Әлеуметтік қолдаудан ешкім құр қалмайды

0 3

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  төтенше жағдай кезінде зейнатақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 10 пайызға артатындығын айтқаны көңілімізге демеу болды.

«Мен бұған дейін дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым. Инфляцияның артуына байланысты, зейнатақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым»,- деді Президент. Бұл сөз жоқ, қарапайым халық үшін мол қолдау екені  анық.

Бұдан бөлек, 42 500 теңге көлеміндегі көмекті алатын азаматтардың санаты кеңейетіндігі де қуанышты хабар болды. Осындай қиын жағдайда Үкімет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, оның шарапатын 3 миллионға жуық азаматтың көретіндігі қандай мақтауға да, қолдауға да лайық.

Тағы бір айта кетерлігі, азық-түлікті тегін алатын азаматтардың да санаты белгіленіп отыр. Қай мемлекетте мұндай шаралар қолға алынып жатқанын білмеймін, алайда тұрғындардың тұрмысына ең қажетті тауарлардың мүгедектер мен жұмыссыз ретінде тіркелгендерге тегін таратылатындығы мемлекетіміздің өз азаматтарына деген шынайы жанашырлығының  көрінісі. 800 мыңнан астам  отандастарымыздың  мұндай мүмкіндікке ие болып отырғаны жүрекке жылу сыйлайды.

Әрине коронавирус пандемиясы ешкімге оңай соқпай отырғаны белгілі. Осы тұрғыда Президенттің ел тұрғындарын елеусіз қалдырмай, барынша қолдау көрсетуі көпке үлгі болар іс . Енді бізге де жұдырықтай жұмылып, барынша сабырлық танытып, мемлекеттік бастамаларға өзіндік үнімізді қосқанымыз абзал.

Тілеукүл Джанбулатова,

зейнеткер

Leave A Reply

Your email address will not be published.