Әлеуметтік жатақханалардың құрылысы қалай жүргізілуде?

0 0

Тараз қаласындағы құрылыс және абаттандыру мәселелері қашан да облыс басшылығының тікелей назарында. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев тұрақты түрде шаһарда құрылысы жүріп жатқан және жұмыс істеп тұрған нысандарды өзі арнайы аралап, қала көшелерін, скверлер мен алаңдарды абаттандыру және санитарлық тазалау шаралары барысымен танысып отыруды әдетке айналдырған.
Осы орайда өңір басшысы кеше қаланы әдеттегідей аралап шықты. Ең алдымен облыс әкімі «Арай-2» шағын ауданындағы құрылыс алаңында болып, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға арналған жалға берілетін төрт жатақхананың жай-күйіне қанықты. Бес қабатты бұл жатақханалардың әрқайсысы жоба бойынша 45 пәтерлі. Олардың құрылысына 70 пайыз жергілікті құрылыс материалдары пайдалануда. Соның нәтижесінде жатақхана құны тиімді бағада қалыптасып, 1 шаршы метрі 110 мың теңгеге айналмақ. Құрылыстың бас мердігері – «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ағымдағы жылдың маусым айында нысан пайдалануға беріледі деп көзделуде. Ондағы пәтерлер қоныстануға дайын күйде үлестірілмек.
Облыс әкімі мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізудің маңыздылығын ескертіп, салынып жатқан нысандардың дизайны мен өзіндік үйлесімдігіне айрықша назар аударды. «Тұрғын үй жайлы, қолайлы және эстетикалық тартымды болуы тиіс», – деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Бұдан соң өңір басшысы «Нұрлы таң» тұрғын үй кешеніндегі көппәтерлі тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Аталған тұрғын үй кешеніндегі жоба «7-20-25» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда. Құрылыстың сметалық құны 380 миллион теңгеден асады. Аяқтау мерзімі – 2020 жылғы маусымға белгіленген.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені аумағындағы құрылыс жұмыстарымен де танысты. Онда «Арбат» жаяу жүргіншілер алаңының 3-кезеңінің құрылысы басталуда. Бұл алаң аталған кешен мен «Қарахан баба» кесенесімен байланыстыруға негізделген. Мұнда жалпы ауданы 2,5 га болатын аумақта сегіз түрлі 160-тан астам ағаш көшеті отырғызылмақ. Сонымен қатар заманауи сазды субұрқақтары салынып, жарықтандыру және орындықтар орнатылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.