Сұхбат

«Әлеуметтік желінің жұмысын жүйелейтін кез келді»

Written by Aray2005

«Өтірік айтып жағынғанша, шыныңды айтып жалын» дейді қазақ даналығы. Ақиқатына келгенде, ақ сөйлеген адамға Құдай да жақ екені даусыз. Газетіміздің «Ашығын айтқанда» айдары арқылы бұл жолы біз бүгінгі қоғамда болып жатқан бірқатар мәселелердің күнгей де, көлеңкелі де тұстарына үңілуге тырыстық. Ол үшін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесінің басшысы Ихтияр Мурзахметовті ашық пікір алаңына шақырған едік.

– Ихтияр Бахтиярұлы, еңбек өтіліңізге көз салсақ, қоғамдық жұмыстардан басқа бірде-бір салалық мекемеде жұмыс жасамаған екенсіз. Рас, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабы төрағасының бірінші орынбасары, облыс бойынша экологиялық мониторинг жөніндегі комиссияның мүшесі сынды бірқатар жауапты міндеттерді жауапкершілігіңізге алдыңыз. Алайда бүгінгі күнге дейін нақты бір құрылымдық қызметке ат ізін салмағаныңызды қалың бұқара біліп отыр. Ашығын айтыңызшы, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесінің басшылық қызметіне қалай келдіңіз?
– Өзіңіз айтып өткендей, мен 15 жыл 9 айымды қоғамдық салаға арнаған жанмын. Осы уақыт ішінде түрлі жобаларға жан бітіріп, жастарға бағытталған бағдарламалардың басы-қасында жүрдім. Оның бірі– «Zhas Project» сынды бастама. Бұл жобаның былтыр өңірге 320 миллион теңге инвестиция алып келгенін жақсы білесіздер.
Рас, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесіндегі басшылық лауазым– бұл менің мемлекеттік саладағы алғашқы қызметім. Жасыратыны жоқ, мені осы орынға тағайындағанда түрлі әңгімелер айтылды. Әлеуметтік желіде де әртүрлі жазбалар жазылды. Алайда мен бұл басшылық қызметке әке-жәке немесе тамыр-таныс арқылы келген жоқпын. Үш ай бұрын шақырту түсті, ойлана келе «нартәуекел» деп жұмысты бастап кеттім. Бір жағынан, азаматтық қоғамда жүрген 15 жылымда жинаған тәжірибемді мемлекет үшін кәдеге жаратуым керек деп ойладым. Міне, үш айдан бері ақпараттық бағыттағы біраз тірлікті тіктеп, жұмысты жүйелеудеміз.
– Қазіргі қоғамда «блогер» деген жаңа «мамандық» пайда болды. Айтыңызшы, жалпы осы блогер деген кім? Әлеуметтік желілерді белсенді қолданушыларды блогер деп айта аламыз ба?
– Блогер – белгілі бір контенті бар азамат. Яғни олардың жазбаларының мазмұны бар. Оқырманға қажетті пайдалы тұстары көп. Қазір бізде блогерлер емес, хайтерлер көбейіп кетті. Олар бір мәселенің байыбына бармастан болжамды жазба жазып, арандатып жатады. Бұл дұрыс емес. Егер қазір «YouTube»-ке «Жамбыл» немесе «Тараз» деп жаза қалсаңыз, ескі видеоларға тап боласыз. Яғни жаңарту жоқ. Дәл сондай өзге де әлеуметтік желілерге облыстың атын терсеңіз, өңірдің абыройына нұқсан келетін мақалалардан көз сүрінеді. «Питбуль адамды жеп қойды» немесе «біреу-біреуді ұрып кетті» деген сынды жазбалар қаптап кеткен. Ал оны оқыған шетелдіктер облыс туралы не ойлайды? Сіз өзіңіз бір мемлекет немесе өңір жайлы осындай жазбаларды оқып тұрып, сонда саяхаттауға барар ма едіңіз? Міне, біздегі басты мәселе осы. Неге біз елімізді, аймағымызды танытатын жақсы дүниелер жазбаймыз? Бұл сауалды блогерлерге қояйын десең, нәтижесі белгілі…
Тағы бір көзім жеткені, журналист нақты фактіге сүйеніп жазатын болса, блогерлердікі тек болжам ғана. Рас, облыста да мәселе көтеріп жүрген «блогерлер» бар. Алайда олардың жазбасында факті аз. Қазір бізге белгілі бір бағытта қалам тербей алатын сарапшылар керек. Ол маман өзінің саласын бүге-шігесіне дейін білуі керек. Сонда ғана бізде сауатты материалдар шығады. Сондықтан мен биыл сарапшылар клубын құруды ұсынып жатырмын. Сондай-ақ редакторлар үйірмесін де ашсам деген ой бар. Мұнда жас журналистер мен блогерлерге бір бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуді әр саланың білікті мамандары үйретсе деп ойлап отырмын. Сол кезде ғана біз бір тақырып пен мәселені соңына дейін жеткізіп, түйінін тарқата алатын сарапшыларды дайындай аламыз. Мен қазір осы бағытқа білек сыбана кірісудемін.
– Хейтерлер демекші, қазіргі әлеуметтік желілерде белгілі бір мекемеге немесе басшысына бағытталған теріс жазбалар көбейіп кетті. Әсіресе «бәленше деген мекеменің түгенше деген басшысы бүйтіп қойыпты. Ол туралы келесі жазбамда айтатын боламын» немесе «ана мекеменің анандай деген бастығы сұрағыма жауап бермеді. Егер бұқарамен берік байланыс орнатқысы келмесе, қызметінен кетсін» деген сынды жазбалардан аяқ алып жүре алмайтын күйге жеттік. Бұған не дейсіз?
– Қазір бұл ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Сондықтан бұл кемшілікті реттеу үшін мен әлеуметтік желілердің жұмысын жүйелейтін алгоритм жасап, облыс әкіміне ұсынып жатырмын. Бұл алгоритм бойынша аймақтағы 10 аудан, 24 басқарма мен департаменттер тек «Тараз азаматтық кеңесі» тобында қойылған тұрғындардың сұрағына ғана жауап беруге міндетті болады. Яғни кім көрінгеннің жазбасына жауап бермейді. Ол топқа тұрғындар мәселелері мен өтініш-тілектерін немесе сыни жазбаларын фактімен дәлелдеп қана қалдыра алады. Және жазба бағытталған мекеме немесе басшыға оған жауап қатуға уақыт беріледі. Қазір бізде біреу әлеуметтік желіге бірдеңе сала қалса, «жауап бер, жауап бер» деп немесе қайта-қайта белгілеп, әр группаға тарату арқылы мекемелердің берекесін алады. Ал асығыс жасалған нәрсенің бір кемшілігі болып тұратыны анық қой. Осылайша қазір көптеген мекемелер дереу жауап береміз деп қателіктерге бой алдыруда. Мен ұсынып отырған алгоритм осы мәселенің бәрін реттейді. Әрине, менің бұл бастамамды белгілі бір топтардың қолдамайтынын білемін. Алайда біз фейктерден арылу үшін осындай әрекетке баруымыз қажет. Егер облыс әкімі Асқар Мырзахметов алгоритмді қол қойып бекітсе, дәлелсіз ақпарат пен жалған ашылған парақшалардан бір мезетте құтыламыз. Бұл елімізде баламасы жоқ жоба. Сондықтан аймақ басшысы қолдау білдіреді деп сенемін.
– «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесінің ұйытқы болуымен өткен жылдан бастап аудандарға арнайы баспасөз турларын ұйымдастыру қолға алынған болатын. Алайда кейіннен осы пресс-турлар сын садағына ілінді. «Бір-екі өндіріс орнын аралап, блогерлер мен журналистер тамақ ішіп қайтады» деген сынды әңгімелер айтылды. Осы баспасөз турларының бағытын өзгерту жоспарларыңызда жоқ па?
– Қазір маған журналистерден көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Оның бірі – өңіріміздегі қолжетімді емес өндіріс орындарының жұмысымен танысу. Тілшілердің айтуынша, «Ақбақай», Жаңатас пен Қаратау қаласындағы химиялық зауыт сынды кәсіпорындарға арнайы хат жолдасаң да, ақпарат алу қиынның қиыны көрінеді. Міне, осы мәселені біржақты шешіп берсек деп көздеп отырмыз. Сондай-ақ фототілшілерге облысымыздың тамаша табиғи орындарын түсіруге мүмкіндік тудырсақ деген жоспар бар. Кейін сол түсірілген суреттерді барлық әлеуметтік желілерге салып, туристерді тартуға болады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, «Facebook» парақшасынан Жамбыл облысының тамаша табиғатын бейнелейтін суреттерді көрсеңіз, сол жерді бір көргіңіз келетіні анық қой. Біз қазір осы жобаны мықтап қолға алудамыз. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңын тек брифинг өткізуге емес, жас журналистер мектебі ретінде де пайдалансақ деген ойымыз бар.
Тағы бір айта кетерлігі, қазір облыстағы халықтың басым бөлігі ауылды жерлерде тұрады. Бірақ біз елді мекендердің бар мүмкіндігін көрсете алмай жатырмыз. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының ауылдағы тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған қанатқақты жобасы қандай тамаша дүние. Бұған дейін мемлекет көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетті, талай халықтың несиесін жауып берді, енді міне, ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеуге мол мүмкіндік туғызып отыр. Біз осыны көрсетуіміз керек. Осы жобаға бар көңілімізді бөліп, оны өміршең етуге күш жұмылдыруымыз қажет. Қазір бос әңгіме мен өсекке еретін заман емес. Ерінбеген адамның екі қолына бір күрек табылады. Сондықтан әр жерде пыс-пыс әңгіме айтқанша, жамбылдықтар жемісін берер жұмыстармен айналысса екен деймін.
– Он бес жыл өмірін қоғамдық жұмысқа арнаған азамат ретінде айтыңызшы, қазір сізді қоғамдағы тағы қандай мәселелер алаңдатады?
– Ашығын айтқанда, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесіне басшылық қызметке келгеннен бері түсініксіз нәрселермен бетпе-бет келудемін. Мәселен, жыл басында біз журналистер мен баспасөз қызметкерлеріне тегін ағылшын тілін үйрететін курс аштық. Жоспар бойынша 30 адам оқып шығу керек еді. Алайда төрт ай курстан кейін тек 7 адам сертификат алды. Қалғандары оқуды жарым жолда тастап кетті. Енді жоба 100 пайыз жүзеге аспағанына байланысты сертификат алған 7 азаматтың ақшасын төлейтінімді айтқан едім, ол көп адамдарға ұнамай қалды. Олар 30 адам толықтай оқыды деген құжат дайындайық дегендей ұсыныс жасады. Бұл сөзді естігенде шалқамнан түсе жаздадым. Бірден бас тартып, бәрін заң жүзінде істедік.
Тағы бір қызық семинар-тренингке қатысты орын алды. Жұмыста отырған едім. Әлеуметтік желінің белсенді бір қолданушысы қоңырау шалып, «Әлгі семинарды мен өткізіп, бөлінген ақшасын алайын» деп ұсыныс айтып тұр. Күлкім келді. Оған да айтарымды айтып, тұтқаны қоя салдым. Мені қазір осындай теріс пиғылды дүниелер шаршатуда. Бізге мұндай дүниеден арылу керек. Сонда ғана әрбір ісімізде береке болады. Және әр жерде әртүрлі әңгіме айтылмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

ПІКІР