан әрі жетілдіріп, азаматтардың сенімінен шығу мәселесіне негізделген.
Соңғы жылдары елімізде көпдеңгейлі әлеуметтік әріптестік жүйесі қалыптасып, соның шеңберінде үшжақты комиссиялар жұмыс жүргізуде. Біздің өңірде деәлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты келісім жасалды.
Десек те, әлеуметтік әріптестік институтын бұдан әрі жетілдіріп, дамыту қажеттілігі туындап отыр. Бұл тұрғыда, облыс басшылығының төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысын тұрақты өткізу жоспарлануда. Онда еңбек қатынастары бойынша өзекті мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер әзірленетін болады.
2018-2020 жылдарға арналған үшжақты келісімнің ерекшелігі – Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы және «Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» атты ірі бағдарламалық құжаттардың негізгі басымдықтарының ескерілуінде. Әлеуметтік әріптестіктің бір жағында кәсіподақтар ұйымының тұрғаны мәлім. Бұл құжат билік пен жұмыс берушілер бірлестіктерінің ашық диалогқа, еңбек қатынастары мен әлеуметтік саладағы күрделі де маңызды мәселелерді бірлесе шешуге бағытталған.
Негізгі бағыттарға тоқталар болсақ, біріншіден, бұл – экономиканы жаңғырту. Қазір әлемде төртінші өнеркәсіптік революцияның трендтері мен жаңа мүмкіндіктері туралы жиі айтылуда. Яғни, жаңа қауіп-қатерлер бар. Себебі, цифрлы экономикаға көшу, өндірістік процестерді автоматтандыру еңбек нарығына міндетті түрде әсер ететіні анық. Бұл жұмыс орындарының қысқаруына алып келуі ықтимал. Осы тұрғыда алдын ала атқарылуы тиісті шаралар келісімде көрсетілген.
Қазір елімізде жаңа технологияларды жетік білетін маман тапшылығы сезіледі. Сол себепті білім беру саласы цифрлық жүйеге жетік мамандарды көптеп даярлау керектігі туындап келеді. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен, ең бастысы, оқып жүрген жастарымыз нені білуі керек, білімі мен дағдысы қай деңгейде болуы тиіс деген талапты реттеуіміз қажет. Мұны «кәсіптік стандарт» дейді. Кәсіптік стандартты бұрын мемлекеттік органдар жасақтайтын. Біздің пікірімізше, оны шенеунік емес, бизнес өкілі, жұмыс беруші жасақтауы керек. Себебі, маманға талап қоятын ең алдымен жұмыс беруші.
Келісімде адами капиталды дамыту мәселесіне үлкен басымдық берілген. Осы тұрғыда ескере кетер жайттар да баршылық. Мәселен, статистикаға сүйенсек, өңірімізде 500 мыңнан астам экономикалық тұрғыдан белсенді халық бар болса, оның көпшілігі орта біліммен шектелген екен. Оған қоса, жұмыссыз азаматтардың 32 пайызы мектептегі білімге иек артуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың да кәсіби білімі мен дағдысы көңіл көншітпейді. Сол себепті біз еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін зерттеп, нақты болжам жасауымыз қажет.
Сондай-ақ, облыста кәсіподақ мектептерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, өзін өзі жұмыспен қамтитын азаматтар міндетті зейнетақы жарнасын жарытып аударып жүрген жоқ. Бұл елімізде әлі де азаматтардың еңбек қатынасы реттелмегенін, еңбек шартының жоқтығын көрсетеді. Соның салдарынан олардың еңбек құқығы қорғалмайды. Оған қоса, зейнетақылық, міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінен тыс қалуда.
Орта және шағын бизнестегі еңбек шартын жасаспаудан да келер зиян көп. Біле білсек, бұл жұмыс берушілердің тікелей заңбұзушылығы. Өз кезегінде, бұл жұмысшылардың жеке еңбек құқын білмеуін де көрсетеді. Үшжақты келісім бойынша біз шағын және орта бизнес нысандары арасында құқықтық сауаттылық сабақтарын жүргізуді, әлеуметтік әріптестер арасында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының араласуымен мыңдаған бизнес нысандарын жеке-жеке аралап, олардың еңбеккерлермен еңбек шартын жасасуына ықпал етуді бастадық.
Жұмыс барысындағы еңбек қауіпсіздігін сақтау әрі қорғау да ең өзектілер қатарында. Өйткені, еңбек адамының өмірі мен денсаулығынан артық құндылық жоқ. Өңірде бұл бағытта көптеген шаралар қолға алынса да, жыл сайын өндірісте жарақат алу фактілері тіркелуде.
Бұл тікелей кәсіподақтардың міндеті деп санаймын. Елімізде 2016 жылдан бастап Еңбек кодексі күшіне енді. Онда әлемдік тәжірибелер ескерілген. Яғни, қауіпті, зиянды жұмыс орындары бар кәсіпорындарда еңбекті қорғау мәселесін бақылау жөніндегі өндірістік кеңестер құру ісі жолға қойылуда. Кеңестің жарты мүшесі кәсіподақтан болса, жартысы жұмыс берушілер тарапынан сайланады.
Облыстық үшжақты келісім аясында жоғарыда аталған іс-қимылдарды жандандыру, күшейту жоспарланып отыр. Міне, үшжақты келісімдегі назар аударатын негіз­гі мәселелер осы. Бұл әлеуметтік әріптестердің осы мәселелерді бірлесе шешуге дайын екендігінің белгісі.

Асанбек НАУРЫЗБАЕВ,
облыстық шағын және орта бизнес кәсіподағы бірлестігінің төрағасы

ПІКІР