Алғашқы айналым несімен есте қалды?

0 3

Қарт құрлықтың ең айтулы аламаны футболдан Еуропа чемпионаты қыза түсті. Қазіргі таңда алғашқы айналым аяқталып, бірқатар сенсациялар орын алды. Сондай-ақ кездесу барысында драмаға толы жайттар да болды.
Сонымен бірінші айналым несімен есте қалды?

Алғашқы автогол

Чемпионаттың ең алғашқы кездесуі Италия мен Түркия құрамасының арасында өтті. Шындығын айту керек, турнир ашар ойын көптің көңілінен шыққан жоқ. Әсіресе бірінші тайм Еуропа чемпионаты емес, жолдастық кездесуді елестетті. Десе де италиялықтар екінші таймда ойындарына екпін қосып, 53-минутта түріктер өз қақпаларына гол соғып алды. Артынша 66-минутта Иммобиле, 79-минутта Инсинье есепті еселеп, 3:0-ге жеткізді.

Орыстар ойсырай ұтылды

«Б» тобында азулы Бельгия құрамасы ресейліктерді өз алаңында тас-талқан етіп ұтты. Санкт-Петербургтағы «Газпром Арена» стадионында өткен кездесуде есепті шабуылшы Ромелу Лукаку 10-минутта ашты. Андрей Семеновтың қателігін керемет пайдаланған ол өзінің нағыз шебер футболшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Одан кейін Тома Менье есепті еселей түссе, 88-минутта Лукаку дубль авторы атанды. Осылайша орыстар алғашқы ойынында ойсырай жеңілді.

Жүрегі бір минутқа тоқтап қалды

Копенгагендегі «Паркен» стадионында өткен Дания мен Финляндия құрамалары арасындағы матч қайғылы оқиғамен аяқтала жаздады. Ойынның 43-минутында даниялық ойыншы Кристиан Эриксен есінен танып қалды. Алаңға етпетімен құлаған оның 1 минутқа жүрегі тоқтап қалған. Дер кезінде жеткен дәрігерлер заманауи құрылғының көмегімен оның жүрегін алаң ортасында қайта іске қосты. Бұдан кейін Эриксенмен бірге Дания құрамасының ойыншылары алаңнан шығып кетті. Ойын тек бір сағаттан кейін жалғасты. Бұл кездесуде Финляндия шабуылшысы Джоэль Похьянпало жалғыз голды соққанымен, финдер Эриксеннің құрметі үшін оны тойлаған жоқ.

Драмаға толы кездесу

«С» тобындағы Нидерландия мен Украина құрамалары арасындағы кездесу драмаға толы болды. Нидерландтықтар еш қиналмай екі голды соғып тастағаннан кейін жанкүйерлер Украина ірі есеппен ұтылады деп болжаған. Алайда кездесудің 75-минутында Андрей Ярмоленко әдемі гол соғып, интриганы қайта оятты. Ал 79-минутта есепті теңестірген Роман Яремчук тіпті украиндықтарға қанат бітірді. Десе де 85-минутта Дензел Думфрис жеңіс голын соғып, Нидерландия құрамасының мықтылығын дәлелдеді.

Ең әдемі гол

«D» тобындағы Чехия мен Шотландия құрамасы арасында сенсация орын алды. Кездесудің фавориті саналған шотландықтар шабуылшы Патрик Шиктің екі голынан кейін тізе бүкті. Шик алғашқы допты командалық ойын жүйесі арқылы соқса, екінші голда шын шеберлігін көрсетті. Алаңның ортасынан Чехия құрамасының қақпасына гол соғып, сұр мергендігімен көзге түсті. Шиктің голы әзірге чемпионаттағы ең әдемі гол саналып отыр.

Словакияның сенсациясы

«Е» тобында Словакия Польша құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, тағы бір сенсация орнатты. Словакия сапында Роберт Мактың соққан алғашқы голы Войцех Щенсныйға тиіп кіргендіктен бұл гол Польша қақпашысының атына жазылды. Екінші тайм бастала салысымен польшалық ойыншы Кароль Линетты таразы басын теңестірген. Алайда 62-минутта Гжегож Крыховяк алаңнан қуылғаннан кейін Польшаның жағдайы қиындай түсті. Словакия үшін жеңіс голын қорғаушы Милан Шкриниар соғып, құрамасы турнир кестесінде топ бастады.

Есеп ашылмаған ойын

Испания мен Швеция құрамалары арасында есеп ашылмады. Алғашқы айналымда гол соғылмаған бұл бірінші кездесу болды.
«Қызыл фуриялықтар» негізгі ойында 85,1 пайыз допқа иелік еткенімен, сол бойы есеп аша алмады. Алайда 85,1 пайыздық үстемдік Еуропа чемпионаты тарихындағы рекорд болды. Тең ойыннан кейін Испанияның турнир кестесіндегі жағдайы қиындай түскенін айта кеткен жөн.

Платинидің рекорды мәңгілік емес

Алғашқы айналымды «F» тобы түйіндеді. «Өлім тобында» Венгрия құрамасын Португалия 3:0 есебімен тас-талқан етті. Бұл кездесудегі тарихи оқиға – Криштиану Роналду бесінші Еуропа чемпионатына қатысып, бір рекорд жасаса, оныншы голын соғып кәрі құрлық бәсекесінің бомбардирі Мишель Платиниді басып озды. Кездесу соңында Роналдудың жасаған дублі оны тіпті рекордттар тізімінде екі саты жоғарылатып тастады. Енді бұл рекордты кім және қашан бұзатынын уақыт көрсетер.

P.S.
Осы аптада Еуропа чемпионатының екінші айналымы басталды. Бірінші кездесуде Ресей құрамасы Финляндияны ұтып, көптен күткен жеңісіне қол жеткізсе, түріктер Уэльстен жеңіліп қалды. Осыдан кейін Түркияның топтан шықпайтыны анық болып тұр. Ал қалған құрамалардың ойыны осы жетіде өтеді. Ол туралы газетіміздің келесі санында баян етеміз.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.