Әлеуметтің әлеуетін арттырудың жаңа кезеңі

0 4

Әлеумет – қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде қалың көпшілік, қауым, жұрт мағынасында қолданылатын қасиетті ұғым саналады. Қазақтың дәстүрлі қоғамында ол отбасы мен ағайын-туыстардан басталып, жекжат-жұрат, бүкіл қоғам мағынасына дейін қамтиды. Жалпы алғанда қазақта әлеумет мағынасы көп аспектілі ұғымды құрайды.

Өткен жыл жалпы қазақ халқының ғана емес, алты құрлықтың елдері үшін де аса күрделі де ауыр кезең ретінде ерекшеленіп отыр. Бүкіл жер жүзіне тараған індет әлеуметтік-экономикалық әлеуетімізге де жаңаша қарауды талап етіп отыр.

Қандай жағдай болмасын, іргелі ел ретінде әлем елдеріне өзіндік саяси ұстанымымен, бағыт-бағдарымен ерекшеленіп отырған кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің кезекті Жолдауын жариялады.

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдау ел дамуының нақты векторларын анықтап берді, оның ішінде еліміздің әлеуметтік саласын жаңғырту мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру – мемлекет саясатының басты басымдығы екенін көрсетті.

Елдік жолындағы Мемлекет басшысының көрсетіп берген мәселелерінің барлығы тиянақты да ұқыпты, адал орындалуы үшін баршамыздың бойымызда жоғары жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттер басты орында болуы керек деген ойдамыз.

Қай қоғамда болмасын, өскелең ұрпақ тәрбиесі ұлт болашағы үшін аса қажетті мектеп екендігін дәлдеп берді. Ықылым замандардан ата-бабаларымыз «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекерден айтпаған болу керек. Қазіргі кездегі жаһандық үдерістерге сай ұрпақ тәрбиесіне байланысты жаңша міндеттер туындап отыр.

Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы өскелең ұрпақтың жан-жақты тұлғасын қалыптастыруға: спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту, «балалар үйірмелерінің» қызметін жаңғырту бойынша қосымша шаралар пысықталады.

Спорттың саулық кепілі екені баршамызға белгілі. Десек те, көпшілігіміз спортпен айналысуды тұрақты түрде дағдыға айналдыра алмай жүргеніміз тағы жасырын емес. Оның түрлі себептері де жетерлік. Бұл тұрғыда, үлкендер жағын айтпағанның өзінде, жастардың алдынан да көптеген кедергілер көлденеңінен шығып жатады. Солардың ішінде ең бастысы шалғайдағы аудандар мен ауылдардағы спорттық үйірмелерге қатысты қордаланған мәселелер жұрт назарын өзіне аударып келген еді.

Әрбір елдің болашағы жас ұрпақ пен білікті мамандар даярлау жүйесімен тікелей байланысты екендігі жасырын емес. Бұл мәселе қазақ халқы мемлекет болып қалыптасуымен бірге күн тәртібінен түскен емес.

Бір кездері қазақтың ханы Абылай да:

«Білекке сенер заманда, ешкімге есе бермедік.

Білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмейік», деп айтуының өзінде үлкен мән, болашаққа деген сенім жатыр. Осы мәселені басты назарда ұстаған Президентіміз, сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын жабу жөнінде жұмыстарды күшейтті.

Өркениетті елдердің қатарынан көріну үшін дамыған экономикамыз бен қатар біліміміз бен мәдениетіміз де алдыңғы шептен көрінуі тиіс. Осы орайда Президент Үкіметке ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолында, мәдениет пен өнер айдынында аянбай еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің айлығын көтеруді тапсырды. Қазіргі кезде білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де жасылынып отыр.

Қалың көпшілік бұл жаңалықты қуана қабылдады. Ұстаз, мәдениет қызметкерлері еңбегінің бағалануы – абыройының артқанын, қоғам алдында мәртебесінің жоғарылағанын дәлелдейді. Ал білім мен өнерді жоғары құндылық ретінде танып, ұстаздар мен мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін жоғары қоятын елдің рухани тұрғыдан дамитыны анық.

Қай қоғамда болмасын дамудың қозғаушы күші жастар саналғандығы жасырын емес. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялаған болатын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі толқын, жастарға үлкен үміт артып отыр. Осы уақытқа дейін Елбасының тапсырмасы бойынша республикада жастар саясатының мәселесі бойынша арнайы уәкілетті орган – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, ауқымды жұмыстар атқарған болатын.

Еліміздің жастары осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде білімін жетілдірді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында оқып жатқан студент жастарға арнайы білім гранттарының да саны еселеп артты. Жастарды түрлі саладағы қызметтермен қамту мәселесі бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Еліміздегі жастарды жұмыспен қамту мәселесі де шешімін тауып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өз нәтижелерін беріп отыр.

Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Осы мақсатта әрбір халықтың сан-алуан ой-пікірлері мен іс-тәжірибелері ғасырлар бойы жинақталып отырған. Адамзат баласына ортақ рухани құндылықтарының құрамдас бір бөлігі болып саналатын бұл жетістіктерді халықтың тәлімгерлік тәжірибесі дейміз.

Осы орайда Президенттің тапсырмасы бойынша «Жас ғалым» жобасына 1000 грант бөліну тапсырылған. Жастарға өз білімі мен ғылым жолындағы жетістіктерін дәледеуге мол мүмкіндік туып отыр.

 

Мұрат БЕКМҰРАТОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік

университетінің деканы, профессор

Leave A Reply

Your email address will not be published.