Алмас қылыштай өткір – Жанайдар Сәдуақасов

0 10

Қазақтың аяулы ұлдарының бірі – Жанайдар Сәдуақасов туралы жазуыма түрткі болған Қарағанды облысы Жаңарқа ауданының тумасы Жақсыбай Сүлейменов ағамыз. Бүгінгі таңда сексеннің сеңгірінен асқан ол көзі ашық, қазақтың арғы-бергі тарихын жіліктеп айтып бере алатын шежірешіл жан. Білгенін кейінгі ұрпақ білсін деп қағазға түртіп қоятыны да бар.

Екеуміз 2018 жылы Сарысу ауданының 80 жылдығында Жаңатас қаласында жолығып, біраз әңгіме-дүкен құрған едік. Содан кейін де шежірешіл қартпен байланысым үзілген емес. Сондай әңгіменің бірінде ол: «Осы күні есімдері ұмытыла бастаған азаматтар көп. Солардың бірі һәм бірегейі сенің Жанайдар Сәдуақасов атаң. Сол туралы жазбайсыз ба?» деген еді. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысып, ақырында сол өзі құрған өкіметтің құрбанына айналып, «Халық жауы» атанған Жанайдар туралы әкемнен еститінмін. Айтатыны – менің әкем де Арқаның қазағы. Жанайдармен аталас. Одақ кезіндегі Омбы губерниясының Ақмола уезіне қарасты Сарысу болысындағы Төссаз (қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен елді мекенінде) дүниеге келген Жанайдар менің әкемнен бір мүшел жас үлкен көрінеді. Есейіп, ержеткенде Ақмола мен Омбыда оқығанда Жанайдарлар ағайыны Әділовтер және Жандарбековтермен ауылға келуші еді. Олардың киген киімдеріне, жүріс-тұрыстарына қызыға қарайтынбыз. Жанайдардың әкесі Сәдуақас, анасы Сара Матайқызы болатын. Сара апамыз Сәдуақастың тоқалы. Оны ауылдағылар «Ақ апа» деп атайтын. Бізбен қатарлас еді. Әкем 1912 жылы туған. Сара өте кербез, байыпты, қызыл шырайлы, аққұбаның сұлуы еді. Елдің айтуына қарағанда, Сәдуақастың ағасы Ақмақанға 13 жасында тұрмысқа шыққан. Болыс үйіне қонақтар келгенде жас Сараның сұлулығын айшықтап көрсетіп, басқаларға мақтану үшін оған кимешек кигізіп, шайсандықтың үстіне көрпелер салдырып, биіктетіп отырғызып қояды екен. Білуімізше Сәдуақастың бәйбішесінен 5 ұл, 1 қыз қалады. Олар – Жанайдар (1898 жыл), Сағынай (1900 жыл), Құлтас, Ырзыхан, Жамал, Әмит. Кейін Сәудуақас пен Сарадан 2 ұл, 3 қыз туады: Әсет (1923 жылы – Ұлы Отан соғысынан оралмаған), Зейнеп (1926 жыл), Оңал (1933 жыл), Құрман (1936 жыл), Оңалсын (1937 жыл, жасқа толмай шетінеген). Бұл әңгімені әкейден естігенмін.
Ал енді Жақсыбайдың айтуына қарағанда, Сәдуақас әулетінен (үлкендерінен тірі қалғандары Құрман және Оңал) Құрман бар, қазір ол Нұр-Сұлтанда тұрады. Құрманның қызы Перизат көкесі Жанайдаров туралы кітап шығарған. Перизат бұрын Президент аппаратында қызмет істеген, қазір Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы, тарих ғылымдарының кандидаты. Жастайынан зерек, алғыр болып өскен Жанайдар Сәдуақасов 1917 жылғы Ресейдегі Ақпан көтерілісінен кейін өзі сияқты көзі ашық, көкірегі ояу жастармен бірігіп, саяси өмірге араласа бастайды. Бірақ оның көзқарасының қалыптасуы 1914 жылдан басталған екен. Отаршылдық езгіге, қазақ халқының тәуелсіздік алуына қайтсем үлес қосамын деп армандаған жас жігіттің жаңа идеяларға толы көзқарасын қалыптастырып, большевиктік идеяны қолдауына достары әрі жерлестері С.Сейфуллин, Бәйсейіт, Дінмұхамед Әділов және А.Асылбековтер ықпал етеді. Ол революцияның алғашқы күндерінен Ақмола уездік Қазақ комитетінде болыстық және ауылдық комитеттерді ұйымдастыру жөніндегі инспектор болып қызмет атқарады. 1917 жылы қыркүйек айында Омбыға келіп, ересектерге арналған гимназияға оқуға түседі.
Осы күні Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан большевиктер жөнінде екіұдай пікір айтылады. «Барлық халықтарға теңдік береміз» деген большевиктердің идеясына ілескендерді кінәлайды. Алайда Кеңес өкіметі орнамағанда Қазақ мемлекетінің іргетасының қаланбайтындығын естерінен шығарып алады. «Ұлттық мемлекет құрамыз» деп ниеттенген алашордашылардың соңынан ермеді деп кінәлайды. Құрылмай жатып Батыс, Шығыс деп бөлінген алашордашылардың идеясы дұрыс болғанымен, олардың Азамат соғысы кезінде Колчакқа бүйректерінің бұрылуын Жанайдарлар қаламаған сияқты. Оған С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы дерек дәлел. Онда «алашордашылар» болып оқып жүрген біраз жастардың «Бірлік» ұйымынан бөлініп, Демократиялық кеңес құрылғаны жөнінде айтылады. Солардың ішінде – Жанайдар Сәдуақасов та бар еді. Сол аласапыран жылдары Сібірдегі Чех корпусы көтерілісі кезінде Кеңес өкіметі үшін күрескен қазақтың біртуар ұлдары С.Сейфуллин, А.Асылбеков, Б.Серікбаев, Ж.Нұркиндер ұсталып, адмирал Колчактың озбырлығымен «азап вагонымен» Омбы қаласына жеткізіледі. Ж.Сәдуақасов түрмедегі достарына жеңіске сенім арттыратын хат жолдап, олардың рухын көтеріп отырады. Мұның бұлтартпас дәлелі– С.Сейфуллинге жазған хаты.
Қалай дегенде де Жанайдар Сәдуақасовтың Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқандығын жоққа шығара алмаймыз. Және ақтық демі қалғанша адал қызмет етті. Оған Сәдуақасовтың 1937 жылы жазықсыз жаламен «Халық жауы» атанған кездегі мемлекеттік-саяси басқарманың тергеушісі алдында берген жауабы нақты дәлел. Онда «…Қазақ жастары арасында күшті алауыздық болды. Мен, Ә.Досов, Ж.Сәдуақасов, Т.Арыстанбеков, Семей губерниясынан Айтбақин…, біз бәріміз большевик революциясын жақтадық, ал қалғандары қарсы еді» деген. Жас та болса жолын тауып, С.Сейфуллиндерді Колчактың «азап вагонынан»құтқарып, оған жалған куәлік жасатып беріп, түрмеден қашып шығуға көмектесіп, үлкен азаматтық жасағанын кейін Сәкеннің өзі «Тар жол, тайғақ кешу» романында тайға таңба басқандай етіп жазуы ризашылықтан болуы керек.
Жанайдардың аңдуымен Колчак әскерінің бір бөлігі Балқаш арқылы Қытайға өтпек болғанда Сарысу бойында қолға түседі. Оларды қолға түсіруге белсене қатысқан ағайынды Әділовтер мен Әбдірахман Асылбековтер болса керек. Әрі Колчакқа сыйлық береміз деп жағымпазданған біраз байлардың тарту-таралғысын да жолда тартып алып, большевиктерге, кедей-кепшікке үлестіргені де оның халықшыл екендігін айғақтайды. Сол тұста әскерді қарусыздандырып, Ақмола қаласына жеткізуге Жанайдардың әкесі Сәдуақас пен Сәкеннің әкесі Сейфулла да қатысса керек. Сөйтіп, Кеңес өкіметі үшін жан беріп, жан алысқан Жанайдар және Сәкеннің әкелері де 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы 14 қаңтарда атылды. Өмір бойы ағалы-інілі адамдардай қатты сыйласқан, әрі пікірлес, қызметтес болған Сәкен мен Жанайдардың әкелеріне бір күнде, бір жерден топырақ бұйырды. Өздері құрысқан Кеңес өкіметінің «жауына» айналды. Артынша Сәкен де, Жанайдар да атылып кеткен еді.
Кеңес өкіметінің қитұрқы саясатының құрбанына айналған алашордашылар мен большевиктердің тағдырының аянышты аяқталуы ауызбіршіліктерінің жоқтығынан ба деп те ойлайсың.
Сонымен, 1919 жылы Ақмола өңірінде Кеңес өкіметі орнап, Жанайдарлардың арманы жүзеге асқандай болды. Оған оның кейінгі өмірбаяны куә. Ол 1920 жылы большевиктер партиясына мүше болып кіреді. Қазақ АКСР-і Кеңестердің ІІІ съезіне қатысып, Қазатком мүшелігіне сайланады. Содан алғашқы сессияда-ақ Жанайдар Сәдуақасов ҚОАК-тің жауапты хатшылығына бекітіледі. Екі жыл ішінде Қазақстанның тұңғыш заң жобаларын жасауға басшылық етеді. 1924 жылы Қаржы халық комитеті төрағасының орынбасарлығына тағайындалады. Артынша Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберіледі. Адай уездік революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1928 жылдың 17 қаңтарында Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметіне тағайындалады. Жанайдар Сәдуақасовтің тікелей бақылауымен Тәркілеу туралы декреттің орындалуына тексеру жүргізіліп отырады. Ж.Сәдуақасовтың бастамасы бойынша Қылмыстық кодекстің ІХ бөлімінің нормалары Халық Комиссарлары кеңесінің талқысына салынып, оларды күшейту жөнінде шешім қабылданады. Жанайдар Сәдуақасов Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметінде 1930 жылдың сәуіріне дейін болады. Ол өлкелік партия комитетінің, көлік бөлімдерінің меңгерушісі, Алматы облыстық және қалалық партия комитеттерінің хатшысы, Қазақстан Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары бола жүріп, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторлығын қоса атқарады. Қазақ өлкелік комитеті секретариатының 1930 жылғы
14 желтоқсандағы шешімі бойынша Жанайдар Сәдуақасов «Қазақстан большевигі» («Ақиқат») журналының редакторы болып бекітіледі. Жазушылармен қоян-қолтық араласа жүріп, ол Қазақ совет әдебиетінің болашағы жөнінде көп ой таластыратын, жаңа шығармаларға пікір жазатын қаламгерлерді халықтық рухты қатаң сақтауға әркез жұмылдырып отырады.
Жанайдар Сәдуақасов 1937 жылдың 17 қыркүйегінде тұтқындалып, әкімшіл-әміршіл жүйенің ұйымдастырған науқанында «Халық жауы» деген жалған жаласының жазықсыз құрбаны болды. 1938 жылы 25 ақпанда атылды. 1957 жылы 16 сәуірде КСРО Жоғарғы Сотының шешімімен толық ақталды.
Жанайдар адал да іскер, туған халқының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен қазақ зиялыларының алдыңғы сапында болды. Қандай қызметті атқарып жүрсе де, ол аянбай еңбек ететін, елін шын сүйген азамат екенін таныта білді. Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметінде болған кезінде заң актілерін халық мүддесіне икемдеуге, ұлттық заң кадрларын дайындауға, әйелдерді заң қызметіне тартуға баса көңіл бөлді. Жетімдер үйі мен ұлттық мектептер ашуға белсене кірісті. Тұңғыш қазақ театрының ашылуына тікелей ықпал етті.
Байларды тәркілеу саясатына ашық қарсы болып, Голощекиннің басқару тәсілімен келіспей, өлкелік партия комитетінің ІV пленумында сөз сөйледі. 1932 жылы Ораз Жандосовпен бірге халықты аштықтан құтқару комиссиясын басқарды. Социализм идеясын насихаттау арқылы ол қазақ халқын жаппай ағартушылыққа, озық мәдениетке және бiлiм мен ғылымды меңгеруге шақырды. Қазақ халқының рухани және мәдени өмiрiне елеулi үлес қосты.
Осылайша жасындай жарқылдаған асыл азамат Жанайдар Сәдуақасов сол кездегі қазақтың беткеұстар қаймақтары Сәкен Сейфуллин, Ұзақбай Құлымбетовтермен бірге «ұлтшыл», «жапонның тыңшысы» деген жаламен «халық жауы» атанып, 1938 жылы 25 ақпанда атылды. Тергеуде шашын жылмитып тараған, арықтау келген, боз көзді тергеуші Жанайдардың басына бәле-жаланың неше түрін үйіп-төкті. «Сен баяғыда «Бірлік» ұйымында жүргеніңде Алаш Ордаға бүйрегіңді бұрғансың. 1925 жылы ағайындарың Байсейіт және Дінмұхамедпен қосылып, Кеңес өкіметінің өкілдері Қараноғай және Шаланы Шу өзенінің ойығына тастап, өлтіруге қатыстың. Дінмұхамед Әділовтің Қоқандағы Мұстафа Шоқаймен кездесуіне көмектестің. Ата-бабаларың Ақмақан, Жалмақандар өз әкең Сәдуақас мыңғырған малы бар бай болды, болыстыққа сайланды, ататегіңді жасырдың. Сәкен Сейфуллин, Әбдірахман Асылбеков, Смағұл Сәдуақасов, Ұзақбай Құлымбетов барлығың бірігіп, ұлттық-буржуазиялық топ құрдыңдар. Жапонияға тыңшылық жасадыңдар», деді әлгі сұмырай. «Мен адал коммунист болдым. Ешқандай сатқындық жасаған жоқпын» деуден жаңылмаған Жанайдарды айуандықпен азаптады. Өлімші етіп тастап, өздері қолдан, ойдан құрастырған өтіріктерін қағазға түсіріп, ақыры «мойындатып», қолын қойғызды. Бұл жазалаудың соңында ұлт үшін күрескендердің топтасуынан қорыққан жымысқы саясат жатқан. Оған сол кездегі өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Мирзоянның Сталинге айтқан: «Иосиф Виссарионович, қазақтың бас көтерерлерінің түгелге жуығын жоқ қылдық. Мұхтар Әуезов сияқты бірен-сараны ғана қалды. Осымен жазалауды тоқтатсақ қайтеді?» деген сөзі куә. «Ұлы көсемге» Мирзоянның бұл сөзі ұнамады. «Мынаны айтып тұрған бұл ит ертең біреуге қайталап үріп жүретіні ақиқат. Ертерек үнін өшіру керек» деп жаналғыштарына ымдады. Көп ұзамай Мирзоян да Жанайдарлардың кебін құшып, «Республикада идеологиялық жұмысты ақсатып жібергені үшін» деген желеумен «Халық жауы» атанып, аяғында атылып тынды. Сталиннен «Сіздің тапсырмаңызды асыра орындау үшін тағы да мың адамға тапсырыс беріңіз» деген байғұс, өзі мың бірінші болып о дүниеге кете барды. Мұны түсінбеген қара халық: «Сталиннің ақылдысын-ай, Мирзоянның да көзін құртты» деп мәз болысты.
Көп ұзамай Жанайдардың әйелі Елизавета Александрқызы «халық жауы» жанұясының мүшесі ретінде тұтқынға алынып, «АЛЖИР»-де азапты жылдарын бастан кешірді.
– Жанайдар мен Елизаветадан Рүстем атты жалғыз ұл қалды, – дейді Жақсыбай аға.
Оны Елизаветаны ұстап әкетер алдында сіңлісі «түрмеде бекерге өліп қалады. Одан да асырап алайын» деп алып қалады. Фамилиясын өзінің күйеуінің тегіне Мангелдин деп жаздырады. Бір қызығы, әпкелі-сіңлілі екеуі де қазаққа тұрмысқа шыққан екен. Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі жаналғыштардан бас сауғалаған Мангелдиндер Ташкентке көшіп кетеді. Сол жақта Рүстем мектепті «өте жақсы» деген бағамен бітіріп, Орта Азия мемлекеттік университетінің геология факультетін тәмамдайды. Ол да әкесі сияқты алғыр болып өсіпті. Әрі ғылым жолын таңдаған сияқты. Аз ғана уақыт ішінде тау жыныстарын зерттеп, геология саласының ірі маманына айналады. Кандидаттығын Мәскеуде, докторлығын Санкт-Петербургте қорғап шығады. Жас ғалым өзінің дарынының арқасында әуелгі кезде Өзбекстан Ғылым Академиясында, одан кейін Қырғызстан Ғылым Академиясында қызмет етеді.
1957 жылы 16 сәуірде КСРО Жоғарғы сотының шешімімен Жанайдар да, оның әкесі Сәдуақас та ақталады. Сол жылымықты пайдаланған Жанайдардың інісі Құрман ағасын іздестіре бастайды. Алматыға барғанда зиялы қауым өкілдерінен: «Мына Қырғызстанда Мангелдин деген қазақ ғалымы бар. Өзінің ататегін жасырады екен» деген әңгімені естиді. Соны естіп, Құрман Фрунзеге (Бішкекке) жол тартады. Кеңес өкіметінің қудалауынан әбден зәрәзап болған Мангелдин бұларды алғашқы кезде өзіне жолатпай қойған тәрізді. Келесі жолы әпкесі Оңалды ертіп алып, Бішкекке қайта жол тартады. Қанша дегенмен тектінің тұяғы емес пе, Рүстем ана тілін ұмытпапты. Бірақ ашылып сөйлемейді екен. Суыртпақтап отырып әкесінің Жанайдар Сәдуақасов екендігін зорға айтады. Сөйтіп, бауырлар 34 жылдан кейін қайта қауышады. Сұрастырса, шешесі Елизавета Александрқызы Ташкентте тұрады екен. Рүстем Мангелдин туған анасының мекенжайын берген көрінеді. Алайда Сәдуақасовтар жеңгелерімен кездесе алмаған. Содан не керек, Құрман және Оңал Рүстемнің отбасымен араласып тұрыпты. 1970 жылдары Құрман Рүстемді осы күнгі Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданына қонаққа шақырады. Аудан ол кезде жаңадан ұйымдастырылған Жезқазған облысына қараған. Құрман еті тірілігінің арқасында облыстық Атқару комитетінің төрағасы Хамза Жұмабековке жолығып, мән-жайды түсіндіреді: «Қанша дегенмен асылдың тұяғы емес пе? Қырғыздар төбесіне хан көтеріп, Геология министрі етіп тағайындапты. Жай қазақтың бірі емес, ірі қазақ. Қонақ етсек, ат та табылар, ас та табылар. Жат жерге келдім демесін, мәшине мінгізіп, құрметтейік» дейді ғой баяғы. Жұмабеков те Жанайдардың жақсылығын көрген азаматтың бірі болса керек, «Алматымен сөйлесіп, бұл мәселені шешіп беремін», деп жауап беріпті. Алматыға барған кезінде сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеттің Бірінші хатшысы Д.Қонаевқа жолығады. Димекең де ұлтжанды азамат. Хамзаны мұқият тыңдап болып: «Мұның жөн екен. Жетім қыздың тойы болмасын, қазақтай текті елдің ұлы екенін сезінсін. Совминге айтып, бір «Волганы» бөлдіртейін, ары қарай өздерің ретке келтіріңдер», дейді. Димекең уәдесінде тұрды. Ай өтпей жатып, Рүстем отбасымен Жаңаарқа ауданына қыдырып келді. Аудан, облыс басшылары асылдың сынығын құшақ жая қонақ етті. Ата-бабасының жерін көрсетті, елін таныстырды. Қанша дегенмен қан бар емес пе. Орысша тәрбиемен өссе де, Рүстем көзіне жас алып, елге ризалығын білдірді. Хамза Жұмабековтің өзі «Волганың» кілтін тапсырды. Рүстем тебіреніп тұрып облыс басшыларына рақметін айтып, мәшиненің кілтін ағасы Құрбанға табыстады. Аздап қалжыңы бар екен: «Министрге мәшине көп қой» деп күлді. Оның үстіне Кеңестік дәуірде мемлекеттік қызметте жүргендер мұндай сыйақы алмайтын кез. Соны меңзеген Рүстем әкесі сияқты өзінің парасаттылығын танытты.
Жақсыбай ағаның айтуына қарағанда, Сәдуақасовтар әулеті содан кейін біраз жыл араласып тұрған. 1983 жылы Жанайдардың әйелі Елизавета Александрқызы қайтыс болады. 1993 жылы асылдың тұяғы Рүстем Мангелдиннің де жүрегі мәңгіге тоқтады.
Мен Жақсыбай ағадан Рүстемнен тұяқ қалды ма деп сұрастырдым. Шежірешіл аға ол жайлы бауырлары Құрман мен оның қызы Перизаттан сұрауға кеңес берді. Індетіп сұрауға менің де уақытым болмағанына өкінемін.
Алайда қазақ халқына дарынды ұлдар сыйлаған Сәдуақасовтар әулетінің жақсылығын ұмытуға бола ма? 1930-1932 жылдардағы қазақ халқының үштен бірін жалмаған ашаршылық жылдары Ораз Жандосов екеуі Сарысу, Талас өңіріне келіп, қынадай қырылып жатқан халықты отырықшылдыққа үндеп, орталықтан азық-түлік алдырып, елді аштықтан аман алып қалуға көмектескенін өз көзіммен көрдім деуші еді әкем. Сол жылы ауданға Қазақстан Үкіметінің басшысы Ұзақбай Құлымбетов те келіпті. Біраз жыл өткен соң Құлымбетов «халық жауы» атанып, тұтқынға алынып, сотталайын деп жатқанда Жанайдар оны қорғап сөйлесе керек. Ондайда «қырағы көз» НКВД-нің жаналғыштары кімді аясын. Дереу Қазақстанның басшысы Мирзоян мен өздерінің жарылқаушысы Гардамаринге әңгімені жеткізіп, айналасы бір аптаның ішінде Жанайдарды «халық жауы» етіп шығарады. Кешегі әріптестер 1 күнде жауға айналып, ақыры оның көзін жойып тынады. Оның алдында ғана әкесін «халық жауы» етіп тынған «үштіктер» осылайша бір әулеттің шаңырағын ортасына түсіреді.
Тарих кеш те болса әділдікті қалпына келтірді. Профессор Х.Әбжанов «Жанайдар Сәдуақасов» атты ғылыми-зерттеу мақаласында оның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін бүгінгі күн биігінен зерделей отырып, Ж.Сәдуақасовты «ұлт мүддесін қорғаған басшы» деңгейінде ұлықтаған. Оған берілген әділ баға осы шығар.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистикасының қайраткері, Халықаралық «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері,
Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.