Қоғам

Әлеуметтік жоба – әлсіздерге пана

Written by Aray2005

Кез келген мемлекеттің бірінші байлығы – халқы. Тұрғындардың әлеуметтік, экономикалық жағдайының жақсаруы – ел қуатының айқын көрінісі. Сондықтан қандай мемлекеттік бағдарламалар, жобалар жүзеге асырылса да бәрінің басты мақсаты халықтың игілігіне арналады. Міне, осындай ізгі істің бірі облысымызда пилоттық жоба ретінде қолға алынуда. Өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға, отбасыларға әлеуметтік қызметтер мен әлеуметтік көмек көрсетудің ықпалдастырылған үлгісін енгізу бойынша бастау алған пилоттық жоба сол адамдарға кешенді түрде көмек көрсетуді көздейді.

Жоба аясында алдымен қиын жағдайда жүрген адамдардың немесе отбасыларының проблемалық мәселелері жан-жақты зерттеліп, қандай көмекке мұқтаж екені анықталады.
– Арнайы құрылған жұмысшы топтың зерделеуімен облысымыздан өмірлік қиын жағдайдағы 12 отбасы анықталды. Оларға көрсетілетін көмек бойынша бағдарламалар жасалды. Бұл отбасылардың баспанасы жоқ, кішкентай балалары бар, бірақ балабақшаға орналастырылмаған, денсаулықтарына байланысты мәселелері бар. Тағы осы секілді жағдайларына қарай оларға жан-жақты көмек көрсетілетін болады. Жұмысшы топтың құрамында жұмыспен қамту, білім беру, құқық қорғау органдары, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау салаларының өкілдері бар, –
дейді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Аида Утеулина.
Пилоттық жобаны іске асыру аясында құрылған ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысы да өтті. Онда топ мүшелері әр отбасының хал-жайларын жете талқылап, қандай көмектің шын пайдасы тиетінін нақтылады. Жұмысшы топтың алғашқы отырысында кешенді көмек көрсетуге алынған 12 отбасының ішінен төртеуінің жеке жоспарлары жан-жақты қаралды.
Сол 12 отбасының бірінің иесі – 36 жастағы азаматтың тұрғылықты тіркелген мекенжайы да, баспана, жұмысы да жоқ. Азаматтық некедегі жұбайы орта білімді, еш жерде жұмыс істемейді. Екі ұл, екі қызы бар. Балаларының үлкені 11 жаста болса, ең кішісі 3-те. Жұбайы көлік жуу орнында жұмыс істеп, болар-болмас нәпақасын тауып, 4 баламен 2 бөлмелі, әбден тозығы жеткен барак типтес үйде тұрады. Ол да өз иеліктерінде емес. 2 жылдан бері төленбеген несиесі тағы бар. Өткен сәуір айынан бастап 4 баласына 101 000 теңге әлеуметтік жәрдемақы бөлінген. Алайда оның
73 104 теңгесін төленбеген несиесі үшін банк ұстап қалады да, өзіне қалған
27 896 теңгесі түсіп отыр.
Енді бір отбасы 5 баласымен қоймада тұрып жатыр. Отағасы сол жердің қарауылы болғандықтан, аумағы 12 шаршы метр жалғыз бөлмеде
7 адам күнелтуде. Едені бетон, сыз, суық бөлмеде мүлдем жуынатын жер жоқ. Мүліктен жалғыз кереует бар. Өзгелері сыз тартқан тас еденде жатып ұйықтайды. Балалардың анасы бала күтіміне байланысты демалыста екен. Бала күтіміне ай сайын 20 мың теңге, көпбалалы отбасы ретінде 10 000 теңге алады. Осыдан басқа түсіп тұрған табыс жоқ.
Міне, осындай қиын жағдайдағы 12 отбасының тиісті жәрдемақы алуларына және балаларының балабақшаға қабылданып, ересектерінің жұмысқа тұруына және денсаулықтарын күтулеріне пилоттық жоба аясында барынша көмек көрсетілмек.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында арнаулы әлеуметтік қызмет және көмек көрсетудегі ықпалдастырылған моделін енгізу мәселесі бойынша қатысатын сала мамандарына оқыту семинарлары ұйымдастырылған болатын.
Арнайы бекітілген жол картасына сәйкес жыл соңына дейін аталған отбасыларға кешенді түрде арнайы әлеуметтік қызметтер ұсыну жалғаса береді.
Мемлекет тарапынан қолдау тауып, жекелеген адамдарға көрсетіліп жатқан қамқорлық жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халқымыздың кемеңгерлігін тағы да еске оралтты. «Жаратушыдан сұрар дұғаңды өзге адамның игілігін тілеумен бастасаң, қабыл болады» деуші еді көпті көрген көнекөздер. Ізгілікке негізделген жаңа істің шарапаты мол болып, пилоттық жоба оң нәтиже береріне сенеміз. Бір кісінің жағдайына бүкіл ел болып жұмыла жәрдемдесе алатын бірлігіміз беки берсін. Басқаның басындағы мәселеге бас ауыртпайтын немқұрайдылықтан сақтасын!

Қамар Қарасаева

ПІКІР