Облыстық әкімдікте

Әлеуметтік мәселе – ұдайы назарда

Written by Aray2005

Кеше Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асқар Мырзахметов аймақтағы өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, көктемгі дала жұмыстарының жай-күйіне назар аударды. Жергілікті тұрғындармен де жүздесіп, айтылған ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді. Асқар Исабекұлы жұмыс сапарын Айша бибі ауылдық округіндегі «Супер-Фарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірреттік медициналық өнімдер шығаратын зауытынан бастады.

Жылына 15 миллион дана өнім шығаруға қауқарлы өндіріс ошағында бүгінгі таңда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестік директоры Қайрат Қаймолдаев зауыттың 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқанын, бүгінде жұмыспен қамтылып отырған 150 адамның орташа жалақысы 98 мың теңгені құрайтынын сөз етті.
Алдағы уақытта қуаттылығы жағынан Ресей Федерациясындағы осы тектес зауыттардан асып түседі деген бұл өндіріс орнында шешілмей жатқан мәселе де жоқ емес. Серіктестік директорының айтуынша, зауыт жанынан шағын подстанса салу үшін Жамбыл электр желілері мекемесінен техникалық құжаттар алудың қиынға соғуы өндіріс қуаттылығын арттыруға және өнімді шетелге экспорттауға кері әсерін тигізбек. Кәсіпорын мемлекеттік бағдарлама арқылы төмендетілген пайызбен несиелендіру тізіміне де ілікпей қалған. Бұл ретте облыс әкімі А.Мырзахметов көтерілген мәселелерді жеделдетіп шешуді тиісті сала мамандарына тапсырды.
Бұдан кейін аймақ басшысы осы ауылдық округте орналасқан «Ақкөл» шаруа қожалығының егіс алқабына барды. Шаруашылық иелігіндегі жер көлемі 7 399 гектарды құраса, оның 1 102 гектары егістік, 380 гектары суармалы жер, ал шабындықтың көлемі – 297 гектар. Техника атаулыдан 7 трактор, 2 комбайн мен 2 жүк көлігі бар. Биыл 110 гектарға бидай, 120 гектарға арпа, 115 гектарға мақсары, 50 гектарға қант қызылшасын, 150 гектарға пияз еккен. Тамшылатып суғару әдісінің арқасында пияз алқабының көлемі 50 гектарға жеткен. Шаруа қожалығының төрағасы Алтынбек Керімқұлов 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын, қаржы тапшылығына байланысты бұрын алқапқа тұқымның төменгі сұрпы себілсе, бүгінде голландиялық тұқым алдыруға мүмкіндігі жеткенін айтты. Сондай-ақ былтыр гектарынан 120 тонна өнім жиналса, биылғы меже одан да асып түсетінін сеніммен жеткізді. Десе де ол пияз кей жылы пайда әкелсе, кейде шығынға батыратынын, сонымен қатар шаруашылықта 6 тракторшы жетіспейтінін тілге тиек етті.

– Сіздер ауыл шаруашылығы өнімін ала жаздай бейнеттеніп өсіресіздер. Ал рахатын жиын-терін уақытында алқап басынан сатып алған ортадағы алыпсатар немесе делдалдар көреді. Сондықтан өзіңіз секілді шаруалар бірігіп, кооператив немесе ассоциация құруы қажет. Сонда ғана диқандардың кез келген өнімді ортақ қоймада сақтауына, оны қандай да бір сұраныс көздеріне өткізуге, тіпті алдын ала түскен тапсырыс бойынша көкөніс, дәнді дақыл егулеріңізге мүмкіндік туады. Бұл сіздер қолға алатын мәселе. Ал шаруашылықтағы маман тапшылығына келсек, облыста жылына механик, электрик, дәнекерлеуші, агроном секілді 6 мың адам мемлекет есебінен тегін оқытылады. Бірақ олардың бәрінің бірдей жұмыспен қамтылып жатқаны шамалы. Себебі қолына диплом алған сізге қажет тракторшы бұл мамандыққа зәру емес басқа бір ауылда жұмыс таппай жүрген болуы мүмкін. Сондықтан осы бастан ауылда ынтасы бар жастар табылып жатса, өзіңізге қажет мамандық иесін ауыл әкіміне, ауданға қайырылып, тегін оқытып беру жөнінде тапсырыс беріңіз. Бұл тапсырыспен оқыған жас маманның жұмыссыз қалмайтынына бірден-бір кепіл болар еді, – деді А.Мырзахметов.
Айша бибі ауылындағы ауыз толтырып айтар жаңалықтың бірі – Мәдениет үйінде орналасқан ақпараттық орталық. Аталған ақпараттық орталық жұмысын жүргізіп отырған кітапханашы Сәуле Мұсралиеваның сөзіне сүйенсек, өткен жылдың қазан айында ашылған орталық тұрғындарға халыққа қызмет көрсету орталығы ұсынатын қызметтің 13 түрін көрсетіп келеді екен. Мұнда қызмет алу үшін былтыр 80 адам бас сұқса, биыл 172 адам қайырылған. Олардың дені жер кезегіне тұрып, мекенжай анықтамасын алған. Орталықта домбыра, қолөнер, ақындыққа баулу және ағылшын тілін үйрету үйірмелері жұмыс істейді екен. Өз кезегінде Асқар Исабекұлы орталықтың базасы жергілікті шаруашылықтардың сұранысына, халықтың тыныс-тіршілігіне қатысты ақпаратпен толықтырылса, жұмыс жанданатынын айтты.
Бұдан кейін ауылдық Мәдениет үйінің мәжіліс залында тұрғындармен кездесу өтті. Онда жұртшылық тұрғын үй соғуға жер телімі қашан берілетінін, бұрынғы саяжайлардың кейбір көшелері не қаланың, не ауылдың есебінде жоқ болғандықтан елді мекен статусын ала алмай отырғанын, сырттан көшіп келушілер есебінен тұрғындар саны өсіп, ауылдағы орта мектептің тарлық ете бастағанын мәселе етіп көтерді. Жиында әрбір сауал бойынша тұшымды жауап қайтарылды. Бұл басқосуда облыс әкіміне аймақ бойынша атқарып отырған тындырымды тірлігі үшін алғысын білдіргендер де болды.
Осыдан кейін өңір басшысы Бектөбе ауылындағы «Азамат» шаруа қожалығының жылыжайын, «Жаңа Кемер құрылыс» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің жеміс-жидек сақтайтын мұздатқыш қоймасын аралап, жұмысымен танысты. Асқар Исабекұлы мұнда жылыжай жұмысын жандандыру үшін субсидия алу, Тараз қаласынан көкөніс сататын 15 әлеуметтік дүкен салу үшін жер телімін беру секілді мәселелерді назарға алды.
Асқар Мырзахметовтің Жамбыл ауданын­дағы жұмыс сапары Аса ауылындағы Жастар ресурстық орталығында кәсіпкерлермен жүздескен жиынмен түйінделді. Онда орта және шағын бизнес өкілдері көктемгі дала жұмыстары науқанында жанар-жағармайдың ауадай қажет екенін, былтыр жанармай құнының 20 теңгесі мемлекет тарапынан субсидияланса, биыл 10 теңгені ғана құрап отырғанын қозғады. Сонымен қатар лизингке техника алу, қант зауытына өткерілген қызылша ақысына тездетіп қол жеткізу, нарықтағы бағаны тұрақтандыру секілді өзекті мәселелер де көтерілді.
– Біздің мақсатымыз – өндірісті жандан­дыру, кәсіпкерлерге жағдай жасап, аграрлық саланы алшаң бастыру. Сол себепті біз жақында жергілікті әкімдерге арналған алгоритм қабылдадық. Ауыл әкімдері алдағы уақытта осы құжат бойынша жұмыс жасайтын болады. Онда әр ауылдың экономикалық төлқұжаты жасалып, әрбір өндіріс орны, шаруашылықтар есепке алынады. «Олар нақты не мәселеге мұқтаж?», «Оның ішіндегі шаруасы шатқаяқтап тұрғандар аяққа тұрып кетуі үшін қандай көмек керек?», «Мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылмауына не кедергі?» деген секілді бағытты негізге ала отырып жұмыс жүргіземіз. Бұл өңірлерді дамытуға, экономиканы әртараптандыруға, азаматтардың әл-ауқатын, халық табысын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізбек, – деді Асқар Исабекұлы.
Сондай-ақ қайта өңдеудің маңыздылығы мен кооперативке бірігудің тиімділігі сөз болған жиыннан кейін облыс басшысы Асқар Мырзахметов аудандық музейді аралап, көнеден сыр шертетін экспонаттар тарихына қанықты.

Нұрым Сырғабаев

Жамбыл ауданы

ПІКІР