Облыстық әкімдікте

Әлеуметтік көмек әділ тағайындалуы тиіс

Written by Aray2005

Жамбыл облысында 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті 29 650 отбасы алатын болады. Ол үшін республикалық бюджеттен 16,7 миллиард теңге қарасты­рылуда. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов баяндама жасады. Айта кетейік, еліміздегі кедейліктің шегі – күнкөрістің ең төмен деңгейі 70 пайызға дейін көтеріліп, 20 мың 800 теңге болып отыр. Осыған орай қайта нақтылаудан кейін өңірдегі аталмыш әлеуметтік көмекті алушылардың саны да арта түскен. Басқарма басшысының айтуынша, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 29 650 отбасының әлеуметтік картасы түзілген, онда барлығы 150 400 адам қамтылмақ. Ал бұған дейін бұл көрсеткіш 14 849 отбасыны, 74 517 адамды құраған.
Асқар Исабекұлы атаулы әлеуметтік көмекпен әдістемеге сәйкес белгіленген отбасылардың толығымен қамтылуына баса назар аударып, есептеу кезіндегі жіберілген кемшіліктердің кесірінен мұқтаж азаматтардың қалтарыста қалып кетпеуіне көңіл бөлді. Сол үшін олардың отбасылық табыстарын есептеу шараларын мұқият жүргізуді жүктейді.
Өңір басшысы жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен асатын, алайда қаржылай қолдауға зәру өзге де отбасылардың аз еместігін баса айтып, оларға да қажетті көмектер көрсетудің тетіктерін ойластыруды тапсырды. Бұл орайда алдағы уақытта аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға арналған облыстық бағдарлама дайындалуы мүмкін. Оған қажетті қаражат облыстық бюджеттен қарас­тырылып, гранттар немесе тиімді жолмен қайтару қарыздарын беру көзделуде. Ол бағдарлама халықтың әлеуметтік осал топтарына тиімді табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беру керектігін айтып өтті облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР