Әлеуметтік төлем беріле бастады

0 0

77 мыңнан астам жамбылдық 42 500 теңге алды
Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «42 500 теңге біржолғы төлемді тағайындау қағидалары туралы» онлайн баспасөз конференциясы өтті. Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев, ҚР «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрахмет Искаков, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Олжас Баққараев әлеуметтік төлемді кімдер алатынын, қалай өтініш беру керектігін және өзге де 42 500 теңгеге қатысты тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Алдымен Қайрат Әскербекұлы ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге тоқталып, бұл бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
–Ағымдағы жылдың наурыз айында ҚР Еңбек кодексіне үлкен өзгерістер енгізілді. Мәселен бүгінгі таңда облысымыздағы көптеген кафе, ресторандарда, көлік жөндейтін және көлік жуатын жерлерде науқандық жұмыс істейтін азаматтармен еңбекшарты жасалмайды. Айлығын қолма-қол алып жүргендер өте көп. Кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты енді жұмыс беруші жұмысшымен еңбек шартын міндетті түрде жасасып, электронды еңбек биржасына енгізуге міндеттелген. Осы бағытта облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тікелей тапсырмасы бойынша негізгі жұмыс жоспарлары жасалып, бекітілді. Қазіргі таңда түсіндіру бағытында жұмыстар жүргізілуде,–деді Қ. Әскербекұлы.
Ал ҚР «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрахмет Искаковтың айтуынша өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады екен. Жалпы облыс тұрғындарынан 99 мыңнан аса өтінім түсіп, екі күнде 77 мыңға жуық тұрғынға 42 500 теңге төленген.
–Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың шілде айында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты жұмыс істеп жатқан қазақстандықтарға табысы толық жоғалған жағдайда бір ең төменгі жалақы- 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем жүзеге асырылатын болады.
16 шілдеден бастап бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер болып табылатын адамдар үшін sms-хабарламаларды жіберу арқылы біржолғы төлемді тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсету жүзеге асырылуда. 18 шілдеден бастап БЖТ төлеушілер egov.kz және 42500.enbek.kz порталы; telegram-bot-тар; Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы; екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтінім берді. Төлемді проактивті тағайындауға келісім берген азаматтарға басқа арналар арқылы өтінім берудің қажеті жоқ, себебі sms-ке жауап автоматты түрде өтінім беру болып табылады. 17 шілдеден бастап жеке кәсіпкерлерден, жеке практикамен айналысатын адамдардан, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардан өтінімдер қабылданды.
Жалпы жалақы сақталмайтын демалысқа жіберілген жалдамалы қызметкерлер үшін өтінімді тек жұмыс беруші ғана беретіндігін атап өту қажет. Жұмыс берушілерден (заңды және жеке тұлғалардан) өтініштер 19 шілдеден бастап қабылданды. Өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады. Жалпы жалдамалы жұмысшы (жұмыс беруші өтініш береді), жеке кәсіпкерлер, соның ішінде БЖТ-ны тұрақты төлеушілер (ай сайын) болып табылатын мүгедектер, студенттер егер олар шектеулерге байланысты табыстарынан айрылса, біржолғы төлем алуға құқылы. Егер әйел жүктілікке және босануға байланысты декреттік демалыста болса, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыста болса, онда оған біржолғы әлеуметтік төлем төленбейді. Біржолғы төлем қатаң карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты 2020 жылғы шілдеде табысын толық жоғалтқан жағдайда тағайындалады,–деді Нұрахмет Сейдахметұлы.
Сонымен қатар брифинг барысында Олжас Баққарев «Жұмыспен қамту жол картасын» іске асыру, «Еңбек» бағдарламасын орындалуы және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде құрылған жаңа жұмыс орындары туралы баяндама жасады.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.