"Алтын бесік"

Әлеуметтік көмекке иек артпай, өз ісіңді баста!

Written by Aray2005

Ауылдық жердегі көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар да кәсіппен айналысуы үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие ала бастады. Аталған санаттағы ауыл тұрғындарының мұндай мүмкіндікке ие болуына «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы арқау болып отыр.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Жамбыл филиалының несие бөлімінің басшысы Бауыржан Тәжібаев ауылдықтардың 6 пайызбен несие алуы бұрыннан бар екенін, тек жаңа жылдан бастап несие рәсімдеуге өтініш білдіргендердің ішінде көпбалалы немесе күнкөрісі төмен азаматтар болса, оларға несие тек 4 пайыз көлемінде рәсімделетінін айтты. Бұл қаржыны 18 жасқа толмаған және зейнет жасынан асқан, жұмыс істейтін азаматтар мен қала тұрғындары ала алмайды.
– Кез келген ауыл тұрғыны – жеңілдікпен несие алуға үміткер. Ол үшін тұрғындар «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы бір айлық курстан өтіп, сертификат алуы қажет. Егер ауылдықтар мал өсірумен айналысқысы келсе, 4 миллион теңгеден 12 миллион теңгеге дейін 6,5 жылға несие ала алады. 2 жыл несие төлеуді тоқтата тұру туралы жеңілдік беріледі. Осы секілді егін шаруашылығымен айналысатындар үшін 6 миллион теңгеге дейін 3 жылға несие беріледі, жеңілдік кезеңі – 1 жыл. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту үшін ауылдық жерден дүкен, шаштараз, монша, техника жөндеу орталығы, тігін цехын ашқысы келгендерге де 6 миллион теңге беріледі. Бір айта кетерлігі, егінжай мен монша, шаштараз ашу ісіне бетбұрғандарға қаржы айналым қаражатын толықтыру үшін ғана беріледі. Мәселен, біреудің суармалы жері бар, бірақ тұқым алуға немесе техника алуға қаржысы жоқ. Шаштараздың да қажетті құрал-сайманы болғанымен, ғимараты жоқ болуы немесе ғимараты бар бола тұра, құралы болмауы мүмкін. Аталған қаржы осы олқылықтардың орнын толтыру үшін беріледі. Егер мал өсіргісі келген азаматтар 4 миллионға дейін несие алуға бел буса, олардан жайылым жер сұратылмайды. Тек аула ішінде шөп пен мал қорасы болуы қажет. Несие көлемі 4 миллионнан асса, мал басына қарай жайылымдық жері, мал ұстайтын базы, берілген несиенің көлеміне қарай, мал бордақылайтын, мал соятын алаңдары немесе осы бағытта жұмыс істеп тұрған шаруашылықтармен келісімшарты болуы керек. Бұдан бөлек кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Қазақстанның кез келген елді мекені мен қаласында орналасқан азаматтың атындағы тұрғын үй кепілге жарай береді. Үй саман кірпіштен салынса да жарамды. Тек кепілге қойылатын баспананың салыну мерзімі 60 жылдан асып кетпесе болды, – дейді Бауыржан Ермекұлы.
Өткен жылы осы бағытқа бөлінген қаржы толық игеріліп, өңірдегі 1 мың 407 тұрғынға 5 миллиард 267 миллион теңге несие беріліпті. Биыл қазына қаржысынан әзірге 3 миллиард 952 миллион теңге қаралған көрінеді. Жыл басынан бері 344 тұрғын жалпы көлемі 1 миллиард 257 миллион теңгенің несиесін алу үшін өтініш берсе, соның ішінде 1 миллиард 150 мың теңгесі мақұлданыпты. Бүгінде 241 адамның алған несиесі 853 миллион 500 мың теңгені құраған.
– Жеңілдетілген несие алып, кәсіппен айналысу мақсатында бізге өтініш тастаған 344 тұрғынның 49-ы көпбалалы және жағдайы төмен отбасы санатына жатады. Оның ішінде тек біреуінің ғана несие тарихы талапқа сай болмай шықса, үш адамның құжаттары қаралу үстінде. Қалғаны оң шешімін тапты. Осылайша қазіргі таңда 45 адамға қаржылай қолдау көрсету ұйғарылып, оның 35-і 29 миллион 700 мың теңгенің несиесіне қол жеткізді. Тағы бір ашып айтар жайт, жұрт ауылдағы үйлердің құны төмен, кепілге қоятын мүліктің құны мардымсыз болғандықтан, олар бұл қаржыны ала алмаймыз деп ойлайды. Алайда, бағасы әжептәуір танысының үйін кепілге қоюына немесе ата-анасының үйін, тіпті бағасы арзан болса да екі-үш адамның атындағы үйлерді кепілге қойса болады. Қазір ауылдағы үйлердің 1 миллионнан кемі жоқ. Соны кепілге пайдаланып, алған несиеге 40 мың теңгеден 20 бас қой сатып алуына мүмкіндік бар. Қарап отырғанша сол малды байлап сатып не төлі есебінен көбейтсе ешкім қолынан қақпайды. Десе де ауылда тұратын көпбалалы отбасылар әлі де несие алып кәсіппен айналысуға онша құлықты емес. Олардың дені атаулы әлеуметтік көмек алып, тып-тыныш үйде отырғанды қалайды. Әсіресе, бұл былтырғы 21 мың теңгенің жыры кезінде қатты байқалды. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жеке кәсіпкерлігін жауып тастағандар да кездесті. Біздің мекеме арқылы 12 миллион теңгеге дейін несие алып, тірлік етіп жатқан көпбалалы отбасылар бар.
Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының көпшілігі екінші деңгейлі банктерге қарызға кіріп кеткен. Оны уақтылы төлемеу салдарынан кейбір тұрғынның несие тарихы бұзылған. Бұл олардың жеңілдікпен несие алуына кедергі келтіруде, – дейді Бауыржан Тәжібаев.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы берген мәліметке сүйенсек, биыл «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқыту курсынан өту үшін 7 мың адам өтініш беріпті. Соның ішінде жоспар бойынша 2000 адам оқытылатын көрінеді. Қысқа мерзімді оқыту курсы алдағы уақытта елдегі жағдайға байланысты онлайн түрде жүргізілетін болып шешілген. Ал осы жылы несие алған азаматтардың барлығы да былтыр жергілікті жердегі кәсіпкерлік палатасы арқылы оқыту курсынан өтіп алғандар. Екі жылға жарамды болғандықтан, былтыр сертификат алғандардың кейбірі оның рахатын биыл сезініп жатқан жайы бар. Соның бірі – Жуалы ауданы Күреңбел ауылының тұрғыны Алина Наубетова. Ол былтыр соңғы кезең бойынша оқыту курсынан өтіп, құжаттарын жинап, бизнес-жоспар жасап, жобасын қорғаймын деп жүргенде жыл аяқталып, бөлінген қаржы игеріліп кеткен көрінеді. Өткен жылы ол несие ала алмай қалғанына іштей налығанын айтты. Есесіне биыл көпбалалы ана ретінде 4 пайыздық жеңілдетілген несиені алу мүмкіндігіне ие болғанын «Әр нәрсенің бір қайыры бар» деген нақылға теліді.
– Жасым 35-те. 5 баланың анасымын. Жұмыссыз әрі баламен үйде отырғандықтан жолдасым Қанат Нұрмағанбетовпен ақылдаса мал шаруашылығымен айналысуға бел будық. Осылайша, былтыр аудандық кәсіпкерлер палатасындағы мамандардың кеңесін алып, бір ай оқыту курсынан өттім. Жыл басында жолымыз болып, яғни елімізде төтенше жағдай жарияланбай тұрғанда құжаттарымды өткізіп, 10 бас жылқы малын өсіру және қымызын сатып пайда табу бойынша жасаған жобамды сәтті қорғап шықтым. Банкке кепіл үшін Тараз қаласында тұратын өз ата-анамның үйін қойдым. Комисся мүшелері үйге келіп, жылқы ұстайтын қора-жайды, шөп қораны тексеріп, оң шешім берді. 4 миллион теңге несиеге қол жеткізгеніммен, аймақта төтенше жағдай жарияланып, мал базардан жылқы сатып алуға үлгере алмай қалдық. Десе де ауыл адамдарынан үш жылқы сатып алып, іске бел шеше кірісудеміз. Мал базары ашылса, қалған қылқұйрықтыларды сатып алуға ниеттеніп отырмыз. Ойға алған ісім сәтімен жүзеге асуда. Мақсатым жылқы малын өз төлі есебінен көбейту. Мемлекеттің ауыл тұрғындарына деген қамқорлығын біз осылай сезінудеміз, – деді Алина Исенбайқызы.
Жұмыс бар жерде береке қоса жүретіні белгілі. Мемлекет тарапынан осылай қолдау жасау жалғаса түссе, ауылдықтардың ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатары көбейетіні анық. Осыдан кейін көпбалалы және аз қамтылған отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке иек артпай, қолдан келген кәсібін іске асырса, бұл мемлекет үшін де айтарлықтай олжа болатыны сөзсіз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР