Жамбыл жаңалықтары

Әлі әулеті Әулиеатаның намысын қорғайды

Written by Aray2005

«Отан отбасынан басталады» дейді дана халық. Елдің абыройын асқақтатып, әлеуетін жоғарылатар азаматтардың патриоттық сезімі өз отбасына деген махаббаттан бастау алса керек-ті. Міне, сондықтан да отбасының қоғамда алар рөлін айқындайтын «Мерейлі отбасы» байқауы жыл сайын елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Алдымен аудандарда ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары облыс орталығында бақ сынасты.
Биыл алғашқы кезеңіне 180 отбасы қатысып, оның 44-і облыстық байқауға жолдама алған еді. Сол 44-тің ішінен тағы алтауы барлық талаптарға сай келіп, іріктелді. Ең үздіктердің ішінен Т.Рысқұлов ауданынан қатысқан Әлілер отбасы топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Марапаттау салтанатында облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова жеңімпаздарды құттықтап, Тұңғыш Президенттің қолдауымен жүзеге асқан байқаудың маңызын сөз етті.
– «Мерейлі отбасы» байқауы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен басталған еді. Міне, бүгінге дейін жыл сайын ұйымдастырылып, еліміздегі көпке үлгілі шаңырақтардың ізгіліктерін дәріптеп келеді. Биылғы байқаудан оза шауып, бәйге алғандарды шын жүректен құттықтай отырып, барлық отбасыларға баянды бақыт, елімізге тыныштық, амандық тілеймін, – деп бас жүлдені олжалаған отбасының отағасы Бекқұлы Әліұлына 500 мың теңгенің арнайы сертификатын тапсырды.

Облыс жұртшылығына соғыста хабарсыз кеткендерді іздеп тауып, қуаныш сыйлай білген еңбегімен таныс Бекқұлы Әліұлы көп жылдардан бері «Парыз» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етіп келеді. Осындай көпшіліктің мүддесіне негізделген іспен шұғылдана жүріп, жұбайы Тұрсынкүл Жазықбаевамен бірге 8 ұл-қыз тәрбиеледі. Сол балаларынан 29 немере мен шөбере сүйіп отыр.
– Анам марқұм дүниеге 13 бала әкелген. Алайда бес бауырым саяси қуғын-сүргін кезеңінің құрбаны болды. Көпбалалы отбасынан шыққан біз де отауымызды сәбидің шат күлкісіне толтырғанды қалайтынбыз. Шүкір, Жаратқанның берген ұл-қыздарымен өрісіміз кеңейді. Әулетімізде асарлатып үй салу дәстүрге айналған. Сол арқылы балаларымның барлығы баспаналы болды. Асарлату бауырлар арасындағы бір-біріне деген жанашырлықты, сүйіспеншілікті арттырады. Бұл қасиеттер мызғымас ынтымақтың негізі емес пе?! Міне, бүгін де сол бірлігіміз бен бір арнаға ұйыса білген тірлігіміздің арқасында жеңімпаз атанып отырмыз,– деп Бекқұлы аға құт қонған шаңырағы жайында сыр тарқатты.
Бас жүлдемен бірге республикалық «Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық байқауына жолдама алған Әлілер отбасы енді облысымыздағы отбасылардың атынан қатысып, Әулиеата өңірінің абыройын қорғайды.

Қамар Қарасаева

ПІКІР