Қоғам

Алғыс арқалаған жан алысқа барады

Written by Aray2005

«Еңбек ер атандырады» дейді қазақ даналығы. Ал адал еңбектің әділ бағасын алу – жауапкершілік жүгімен қатар, абырой мен бедел. Еңбек жолын тележурналистика саласынан бастап, кейін қазіргі Түркістан облысы әкімдігінде, «Nur Otan» партиясы мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде лауазымды қызметтер атқарған Берік Құрманғалиды бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Себебі Берік Уәлиұлы өзін қай салаға салмасын алмас қылыштай кесіп түсетін өткір, білікті маман ретінде танытты. Жамбыл жеріне осыдан тоғыз ай бұрын облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы ретінде ат басын бұрған ол әулиеаталық жұртшылықтың да жадында жақсы қырынан қалды. Өңір идеологиясын ұршықша иірген азамат түрлі жобаларға жан бітіріп, бүгінгі ұрпаққа ұлағат болар үлкен істер атқарды. Әрине, алғыс арқалаған адамның алысқа баратыны белгілі. Жуырда Берік Уәлиұлы Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды. «Ұлы атқа қонса, тақым қысқан» жамбылдық жұртшылық мұндай жағымды жаңалықты қуана қабылдағаны даусыз.

«Болар баланың кісіменен ісі бар…» демекші, Берік Құрманғали Ақордадағы жауапты қызметіне кіріспес бұрын, жамбылдық әріптестеріне алғысын білдіріп, үлкендерден бата сұрауды құп көрді. Күні кеше Тараз қаласындағы «Ғибрат» орталығында өткен кешке жиылған жұртшылықтың қарасын көріп, біз Берік Уәлиұлының сыйы мен құрметіне тағы бір қаныққандай болдық. Жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі қатысып, мемлекеттік қызметте қалыпқа салып шыңдаған шәкіртінің биік белестерге жететініне сенім білдірді.
– «Тараз жеріне таяқ ұстап келген тай мініп қайтады» деген сөз бар. Алайда Берік мұнда тұлпар мініп келген. Енді міне тұлпарына тұлпар қосып, тізгіндеп қайтып барады. Елге жасаған еңбегі әрдайым еленіп, абырой шыңынан көрінуіне тілектеспін, – деген аймақ басшысы естелік сыйлығын да тарту етті.
Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов те сөз сөйлеп, Берік Құрманғалидың иығына шапан жапты. Ал жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы іскер азаматтың облыста атқарған ілкімді тірліктерін тілге тиек етіп, еңбегін жоғары бағалады. Бұдан бөлек, басқосуда облыстық кәсіподақ орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков және «Қазақстанның Еңбек Ері» Сайрамбай Дөненбаев Берік Уәлиұлына деген ізгі тілектерін жеткізді. Ақын Қайырбек Асанов пен Ғайни Әлімбекқызы жырдан шашу шашты. Өз кезегінде кешке қатысып отырған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері де жылы лебіздерін білдірді.
Жиын соңында Берік Құрманғали сөз алып, Әулиеата өңірінен үйренгені көп екенін, Жамбыл жерімен әрдайым жаны бір болатынын айтып, облыс әкімі Асқар Исабекұлы мен өзіне әрдайым қолдау білдірген әріптестеріне алғысын білдірді.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР