Қоғам

Әлеуметтік саладағы жұмыс неге сылбыр?

Written by Aray2005

Әлемдік пандемия бой бермей тұрған шақта карантин шараларының қатаң сақталуы қажет-ақ. Алайда бұл өңірдегі жергілікті атқарушы органдармен түрлі салада қолға алынатын қыруар шаруаға кедергі болмауы керек. Карантиннен кейін де өмір ағысы қалыпты арнасына түсері анық. Сондықтан бірқатар салалардағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары, мұндағы жергілікті биліктің қам-қарекеті қашан да жіті назарда. Өткен апта соңында облыстық әкімдікте өңір басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібіне әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер қойылды. Жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары да селекторлық режимде қатысып, өздері жетекшілік ететін салалардағы жұмыстың барысын баяндады.

Басқосу тәртібіне сай алғашқы баяндаманы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов жасап, өңір медицинасындағы кадр тапшылығын сөз етті. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласы 350 дәрігерді қажетсінеді. Өз кезегінде Марат Сейтбекұлы саладағы маман тапшылығының бірден-бір себебі ретінде жас мамандарға деген аудандардағы әлеуметтік қолдаудың жоқтығын алға тартты. Ауыл тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздағандарына ем-дом жасайтын ақхалаттыларға Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында жергілікті бюджет есебінен ешқандай әлеуметтік көмек жасалмаған. Тек Жамбыл ауданы ғана өздеріне қызметке келген жас дәрігерлердің баспана мәселелесін шешіп берген. Сәйкесінше онсызда тапшы кадрдың қадірін қашырып, жағдайын жасауға атүсті қараған аудан әкімдерінің орынбасарлары сан түрлі сылтау айтып, ақталуға тырысып бақты. Мәселен тоғыз жолдың торабындағы Шу ауданының медицина саласына 19 білікті дәрігер қажет. Олардың басым көпшілігіне Шу қалалық емханасы қызмет ұсынуға әзір. Алайда бұл аймаққа аңсары ауатын жас дәрігерлердің қарасы қалың емес. Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев Шу қаласындағы маман тапшылығының өзіндік себебі бар екенін айтады.
– Шу қаласының қала мәртебесі болғандықтан мұнда келген жас мамандар «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы арқылы берілетін көтермеақыға иелік ете алмайды. Сондықтан да олар қаладан гөрі ауылдарда қызмет еткенді жөн санайды. Аудан әкімдігі биыл Шу қалалық емханасына қызметке орналасқан 5 маманның баспана мәселесін шешуді жоспарлап отыр, – деді Шу ауданы әкімінің орынбасары.
Мұндай мәселе Тараз қаласын медицина мамандарымен қамту ісінде де байқалады. Алайда Ержан Жұматұлы маманмен қамтуда тек «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына ғана иек артпай, жергілікті бюджет есебінен қажетті кадрларға әлеуметтік қолдау тетіктерін ойластыру қажеттігіне баса назар аударды.
Келесі сәтте жиынның күн тәртібіндегі тағы бір мәселе бойынша облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова баяндама жасады. Өз баяндамасында басқарма басшысының орынбасары білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асырылуының барысына тоқталды. Жалпы білім саласына тың серпін беруі керек бағдарламаның облыста іске асырылу барысы жаман емес. Дегенмен оның жекелеген көрсеткіштеріне қол жеткізу қиындық туғызуда. Мәселен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарында 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие беру орындарымен қамту ісі тиісті меженің үдесінен шыға алмауда. Сол секілді Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында кабинеттерді жабдықтау көрсеткіші төмен. Облыс орталығына таяу орналасса да мектеп кабинеттерін заман талабына сай жабдықтауға мойны жар бермей жүргендердің де жұмысы өңір басшысы орынбасарының қатаң сынына ілікті. Сол секілді ғимарат сыртында орналасқан мектеп әжетханаларының мәселесіне айрықша мән беру тапсырылды.
Басқосуда Е.Жылқыбаев құрылысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы қаржыландырылатын спорт алаңдарындағы қазіргі жұмыстың барысы жайында сұрастырды. Алайда қор демеушілігімен Тараз қаласы мен Байзақ, Қордай аудандарында салынатын нысандардың жай-күйінен әкімдердің орынбасарлары толық хабардар болмай шықты. Өз кезегінде Ержан Жұматұлы жауаптыларға аталған нысандарға күнделікті бақылау жүргізуді тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары төрағалық еткен жиында әрмен қарай әлеуметтік көмек төңірегіндегі мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков әуелі жамбылдықтардың 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті алу барысы туралы баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, 261 мыңнан астам облыс тұрғыны өзіне тиесілі әлеуметтік көмекке қол жеткізген. Сондай-ақ 77 мың адамға 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем жасалмақ. Дегенмен аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекет қамқорлығын сезіндіруі керек бастама Байзақ, Сарысу, Шу аудандарында өз денгейінде қолға алынбаған. Бұл мәселелерге қатысты аудан әкімдерінің орынбасарлары түсініктеме берді.
Жиында сондай-ақ аудандарда коронавирус індетінің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды ақпараттандырудың жай-күйі де қаралды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұловтың мәлімдеуінше, аудандық әкімдіктердің көбі өз жұмыстарын БАҚ-та көрсетуге құлшыныс таныта қоймаған секілді. Сәйкесінше бұл мәселенің өзектілігін ескерген облыс әкімінің орынбасары Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің рейтингін түзуде олардың ақпараттық саясаттағы әлеуетінің де бағаланатынын жеткізді. Басқосуда Қазақстан халқының бірлігі және Жеңіс күні мерекелеріне орай шараларды онлайн форматта өткізу, Жеңіс жауынгерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету жайы да сөз болды. Мұнан бөлек жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында облыс әкімі аппаратының келісімімен Тараз қаласы мен аудан әкімдері орынбасарлары арасына ротациялық жүйені енгізу мәселесі де көтерілді. Басқосуды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғалар хаттамалық тапсырмаларды келесі басқосуға дейін тиянақты орындап, сыннан нәтижеге шығаратындығына сенім білдірді.

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР