Әлі бойдақсыз ба?

0 80

«Махаббат – әлемді құтқарады» дейді. Шынында, осынау бір сезімді бастан өткергендер алабөтен, ғажайып күй кешкендері жасырын емес. Алайда соған қарамастан, кейінгі жылдары елімізде бойдақтардың саны еселеп артуда. Жастардың жұптарын жарастырып, шаңырақ көтерулеріне не кедергі болып жатыр? 15 сәуір – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күні қарсаңында осы сауалмен бойдақтардың өздеріне қайырылған едік.

«Биылдан қалмай үйленуім керек…»

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,
республикалық «Qazaq» газетінің бас редакторы:

– «Неге үйленбей жүрсің?». Бұл мен секілді отыздан асқан сүр бойдақтар үшін әбден жауыр болған тақырып. Әлбетте, сұрап жатса жауаптан қаша алмайсың. Отбасын құруға лайықты қыздың әлі жолықпағанын айтып та «ақталамыз».
Жеке өзіме келетін болсам, белгілі бір ұстаныммен өмір сүретін адаммын. Кез келген істе «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» әдетім бар. Замандастарым студент кездерінде отбасын құрып жатса, мен отағасы, әке атануға іштей дайын болмадым. Аяққа нық тұрғанымда «жеке үйім, жақсы көлігім, тұрақты жұмысым болған кезде үйленемін» деген оймен уақыт оздырып алғаным да рас. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын» да білемін. «Тіршілікте адам екі нәрседен жаңылыспауы тиіс. Біріншісі – жар таңдау болса, екіншісі – мамандақ таңдау» дейді ғой. Соңғысында үйімнің қарсылығына қарамастан өзім таңдаған едім, алғашқысына келгенде де «биылдан қалмай үйленуім керек» деген мақсатты көздеп, асығыстыққа салынбайтыным анық.
Бірақ «тағдыр» деген бар. Маңдайға жазылғанды көресің. Ал жоғарыда айтылғандардың бәрі – жай ғана сылтау. «Адамның айтқаны емес, Алланың бұйырғаны болады». Алла нәсіп етсе, пандемияға қарамай ертең де үйленіп кетуім мүмкін…

«Пандемияның аяқталуын күтіп отырмыз»

Әсел БАҚЫТБЕКҚЫЗЫ,
«Әдемі-ай» дуэтінің әншісі:

– Қазіргі бойдақтардың дені «уақыт жоқ» деген сылтауды алға тартатыны жасырын емес. Алайда мен өнерде жүрсем де отбасын құруды бірінші кезекке қойғанмын. Бірақ әлемдік пандемияға байланысты жоспарымыз сәл кешеуілдеп тұр. Ел алдында жүргендіктен тойымызға келетін жора-жолдас, тамыр-таныстар көп, сондықтан болашақ жолдасыммен ақылдаса келе, карантиннің аяқталуын күтіп жүрміз. Өйткені мен қазақы салтпен үлкен той жасап ұзатылғым келеді.
«Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дейді ғой. Сондықтан менің де бір тойымның болатыны сөзсіз. Әрине, егер пандемия созылып кететін болса, шағын той жасап ұзатылуыма тура келеді. Бірақ соңғы сәтке дейін күтеміз.

«Карантин кезінде келін түсіремін»

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданының әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Отбасылы болу, бала сүю, әке атанудан асқан бақыт жоқ. Бірақ қалыңдық алу үшін қыздарды жіті зерттеп, мінезін барлап барып таңдағанымыз жөн. Өйткені тағдырыңды теңдей бөлетін жан ғой. Ол сенің көңіліңе гүл өсіріп, ашуыңның шоғы қызарғанда сабырының суын себетін жан болуы керек. Әзірге ондай аруды жолықтырмадым. Бірақ кезігетініне сенімдімін.
Ал мына дүниені дүрліктірген індет кезі жалпы жастарға ыңғайлы сәт болып отыр. Қалыңдықты әкелесің, беташарын жасайсың, қалыңмалын бересің, ал тойды кейінге қоя тұрасың. Мұның өзі қалтаға әжептәуір демеу. Кейін той жасауды ұмытып кетсең де ешкім ештеңе демес. Себебі алар қызды алып қойдың. Әрине, бұл әзіл. Десе де мен қазір үйдегі қарт анама келінді қатты іздеудемін. Карантин, пандемия кезінде үйленіп алуға қам жасап жүрмін.

«Виртуалды жігіттер көбейіп кетті»

Ұлжан ШОРАЕВА,
Нұр-Сұлтан қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының менеджері:

– Менің әлі тұрмысқа шықпай жүргеніме – жүрегімнің қалауына сай азаматтың кезікпеуі себеп болып отыр. Жігіт пен қыздың қарым-қатынасында сезімнің болғаны мен үшін маңызды. Екіншіден, есейе келе болашақ жарды таңдауда қорқыныштың көбейіп, сол қорқыныштың алдын алуда белгілі талаптардың пайда болуы да әсер етеді екен. Мысалы жүрегінде иманы бар, білімді, өз-өзіне сенімді, қызметі бар, отбасы және тұрғылықты жері деп кете береді. Осындайларын түгендеп жүргенде уақыт та өте береді. Ер адамдарға келер болсақ, жігіттер қашанда әрекетімен сүйкімді ғой. Ал қазіргі көп жігіттің әрекеті телефонның арғы жағынан аспайды. Виртуалды қарым-қатынасқа байланып алған. Жанды кездесуге, әңгімелесуге, танысуға еш нәрсе жетпейді. Апталап, айлап, жылдап та «WhatsApp» немесе өзге де әлеуметтік желі арқылы күнде қал-жағдайын сұрап, сөйлесіп тұрғанын қыздың жүрегін жаулауда «мықты әрекет» жасап жатырмын деп ойлайтындар бар. Мүлде олай емес! Сондықтан жігіттер тарапынан да виртуалды әрекетпен майдаланбай, батылдық қажет деп есептеймін. Сонда бойдақтардың қатары едәуір азаяр еді.

Міне, бүгінгі бойдақтардың пайымы – осы. Біреуі қызмет деп жүрсе, екіншілері карантин кезінде келін түсіруге жан салуда. Сондай-ақ әлі күнге жігіттердің бойынан мін іздеп жүрген қаракөздеріміз де баршылық екен.
Әрине, біздікі бойдақтардың ойын білу. Ал олар қашан бас құраса да, шаңырақтарынан тек шаттықтың үні естілсін деп тілейміз.

Дайындаған Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.