Әлеуметтік дүкендер бағаның өсуіне жол бермейді

0 1

Қазіргі уақытта облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бірқатар кешенді шара қабылданған.

Өңірдегі сауда нүктелерінде баға тұрақтылығы басты назарға алынған. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге септігін тигізіп отырған тұрақтандыру қоры арқылы облыс тұрғындары арзан өніммен қамтамасыз етілуде. Жалпы тұрақтандыру қоры арқылы жыл басынан бері 212,6 миллион теңгеге 1 442 тонна 11 түрлі тауар өткерілген. Алдағы уақытта тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тұрақтандыру қорына 2 508 тонна тауар жинақталды. Қорды қалыптастыруда сұранысқа ие тауарлар, яғни 1 282 тонна ұн, 372 тонна қант, 51 тонна қарақұмық, айналым қаражаты шарты бойынша 181 тонна күнбағыс майы жеткізілді.
Бүгінгі күні тұрақтандыру қорындағы тауарлар, атап айтқанда, қант 220 теңгеден, жұмыртқа 27, күнбағыс майы 560, қарақұмық 315 теңгеден арнайы ашылған 25 әлеуметтік дүкен мен 8 ірі сауда орнындағы әлеуметтік сөрелер арқылы өткерілуде. Сонымен қатар жаңадан іске қосылған екінші тетік «айналым схемасы» бойынша 4 кәсіпкерлік субъектісіне 605,0 миллион теңге бөлінді. Қаржыландыру келісімі бойынша аталған субъектілерге, мысалы «Байлық-2014» жеке кәсіпкерлігіне 1-сұрыпты ұн, күріш, тұз, өсімдік майы мен рожки, «Көкжиек-2030» серіктестігіне сүт, айран, сары май және сүзбе, ал «Бурный сүт компаниясы» серіктестігіне сүт пен сары май, «Империя» жеке кәсіпкерлігіне 1-сұрыпты ұн, күріш, тұз, 1-санатты жұмыртқа, қант, рожки, қарақұмық сияқты тауарлармен сауда орындарын қамтамасыз ету жүктелді.
Бүгінде жылдық көлемі 2 343 тоннаны құрайтын 14 әлеуметтік тауарға төмендетілген (нарықтан 8-15 пайыз) бағалар бекітіліп, облыстағы ірі сауда желілері арқылы сатылуда.
Қазіргі таңда облыста барлығы 25 әлеуметтік дүкен мен павильондар жұмыс істейді. Оның 15-і Тараз қаласында, қалған 10 дүкен аудан орталықтарында орналасқан. Мұндай павильондар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін арнайы ашылуда. Алыпсатарлық фактілеріне жол бермес үшін бір адамға сатылатын тауарлардың көлем-нормасын да белгілеу қолға алынуда. Сондай-ақ әлеуметтік дүкендерге жақын маңда тұратын мұқтаж отбасылардың тізімдерін жасақтап, төмендетілген бағадағы өнімнің негізгі тұтынушылары ретінде қалыптастыру жоспарлануда.
Әлеуметтік дүкендер нарықтан 8-24 пайыз төмен бағадағы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен қамтылған. Оған облысымыздағы «Молбит», «БМК», «Кызыл-Жұлдыз», «Көкжиек-2030», «Аса даму», «ӘулиеАта Феникс», «Хлебный дар», «Аксарай Экспорт» сияқты тауар өндірушілердің өнімдері тікелей жеткізілуде.
Сонымен қатар сырттан келетін қарақұмық, күріш, күнбағыс майы Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Алматы облыстарындағы өндірушілерден сатып алынып, төмендетілген бағада өткерілуде.
Жыл басынан бері әлеуметтік дүкендер арқылы тұрақтандыру қорының 317,4 тонна тауары мен 201 мың дана тауық жұмыртқасы өткеріліп, тауар айналымы 5,3 есеге артты.
Күннен-күнге әлеуметтік дүкендерге деген сұраныс та артып келеді. Бұрын шағын бір дүңгіршек күніне 100-150 адамды қамтыған болса, қазір бір дүкен 400-450 адамға дейін қызмет көрсетуде. Осылайша әлеуметтік дүкендердің қызметі 3,8 есеге ұлғайып отыр. Соған сәйкес бір тұтынушыға берілетін тауарлардың күнделікті нормасы 1,5 келі қант, 1 литр күнбағыс майы және 10 дана жұмыртқа болып белгіленді.
Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласындағы «Grand bazaar» сауда кешенінде ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Жалпы жыл басынан бері 33 жәрмеңке өтті. Онда жалпы құны 196,5 миллион теңгені құрайтын 776,8 тонна өнім нарықтан 8-20 пайыз төмен бағада сатылды.
Осының нәтижесінде облыстағы әлеуметтік тауарлардың (нан, сүт, пияз, қант) бағасы республика бойынша ең төменгі деңгейде болса, күнбағыс майы, сары май, айран, құс еті төменгі үштікте. Ал қалған тауарлар ортаңғы деңгейде қалыптасып отыр.
Азық-түліктің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету тұрғындардың тұрмыс сапасының басты факторларының бірі болғандықтан, бағаның тұрақтылығы мен оны тежеу жұмыстары тұрақты жүргізілетін болады.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.