Әлеуметтің әлеуеті артса, тұрмыс та түзеледі

0 0

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ең басты міндет бұқараның тұрмысын жақсартуға басымдық беру екенін баса айтқаны белгілі. Бұл бағытта бүгінде аймақтарда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әулиеата өңірінде де әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін түрлі жобалар жандануда. Міне, осы игі істер жайлы облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Баласағұн» орталық концерт залында өткен халық алдындағы есепті жиынында жан-жақты баян етті. Жиында Асқар Исабекұлы статистикалық мәліметтерден гөрі, әкімдік жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған шараларға кеңінен тоқталды.

Өндіріс өркендеп, асыраушы сала алшаң басуда

– Былтырғы жылғы меже бойынша облыс экономикасының барлық салаларында оң динамика сақталып отыр. Басты көрсеткіш – экономиканың өсуі бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор – 104,6 пайызды құрады. Бұл жөнінде аудан, қала әкімдерінің, басқармалардың есебінде кеңінен айтылды. Сондықтан статистикалық көрсеткіштерді қайталамай, әкімдік жұмысының тиімділігін арттыруға қатысты қабылданған шараларға тоқталғанды жөн санап отырмын.
Өткен жылы өндіріс көлемі, өңдеу өнеркәсібі, негізгі капиталға салынған инвестиция артығымен орындалды. 40,3 миллиард теңгеге 15 инвестициялық жоба іске қосылды.
Кәсіпорындардың мәселелерін шешу үшін облыстағы барлық 439 қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға барып, әр өндіріс орнының паспорты жасақталды, қорытындысымен арнайы Карта әзірленді. Карта Астанада тиісті министрліктерде, қаржы институттарына баяндалды. Нәтижесінде, Картаға енген 27 кәсіпорынға қаржылай емес және 4 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілді.
Сондай-ақ инвесторларға тиімді қызмет көрсету үшін «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасайтын арнайы Орталық ашылды. Оның жұмыс тәртібі бекітілді. 2025 жылға дейін құны 2 миллиард АҚШ долларынан асатын 170 жоба іріктелінді.
Шағын және орта кәсіпкерлердің саны 8 пайызға өсіп, 63 мыңнан асты. Өндірілген өнім 321 миллиард теңгені құрап, 5,6 пайызға артты,- деген облыс әкімі бұдан әрі өңірдің асыраушы саласындағы ауқымды тірліктерді тілге тиек етті.
– Ауыл шаруашылығы өнімінің өсуі бойынша республикада алғашқы үштікке ендік. Саладағы мәселелерді жүйелі шешу үшін бұл бағытта да арнайы Карта жасалды.
Бірінші кезекте егістік алқабын көбейту қаралып отыр. Есепті кезеңде егістік алқабы 38 мың гектарға артып, жалпы аумағы 668 мың гектарға жетті және оның электрондық дерекқоры жасалды. Картада сұранысы жоғары өнімдерге және озық технологияларға ерекше мән берілді.
Айталық, үдемелі бақтар 30 пайызға көбейіп, 625 гектарға жетті. Алдағы екі жылда 1000 гектарға көбейткелі отырмыз. Яғни, жылына өсім – 500 гектарды құрайтын болады.
Су үнемдеу технологиялары 21 пайызға өсті. Суармалы жерлерді арттыру үшін арнайы механикалық жасақ құрылды. Жасаққа қажетті облыстық бюджеттен 46 техника сатып алынды. Кеңес дәуірінде суармалы жердің алқабы 210 мың гектар болғаны белгілі. Бүгінде 96 мың гектары ғана қолданыста. Жоспар – игерілмей отырған 115 мың гектарды қолданысқа енгізу. Өткен жылы Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм аудандарында 1400 гектар қалпына келтірілді. Биылғы меже суармалы жерлерді тағы 20-25 мың гектарға көбейту, – деді Асқар Исабекұлы.

Мал шаруашылығында облыстың ерекшелігі ескеріліп, етті экспортқа шығару қолға алынды. 3 мың тонна ет, оның ішінде 1,6 мың тонна қой еті экспортталды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5 есеге көп және республика бойынша экспортқа шыққан қой етінің 43 пайызын құрайды.
– Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бірақ, жүктемелері төмен. Оның бірден-бір себебі – шикізатпен тиімді қамтамасыз етілмей отырғандығы. Осы орайда, Картаға сәйкес 1,5 мың қосалқы шаруашылықтарды біріктірумен 55 кооператив құрылды. 12 мың тонна өнім өндірілді. Кәсіпорындардың жүктемесі 10 пайызға көтерілді. Басты жоспар – кооперативтерді барлық ауылдық округтерде құру.
Жалпы салаға мемлекеттік қолдауды 16 миллиард теңгеден 20 миллиард теңгеге жеткіздік. Нәтижесінде, қолдау алушылардың саны 1300 тауар өндірушіге көбейді, – деді аймақ басшысы.

Құрылыс қарқыны көз қуантады

Бұдан кейін облыс әкімі былтырғы жылы баянды бағдарын тапқан табиғатты қорғау саласындағы жұмыстарға тоқталды.
– Табиғатты қорғау саласында маман­дан­дырыл­ған, жануарлар дүниесін қорғайтын Жедел топ және «Табиғатты қорғау кеңесі» құрылды. Небәрі 3-4 айдың өзінде 38 заң бұзушылық фактісі анықталып, 5 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл жыл бойы салынатын айыппұлдардан 2 есе көп.
Табиғатты сақтау үшін арнайы Декларация қабылданып, ондағы міндеттерді орындауға облыс әкімінен бастап барлық басшылар, жалпы 4 мыңнан аса қызметші, оның ішінде 2 жарым мыңдай мемлекеттік қызметші серт беріп, қол қойды.
Тараз қаласының сарқын суларын тазартатын кешен құрылысына ТЭН әзірленді. Тиімді мониторинг жүргізу үшін замануи жылжымалы зертхана сатып алынды.
«Жуалы-Қарашат» және «Қордай-Жайсан» ерекше қорғалатын аймақтар құру құжаттары тиісті мемлекеттік органдармен келісілуде. Және ағымдағы жылы Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандарының таулы аумақтарында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру үшін техника-экономикалық негіздемеге қаржы бөлінді, – деді Асқар Мырзахметов. Аймақ басшысы өз есебінде құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстарға да ерекше басымдық берді.
– Есепті кезеңде құрылыс саласында 124 нысанның жобасы әзірленіп, 428 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылмен салыстарғанда 21 пайызға артық.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1657 отбасы қоныс тойын тойлады. 39 үй жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртуды қажет ететін тұрғын үйлердің саны 20 пайызға азайды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, 2000 жанұяға жаңа пәтер кілті берілетін болады.
«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын жан-жақты түсіндіру үшін арнайы орталық құрылды. Бүгінгі күнге 106 адам бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл межеге тоқмейілсімей, алдағы уақытта жұмыс тағы жандана түсетін болады.
Бұдан бөлек, биыл жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 8275 гектар жерге инфрақұрылым тарту көзделуде. Сондай-ақ зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2262 учаскелік жердің 3-4 жылдан бері пайдаланылмай жатқаны анықталды. Міне, осы жерлерді заң шеңберінде мемлекет меншігіне қайтарып, кезекте тұрған тұрғындарға беру мәселесі қаралуда.
Жол құрылысына келсек, 12 миллиард теңгеге 526 шақырым автожол орта және күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде қанағаттанарлық деңгейдегі жол үлесі 80 пайыздық межеге жетіп отыр. Бұған облыс әкімдігі мен аудандар арасында бекітілген нақты индикаторлар арқасында қол жетуде.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 10 жоба жандануда. Сондай-ақ «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолының да құрылысы қолға алынды. 355 елді мекен GPS қондырғысы орнатылған қоғамдық көлікпен қамтылды. Құрылыс саласының ауқымын ескере отырып, өз алдына дербес басқарма да құрылып отыр, – деді облыс әкімі.

Коммуналдық шаруашылық күн тәртібінен түспейді

Асқар Исабекұлы баяндамасында тұрғындардың тұрмысымен тығыз байланысты коммуналдық шаруашылықты да назардан тыс қалдырған жоқ.
– Энергетика саласында балама электр қуатының үлесі жоспардағы 14 пайыздан асып, 16 пайызға жетті. Электрмен толық қамтамасыз етілмей келген Тараз қаласындағы №12 және 15-ші ықшамаудандардың мәселесі шешілді.
Жылу бойынша тозығы жеткен магистральды желілерді ауыстыруды бастадық. Таразда 3 шақырымнан асатын магистральды желілер ауыстырылды, биылғы жылға 9,3 шақырымын жаңалауға 7,6 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Облыстағы 377 елді мекеннің 48 пайызы газдандырылған. Көрсеткішті көтеру үшін өткен жылы құны 43 миллиард теңгені құрайтын 84 елді мекенді газдандырудың ЖСҚ әзірленді. Биыл 81 елді мекенге магистральды газ құбыры құрылысын бастауға 6,1 миллиард теңге бөлінді. Нақтылау кезінде қалып отырған 3 елді мекен де енгізілетін болады.
Жалпы, ауылдарды газдандыру 3 жылға жоспарланып отыр. Нәтижесінде, елді мекендермен санайтын болсақ, газдандыру 48 пайыздан 70 пайызға жететін болады.
Ал, халық санымен бұл көрсеткішті 67 пайыздан 2018 жылдың қорытындысымен 72 пайызға жеткіздік. Ол үшін газды көшеден үйге кіргізу құны қымбат болу себебінен көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған 52 мың халықтың мәселесін оңды шештік.
Ауыз су бойынша 10 нысан пайдалануға беріліп, су жүйесімен қамтылған елді мекендердің үлесі 53,3 пайызды құрады.
Бұл жерде де әр елді мекен жеке талданды. 149 мың адамның су құбырына қосылмай отырғандығы анықталды. Жұмыс күзде басталғандықтан, жыл соңына дейін 7 мың адам ғана қамтылды, оның үстіне кейбір тұрғындардың тарифтің жоғары болуынан орталық жүйеден бас тартулары да орын алды. Осыны ескере отырып, 83 елді мекеннің тарифін төмендетуге құжаттар дайындалып, Су комитетіне тапсырылды. Қалып отырған 142 мың адамның 50 мыңын орталық су құбырына қосуды биыл жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, суды сағатпен беретін ауылдарды ауызсумен қамту деңгейін көтерудің нақты кестесі жасалды. Су тарифтерін тиімді ету үшін облыста «Тараз су» коммуналдық мекемесінің негізінде Бірыңғай оператор құру туралы шешім қабылданды. Бұл халықаралық қаржы ұйымдарынан инвестиция тартуға да мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы 2019 жылға су құбыры жоқ 13 елді мекенді сумен қамтуға 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Бұл қосымша 29 мыңнан астам адамды тіршілік көзімен қамтымақ.
Тарифтерді төмендету бойынша да тиісті шаралар қабылданды. 1 қаңтардан бастап тұрғындар үшін газдың бағасы 6,3 пайызға, электр қуаты – 7,2 пайызға, ауыз су – 22,9 пайызға және кәріз қызметі – 0,4 пайызға арзандады. Ал тұрғын үй кооперативтері қызметінің тарифі 6,6 пайызға, тұрмыстық қалдықтарды шығару 5 пайызға және лифт қызметінің тарифі 7,1 пайызға төмендеп отыр, – деді А.Мырзахметов.

Цифрлық дәуірге қарышты қадам

Білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер бар. Аймақ басшысы бұл бағыттағы бастамаларды да егжей-тегжейлі баян етті.
– Білім саласында 6 мың балаға 66 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Нәтижесінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту 98 пайызға жетті. Биыл 100 пайыз болады. ҰБТ қорытындысы 89,4 балл болды. Бұл 2004 жылы Ұлттық тест енгізілгелі бері ең жоғары көрсеткіш. Облыс оқушылары республикалық олимпиада мен ғылыми жарыстарда 7 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанды.
Өткен жылы үш ауысымды 3, апатты 3 және оқушы орны тапшы 3, жалпы 9 мектептің мәселесі шешілді. Биыл қалып отырған үш ауысымды 1 мектептің, апатты жағдайдағы 1 мектептің және оқушы орны тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешілетін болады. Әлеуметтік нысандар құрылысының 3 жылға арналған Жол картасына жалпы 48 білім беру нысанының құрылысы енгізілді. Жобалық құжаттамалары әзірленуде.
Барлық мектеп интернетке қосылды. Өткен жылы аудандар мен Тараз қаласында 14 IT сынып және облыс орталығында дарынды балаларға арналған IT лицей-интернат ашылды. «Күнделік» жобасына қосылған мектептердің үлесі 34 пайыздан 100 пайызға жетті. Биыл білім нысандары бейнебақылау құралдарымен толығымен қамтамасыз етіледі.
2018-2019 оқу жылына гранттарды 5 мыңға жеткіздік және жұмысшы мамандықтардың грантын 49 пайыздан 66 пайызға көтердік. Керісінше, экономикалық, заңгер мамандықтары қысқартылды. Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжі мен Құлан ауылшаруашылығы колледжі базаларында заманауи оқу орындарын құру бойынша қаржы бөлініп, жұмыстар басталды. Президенттің «5 әлеуметтік бастамасы» аясында 5 жатақхана құрылысы жүргізілуде.
Денсаулық сақтау саласында өлім-жітім көрсеткіштері республикалық орташа деңгейден төмен. Оның ішінде нәресте, ана өлімі де азайып отыр.
Өткен жылы барлық медицина ұйымдары 100 пайыз компьютермен жабдықталып, ғаламторға қосылды. Медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге барлық медициналық ұйымдар көшті.
Есепті кезеңде 39 медициналық нысан салынып, оның 29-ы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тұрғызылды. Алдағы 1,5 жылда қалып отырған 60 елді мекенді алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандармен толық қамтимыз.
Спорт саласында спорт нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша индикаторлар белгіленді. Сондай-ақ спорт нысандарын салу Картасы әзірленді. Нормативті ескере келе, алдағы 3 жылда 81 спорт нысанын соғу жоспарлануда.
Мәдениет саласында облыстың 8 нысаны «Қазақстанның 100 сакралды нысаны» тізіміне енгізілді. Ауылдық 71 кітапхана мобильді стандартқа көшіріліп, цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылды.
Өткен жылы 3 музей қолданысқа берілсе, «Электрондық архив» жүйесі де орнатылды. Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 28 бастаманы және 10 жобаны қамтитын 4 негізгі бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда, – деді облыс әкімі.

Жастар жұмыссыздығына баса мән беріледі

Жастар саясатына келсек, былтыр 16,6 мың жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. «Zhas Projeсt» жобасы аясында 206 кәсіптік нысан іске қосылып, 762 адам жұмысқа тұрған. Оның 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
– Жұмыссыз немесе нәтижесіз жұмыспен қамтылған, оқымайтын NEET санатындағы жастардың базасы жасақталды. Осы орайда, Жастар жылындағы бірден-бір атқарылатын жұмыс – жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу болмақ.
Келесі бір маңызды мәселе – еріктілер (волонтерлық) қозғалысына тың серпін беріп, әлеуметтік мәселелерді шешуге пайдалану. Бұл қозғалыстың тиімді жүйесін қалыптастыру үшін өткен жылдың аяғында «Қамқор» жобасы қолға алынды. Оған 1 мыңға жуық ерікті тартылды. Тараз қаласында 3 арнайы әлеуметтік заттар жинайтын орын ашылып, бүгіннің өзінде 574 тұрмысы төмен отбасыға 3,2 миллион теңгеге азық-түлік, киімдер таратылды. Ендігі жерде бұл жұмыстың ауқымы кеңейтіліп, аудандар да қамтылғалы отыр, – деді аймақ басшысы.

Тарихи тараз түрлене түседі

Асқар Исабекұлы баяндамасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында ағымдағы жылы бірқатар жобалар жанданатындығына да тоқталды. Атап айтсақ, биыл «Шахристан» этно-мәдени кешенінің, «Өлкетану» мұражайының, Көркемсурет галлереясының, «Қолөнер шеберлері» және «Руханият» орталықтарының құрылысы басталмақ. Жастар жылына орай, «Жастар аллеясы» да ашылатын болады. Сондай-ақ өңірден шыққан рухани дүниелерді, тарихты қамтитын көптомдық басылым жарық көрмек.
Есепті жиыннан тағы бір қаныққанымыз, бюджеттік кірістер артығымен орындалып, тіркелген қылмыс деңгейі 22 пайызға төмендеген. Елбасы Жолдауына сәйкес, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 42 мыңнан төмен жалақы алатын бюджеттік ұйымдардың 39626 қызметкерінің және жеке кәсіпорындардың 21 жұмыскерінің жалақысы өскен.
Міне, осындай ауқымды жобалар мен баянды бастамаларды баян еткен Асқар Мырзахметов сөз соңында биылғы жұмыстар Елбасы Жолдауында және басқа да маңызды құжаттарда айтылған міндеттерді іске асыруға бағытталатындығын тілге тиек етіп, бұл тұрғыда бұқараны бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Саятхан Сатылғанов, Шынболат Күзекбаев, Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.