Әлеуметтің әлеуетін көтерген айтулы жобалар

0 6

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының 2021-2025 жылдарға арналған облыстық Жол картасының орындалу барысын зерделеу мақсатында БАҚ өкілдерінің қатысуымен бірнеше ауданға екі күндік баспасөз туры ұйымдастырылды.

Алғаш ат басын бұрған Жуалы ауданында бүгінгі таңда 4 сүт өңдеу цехы жұмыс істейді екен. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Абдалиев өңірдегі ең үлкен «Бурное сыр зауыты» бір күнде 40 тоннаға дейін сүт өңдейтін цехтың қуаттылығын алдағы уақытта 100 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын айтады. Бұдан басқа жуырда 2 шағын сүт цехы іске қосылса, жыл соңына дейін тағы 3 шағын цех жұмысын бастамақ. Журналистер Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Aqmol-2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт және ірімшік өңдеу цехына барып, ондағы жаңа қондырғылармен танысты. 2016 жылы іске қосылған кәсіпорында бүгінде 25 адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда күніне 17-20 тонна аралығында сүт өңдеп, одан ірімшік, қаймақ, айран сияқты 15 түрлі өнім шығаруда. Серіктестік директоры Әкежан Орынбасарұлының айтуынша, алдағы уақытта өнім түрлерін арттыра түспек.
Келесі кезекте БАҚ өкілдері «Қаралма» тау-шаңғы кешені құрылысының екінші кезеңімен танысты. Бүгінде тау-шаңғы базасының құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қонақүй-коттедждердің, туристерге қызмет көрсету сервистік кешенінің құрылысы салынып, жолы жөнделген. Жоба құны 4,8 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмысын «ТаразСтрой-2004» серіктестігі жүргізуде.
Келесі нысан Жол картасы аясында салынып жатқан «АСА АГРО» серіктестігінің құс етін өндіру фабрикасының құрылысы болды. Күніне 21 тоннаға дейін ет өндіретін қуаты бар фабрика Жамбыл ауданының Аса ауылдық округінде орналасқан. Жалпы көлемі 2,6 гектар жер теліміндегі бұрынғы сүт тауарлы фермасының ғимараты жаңғыртылып, құс фабрикасы ретінде қайта дайындалу үстінде.
– Қазіргі уақытта бұл жерде
4 тауық қораның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан соң осы ауданда тағы 25 тауық баз салу жоспарда бар. Мұнда бройлер тауықтарын өсіретін боламыз. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады, – дейді «АСА АГРО» ЖШС-ның басшысы Алмабек Мулякаев.
Мұнан соң аудандағы Шоқай ауылы тұрғындарының таза ауызсумен қамтылу жұмыстары таныстырылды.
Баспасөз туры барысында журналистер Байзақ ауданындағы Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды да көріп қайтты. Оның бірі – құс етін өңдейтін «Аллель» құс фабрикасы.
– Бүгінгі таңда Байзақ ауданында «Аллель-Агро» акционерлік қоғамының 22,6 миллиард теңге тұратын жобасы іске асуда. Яғни құс етін өңдейтін құс фабрикаларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2021-2023 жылдарға жоспарланған. Бүгінгі таңда 12 құс өсіру базасы дайын. Шілде айының 10-ынан бастап құс фабрикасының әр базасына 23 мың бройлер балапанын алып келу жоспарлануда. Жылдық қуаттылығы – 44 мың тонна құс етін өндіру. Дәл осындай құс фабрикасы Көктерек және Темірбек ауылында да салынуда. Ол жақта да 12 база болады. Байзақ ауданы тарапынан аталмыш ауылдарға 75 гектардан, яғни 150 гектар жер «Аллель-Агро» акционерлік қоғамына беріліп отыр. Жалпы бройлер тауықтары 42 күнде 2-36 келіге дейін ет жинайды. Оны сол кезде сойып, нарыққа шығарады. Жалпы 1 шаршы метрден 54-55 келі ет алуды жоспарлап отыр, – деді Байзақ аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Еркін Нахыпбеков.
Аудандағы көкөніс консервілеу цехы және көкөніс сақтау қоймасына барған тілшілерге «Жабатаева Л.К» жеке кәсіпкерлігінің менеджері Ердос Иманқұлов атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырып, құрылысы 2018 жылы басталған көкөніс сақтайтын салқын қойма
3 мың текше метрге арналғанын және алдағы қыркүйек айында тапсырыс қабылдауға дайын екенін тілге тиек етті. Бұл нысанның жергілікті халық үшін маңызы зор. Өйткені осы күнге дейін бұл ауданда қысқа азық сақтайтын 12 орын болғанымен, мұндай үлкен көлемдегі қойма болған емес. Енді арнайы жабдықталған қойманың арқасында диқандар жыл он екі ай бақша өнімін өз пайдасына жарата алады.
Баспасөз туры Байзақ ауданының Алматы-Ташкент тасжолы маңындағы 475 шақырымды құрайтын каналдардың құрылыс жұмыстарымен танысумен аяқталды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.