Алимент өндірудің жаңа әдісі енгізілуде

0 12

Құқықтық мониторинг орталығында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен облыстық Әділет департаменті, құқықтық-статистика басқармасы, жеке сот орындаушылар палатасы басшыларының қатысуымен алимент өндіру мәселесі бойынша жиын өтті.

Басқосуда алдымен сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өз ойын ортаға салды.
– Прокуратура органдарының негізгі қызметтерінің бірі – атқарушылық іс жүргізу саласындағы кәмелетке жасы толмағандардың пайдасына алимент өндіру. Былай айтқанда, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қадағалау жасаймыз. Бүгін біз осы саладағы проблемалық мәселелерді, уәкілетті органдардағы проблемаларды талқылау, сондай-ақ бірлескен жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында жиналып отырмыз. Облысымызда сот орындаушылардың өндірісінде 695 миллион теңгені құрайтын 16 мыңнан аса кәмелетке жасы толмағандардың пайдасына алименттерді өндіру туралы атқарушылық іс құжаттары бар. Бұл бағытта прокурорлық қадағалаудың 74 борышкері әкімшілік жазаға тартылса, 18 борышкерге қатысты іс тергелуде. Дегенмен бұл салада өзекті мәселе жеткілікті және оның шешу жолдарының жаңа тәсілдерін қарастыру керек, – деді облыс прокуроры.
Биыл атқарушылық іс жүргізу саласында облыстық прокуратураның бастамасымен сот орындаушылармен бірлесіп автоматтандырылған IT жүйесі қалыптастырылған болатын. Аталмыш жүйенің нәтижелері мен қызметі жайлы облыс прокурорының көмекшісі Абай Алтаев баяндады.
– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, сот актілерінің орындалуына қатысты ақпараттық іс құжаттар жыл өткен сайын артуда. Облыс бойынша барлығы 113 сот орындаушы бар. Оның 10-ы мемлекеттік сот орындаушылары болса, қалған 103-і жеке сот орындаушылар. Олардың өндірісінде барлығы 148 миллиард теңгені құрайтын 255 мыңнан аса атқарушы іс құжаттары бар. Солардың ішінде жоғарыда айтылғанда 16 мыңнан астам іс құжаттары кәмелетке толмағандардың пайдасына түскен. Ағымдағы жылы прокуратура бұл саладағы қадағалау жұмыстарының нәтижесінде бірқатар кемшіліктерді анықтады. Оның ішінде борышкерлердің мүліктеріне уақытылы шектеулерді қоймауы, олардың қаржы көздерінен қарыздарын ұстамауы, шетелге шектеуі және басқа да жайттар орын алған. Өкінішке қарай мұндай кемшіліктер жылдан-жылға қайталануда. Тек осы жылдың өзінде, прокурорлық актінің негізінде 82 сот орындаушысы тәртіптік жазаға тартылса, оның ішінде екеуінің қызметі тоқтатылды. Орын алған кемшіліктерді зерделеу барысында олардың басым бөлігі адами факторлардың нәтижесінде орын алғаны белгілі болды, – деген Абай Әбдіқапарұлы саладағы азаматтардан түскен шағымдар, сот орындаушыларының жұмысындағы кемшіліктер мен заң бұзушылықтар, сондай-ақ, борышкерлермен табысын жасыру фактілері ескеріліп, жеке сот орындаушыларымен бірлесіп, «Е-Ассистент» автоматтандыру бағдарламасы әзірленгенін атап өтті. Бұдан соң аталмыш бағдарламаның жұмысымен жеке сот орындаушы Тохир Тәшметов таныстырып, жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Жиналысқа қатысушыларға борышкерлердің активтерін автоматты режимде анықтауға, олардың мәртебесін шектеу шараларын уақытылы қолдануға мүмкіндік беретін бағдарламаның артықшылықтары туралы жеткізілді.
Жиын соңында жұмыстың тиімділігін арттыру туралы бірлескен шешім қабылданды.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.